Тұтынушыларға тиесілі қаржы қайтарылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3834

Елімізде тұтынушылардың жылу энергиясына жұмсалған былтырғы шығындары қайта есептеліп, 900 млн теңгеден астам қаржы кері қайтарылатын болды. 

Тұтынушыларға тиесілі қаржы қайтарылады

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Асан Дарбаевтың айтуынша, тұтынушылар жылу маусымы кезіндегі сыртқы ауаның нақты температурасын ескеріп, жылу энергиясына жұмсалған қаражаттарды қайта есептеуге қатысады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, республика бойынша қайта есептеуден артылған 900 млн теңге өз иелеріне қайтарылмақ.

"Әрине, бұл қаржы тұтынушыларға қолма-қол ақша ретінде берілмейді. Тұрғындардың жылу энергиясына төлейтін қаржысынан шегеріліп отырады. Ал қайтарылған қаржы туралы ақпарат түбіртекте көрсетілетін болады. Мәселен, астаналықтарға 1,7 млн теңге, алматылықтарға 289 млн теңге, қарағандылықтарға 233 млн теңге қайтарылмақ", – деді Асан Дарбаев.

Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл заң бұзушылық болып табылмайды. Уәкілетті орган тарапынан бақылау жоқ дегенді де білдірмейді.

"Бұл жерде жылыту маусымындағы нақты температура есепке алынады. Егер ол күткендегіден төмен болса, демек субъект оған аз энергия жұмсады. Яғни белгілі бір мөлшерде артық ақша тапты. Бұл пайда тұтынушыларға кері қайтарылуға тиіс", – деді мән-жайды түсіндірген Асан Дарбаев.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Рустам Ахметов еліміздің көмір нарығындағы ахуал туралы баяндады.

"Біз көмір компаниялары тарапынан заң бұзушылықтың орын алғанын яки алмағанын анықтау үшін тексеру жұмыстарын бастадық. Қазіргі таңда көмір өндіретін үш компаниядан ("Шұбаркөл" АҚ, "Қаражыра" АҚ және "Майкөбен Вест" ЖШС) және көтерме сауда нарығындағы 100-ге жуық субъектіден ақпарат сұратылды. Бұл ретте, бағаның құбылуына әсер ететін көптеген делдалдар бары анықталды. Мұның салдары көмір бағасының үш есеге өсуіне алып келуде", - деді Рустам Ахметов.

Оның айтуынша, елімізде көмірдің тауар нарығы реттелмейді. Яғни бағаны мемлекет емес, сол нарықтың қатысушыларымен белгіленеді. Ал өндірушіден орындаушыға дейінгі өнім бағасының бірнеше есе өсуі заңнаманы бұзу деп есептелмейді.

"Егер нарықтың бірнеше қатысушысы баға тұрғысынан өзара келісімге келсе немесе өнімнің сатылымын шектесе, осының салдарынан баға шарықтаса, бұл антимонополиялық заңнаманы бұзу болып табылады. Иә, көмір бағасының бірнеше есеге өсу фактісі тіркелді. Біз нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар ұсыныс дайындадық", – деді Рустам Ахметов.

Ол табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті 2017 жылдың ақпан айынан бастап бәсекелетікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау үшін заңнамаларды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Қазірдің өзінде бәсекелестікке кедергі келтіретін 2 мыңға жуық норма анықталған.

"Сондай-ақ комитет жанар-жағармай бағасының көтерілуіне қатысты тексеру жүргізді. 2016 жыл мен 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында мұнай өнімдерінің бөлшек сауда нарығындағы 47 субъектіге қатысты тергеп-тексеру аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 960 млн теңге әкімшілік айыппұл белгіленді. 12 субъекті бойынша сот шешімі комитеттің пайдасына шешілсе, үшеуіне қатысты әкімшілік іс тоқтатылды. 32 субъектіге қатысты әкімшілік іс соттың қарауында", – деді Рустам Ахметов.

2015 жылдан бастап еліміздегі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жаңа тариф саясаты аясында жүзеге асырылуда. Асан Дарбаевтың сөзінше, жаңа саясаттың мақсаты – тарифтерді көтеру емес, керісінше салаға инвестиция тарту. Бүгінде табиғи монополиялар субъектілерінің шамамен 95%-ы шектік тарифке көшкен.

"Жаңа тариф саясатына сәйкес, компаниялар инвестициялық бағдарламаларды қолға алуға міндетті. Бұл ретте 2015-2021 жылдар аралығында табиғи монополиялар саласына 2,2 трлн теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. 2021 жылға дейін 500 шақырымнан астам жылу желісін жаңғырту және қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Сондай-ақ дәл осындай жұмыстар су шаруашылығы саласында да қолға алынып, 700 шақырымдық желіге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар 1300 шақырымнан астам электр желілерін қалпына келтіруге инвестиция бөлінбек. Бұл ретте шамамен 1 мың трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізілетін болады", – деді Асан Дарбаев.

Қолға алынатын іс-шаралар қолданыстағы активтердің техникалық жағдайын жақсартып, апаттық жағдайлардың деңгейін төмендетпек әрі ұсынылатын қызметтің сапасын жақсартпақ. Асан Дарбаев инвестициялық бағдарламалардың орындалуы қатаң бақылауда болады деп сендірді. Егер субъектілер өзіне жүктелген міндеттемені орындамаса, уәкілетті органдар тарапынан жазаланбақ.   

 Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу