Тұрғындар "Атамекеннен" үміт күтеді

Қажет Андас Қажет Андас
2886

Алматы облысында әлі күнге электр жарығына жарымай отырған елдімекен көп.

Тұрғындар "Атамекеннен" үміт күтеді

Тұрғындар саны уақыт өткен сайын артып келе жатқан Панфилов ауданында жарықтың "жыры" бітетін емес. Электр энергиясының жетіспеушілігі салдарынан тоққа түсіп, адам өлімімен аяқталған аянышты жағдайдың тіркелгенін көрдік. Құлаш-құлаш арыз арқалап, жоғары-төменге шапқылап, табанынан тозған жұрттың салы суға кетіп, енді бұл іске депутаттар араласа бастады.

"Қазір Панфилов ауданының 11 елдімекенінде заңсыз тартылған 42 шақырым электр желісі болса, бір ғана Шолақай ауылындағы 200-ден астам отбасы жарыққа жарымай отырғанына 10 жылға жуықтады. Кешке қарай сығырайған шамның түбінде сүлкіні түсіп сабақ пысықтап отырған балаларды көріп жаның ашиды. Тәртіпсіз тартылған электр желісінен қай күні қызыл жалың бүрқ ете қалады деген уайымнан арылмайтын болдық. Осы мәселені көтеріп, әр деңгейдегі әкімдерге бірнеше рет депутаттық сауал жолдап едік, мардымды жауап келмеді", – дейді Панфилов аудандық мәслихатының депутаты Құрманжан Ахметқалиев.

Дәл осындай жағдай Алматы облысының бірнеше ауданында және Талдықорған қаласының маңындағы саяжайларда кездеседі.

Десе де, Жаркенттегі жағдай одан күрделі.  Кезінде шетелден және ішкі көші-қон бойынша көшіп келген қандастарымыздың мәселесін шешіп беру мақсатында ауыл әкімдері көңілшектік танытып, инфрақұрылымы қарастырылмаған жерден оларға жер телімін беріп, өз қаржысымен баспана тұрғызуға көмектесті. Алайда, сол тұрғын үйлер ауылдық елдімекеннің жоспарында көрсетілмегендіктен, біртұтас электр желісіне қосуға келгенде қиыншылық туындаған. Сонымен тұрғындар қаржы жиып, үйді-үйге өздері жарық жеткізіп алған. Олар тағы да қаржы жиып, трансформатор  сатып алуға әрекеттенсе де оны құжаттандыру ісінде кедергіге тап болады. Содан бері біраз жыл өткенімен мәселе шешілмей келеді. Қыс, көктем айларында жел соғып, ауа райы бұзылғанда жарық сөніп, апталап қараңғы үйде отыруға жұрттың еті үйреніп қалыпты. Кейінгі жылдары Жаркентті бетке алып көшетіндердің қарасы көбейген сайын арыз-шағым да арта түскен.

Сұрастырып көргенімізде, Алматы облысын электр энергиясымен "ТАТЭК" АҚ қамтамасыз етеді. Бірақ  оларды кіналау орынсыз екен.

"Бұл жағдайдан біздің де хабарымыз бар. Бірнеше рет Алматы облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына, аудандық, ауылдық әкімдіктерге заңсыз тартылған электр желілерін балансқа алып, заңды тәртіпке келтіру керектігі жайлы ұсыныс білдірдік. Айта берсек, осы заңсыз тартылған электр желілерінен жоғалған тоқ біздің мекемені де шаш етектен шығынға батырып келеді", – дейді "ТАТЭК" АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Гүлнар Адамбекова.

Гүлнар Ермұхамбетқызының айтуынша,  "ТАТЭК" АҚ-ның он бір аудандық электр желісі, он жеті тарату пункті бар. Олар 323 елдімекендегі 118,5 шаршы шақырым аумаққа, 185473 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Электр желісінің ұзындығы 12 шақырымды құрайды.

"Былтыр "ТАТЭК" АҚ өңірлік желілерді жаңғырту бойынша жалпы 508 млн теңге игерді. Осы қаражат есебінде Үшарал, Бескөл, Сарыөзек, Сарқан елдімекендеріндегі электр желілері жаңартылды. Биыл қайта жаңғырту бойынша бөлінген 606 млн теңге қаржының есебімен Жаркент қосалқы стансасындағы 16000 кВа күштік трансформаторы Т-2 қуаты 25000 кВа-ға ауыстырылуда", – дейді "ТАТЭК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Манат Сауранбаев.

"ТАТЭК" АҚ  Жаркент аудандық электр желісі мекемесінің басшысы Талғат Инсеновтың айтуынша, аудандағы 42 шақырым заңсыз тартылған электр желісінің техникалық құжаттарын дайындауға 12 млн теңге, оны толықтай жаңғыртудан өткізуге 200 млн теңге қаржы қажет екен. Бұған Жаркент аудандық электр желісі мекемесі емес, "ТАТЭК" АҚ-ның қуаты жетпейді.

Көнерген, тозған, қолданыстан шығып қалған электр желісін жаңғыртуға "ТАТЭК" АҚ жыл сайын 500-600 млн теңге көлемінде қаржы бөліп келеді. Осылай есептегенде олар өздеріне тиесілі 12 мың шақырым электр желісін 25 жылда толықтай жаңғыртып болады. Демек, заңсыз тартылған электр желісін жаңғыртатын қыруар қаржыны олар қайдан табады?!

"Бізге электр энергиясын тұтынушылардың көбейгені жақсы-ақ. Ол өз кезегінде электр энергиясының бағасын арзандатуға сеп болады. Ал заңсыз тартылған электр желілері жергілікті әкімдіктің, энергетика, тұрғын-үй шаруашылығы басқармаларының балансы арқылы бізге өткен жағдайда ғана оларды есепке алып, тиісті жұмыстарына қаржы қарастыра аламыз", – дейді Гүлнар Адамбекова.

Қысқасы, әкімдіктер мен энергетика, тұрғын үй шаруашылығы саласы осы шығыннан қашып, заңсыз тартылған электр желілерін өз балансына алғысы келмейді. Оның зардабын тұрғындар тартып келеді.

"Билік пен бизнес бірлесіп, бірқатар қиыншылықтарды шешім еткенін көрдік. Енді "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасынан үміттеніп отырмыз. Мүмкін, солардың араласуымен мәселе шешіліп қалар", – дейді әкімдіктің есігін тоздырып біткен ауыл тұрғындарының бірі.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу