Тұрғын үй нарығы тоқырап тұр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6428

"Кім, қай бағдарламаны таңдаса да, ең әуелі қалтасына қарайды".

Тұрғын үй нарығы тоқырап тұр

Қазан айындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй құрылысына қарастырған несие портфелі 12,7 трлн теңгені құрады. Бұл  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% кем көрсеткіш.

Жасыратыны жоқ, халықтың қаржылық жағдайы "Баспана" ипотекалық ұйымының "Баспана хит" сондай-ақ "Қазақстан Ипотекалық Компаниясының" "Орда" бағдарламаларын былай қойғанда, "7-20-25" бағдарламасымен де үй алуға жетпей жатыр. Ел азаматтарының басым бөлігін тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі (ТҚЖБ) жинақтары құтқаруда. Адамдар жылдар бойы тірнектеп жинаған ақшаларына ТҚЖБ арқылы үй алғанды жөн көруде. Бұған ТҚЖБ-ның төмендегі мәлімдемесі дәлел.

"Ипотекалық несиелендіру көлемі бір жылда14%-ға ұлғайып, 1,2 трлн теңгеге жетті", – деп хабарлады ТҚЖБ-ның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, келесі жылы ТҚЖБ тұрғын үй бағдарламасы арқылы қолданысқа жалпы ауданы 910 мың шаршы метрді құрайтын 15 мың пәтер беруді жоспарлап отыр. Ал 2020 жылы пәтерлердің жалпы ауданын 1 миллионнан асырып, санын 18 мыңға жеткізу көзделген.

Қыркүйек айында іске қосылған "Баспана хит" бағдарламасына келетін болсақ, күні бүгінге дейін небары 30 өтініш мақұлданған. Яғни "Баспана хит" әзірше өзін-өзі ақтаған жоқ.

Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығы сараптама комитетінің  төрағасы Нина Лукьяненконың сөзінше, "Баспана хит" тұрғын үй нарығын жандандырғанмен, несие беруде алға шыға алмайды.

"7-20-25" бағдарламасымен үй алуға шамасы жетпей отырған адамдар жаппай "Баспана хит" арқылы 11%-бен үй алуға ұмтылады дегенге сену қиын. "Баспана хит" бағдарламасы бойынша қарыз 15 жылға ғана беріледі. Бұл адамдарға кедергі келтіруі мүмкін, себебі халықтың басым бөлігі тұрғын үйге берілетін несиені 20-25 жылға рәсімдегісі келеді", – деді Нина Лукьяненко. Ал Astana Best Consulting Group компаниясының экономисі Арман Байғанов: "7-20-25" бағдарламасымен қайталама нарықтан үй алуға болмайды. "Баспана хит" пен "Орда" бағдарламаларында бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да үй алуға рұқсат берілген. Бұған қоса бұл бағдарламалар үй сатып алғысы келген адамның пәтерінің бар немесе жоқ екенін назарға алмайды. Бірақ соңғы екі бағдарламаның пайыздық мөлшермесі алдыңғы бағдарламаға қарағанда жоғары. Таңдау халықтың еркінде. Десек те таңдауға тұсау саласын бір жайт бар. Ол – қаржылық мүмкіндік. Кім, қай бағдарламаны таңдаса да, ең әуелі қалтасына қарайды",  – дейді.

Айтпақшы бұрнағы күні Дүниежүзілік банктің Орта Азия бойынша жетекші экономисі Азии Хулио Ревилла "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі оператор ҚР Ұлттық банкі емес, ҚР қаржы министрлігі болуы керек екенін мәлімдеді.

"Әдетте басқа елдерде қаржы министрлігі әлеуметтің әлсіз тобына төмен пайызбен несие ұсынады. Тұрмысы төмен адамдар банкке барып, несие рәсімдеп, үй алады. Ал қаржы министрлігі пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды", – деді шетелдік экономист.

Оның ойынша, "7-20-25" бағдарламасының идеясы жақсы, жүзеге асырылуы нашар.

"Менімше, "7-20-25" бағдарламасының негізгі операторлығына Ұлттық банкі бекіту қате шешім", – деді сарапшы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу