Түрік тойы экономикасы

Жадыра Қангелді Жадыра Қангелді
13102

Түріктер дастарқан байлығына аса мән бермейді. Тойда тек тәтті десерт ұсыну қалыпты жағдай. 

Түрік тойы экономикасы

Ақ түсті қалыңдық көйлегі 20-ғасырда бір-ақ сәнге кірді. Арақ-шарапты тойда көбіне Түркияның батысында, ірі қалаларда қояды. Қайсыбір кәделерді оңтайландырған. Еуропа мәдениетінің ықпалы осымен шектеледі. 
 
Дәстүр қалай өзгерді?
Жалпы, Түркияда салт-дәстүрге құрмет жоғары. Ең "заманауи" деген отбасы кемінде екі жүз адамсыз той жасамайды. Жауапкершілік ер жігіттен талап етілетін басты қасиет. Сол себепті, үйленбес бұрын жеке немесе жалдамалы баспананы жиһазға, керек-жараққа толтырады. 
Қонақтар жастарға тек алтын шақа, ақша сыйлайды. Ал, жақын туысқандар қалыңдықтың қолына үлкенді-кішілі алтын білезік тағады. Кемі 3-4 мың доллар болатын бұл бұйымдардың жөні бөлек. 
Ажырасқан не ері қайтыс болған жағдайда әйел адамға сүйеу болмаққа бағытталған. Дін талабынан туындаған үрдіс. Бүгінгі күннің өзінде отбасы қажеттілігіне жұмсауды ер адам өзіне намыс санайды. Заң тұрғысынан да, әйел адамның жеке бас меншігі: ерлі-зайыпты оны жаратып қойған болса, ері орны толтырылады. 
 
Заманға сай үйлесім
Әдетте, қаладағы тойларда қонақтарға түрік тәттілерін, жаңғақ пен сусын ғана (көп жағдайда кола не лимонад) ұсынады.
Қалада уақыт та қат: той үш сағаттан аспайды. Ал, басқа қаладан досын тек құттықтап, сыйлығын табыстауға келген адамның тойға қалмауы ешкімді таңдандырмайды.
 
Жөн-жоралғы шығыны
Ауылдық жерлерде  әлі күнге дейін қонақтарға арнап қазан-қазан тамақ пісіреді. Қатарынан бірнеше күн тойлап, көптеген жөн-жоралғы жасалады.
Әңгімеге тартқан Харун есімді түрік жігіті беташарды "Нишанға" ұқсататынын айтады. "Нишанды" құдаласу деп біле беріңіз. Одан бұрын қыздың үйіне барып ниет білдіру, сосын "сөз кесме" деп аталатын дәстүрлері тағы бар. Түріктердің "Қына кешіне" ықыласы бөлек (қазақтың кәдімгі ұзатуы). 
Түркияда жылына 600 мың жұп шаңырақ көтереді. Орташа шығын – үй жабдықтары, той киімі, әшекей бұйымдар, жөн-жоралғы, ел курорттарындағы қысқа мерзімді демалысты және тойдың өзін есептегенде 2015 жылы 50 мың лира болған. Ол уақытта доллардың түрік валютасына шаққандағы құны 2,6 лира деп есептесек, бұл әр жұп шамамен 19 мың доллар жұмсайды деген сөз. Мемлекет статистикасы шындыққа жанасатын секілді. Өйткені, түріктердің онлайн форумдарында қатардағы жұрт осы сомаға тоқталады. 
Оның ішінде, орта есеппен:
• той салонына – 15 мың лира (5800 $);
• алтын – 13 мың лира (5000 $);
• жиһаз – 12.500 лира (4800 $);
• электрондық жабдықтар – 6000 лира (2300 $);
• "Нишан" және "Қына кешіне" – 3500 лира (1400 доллардай);
• кілем-перде – 2000 лира (800 доллардай).
Статистикаға сәйкес орташа қонақ саны – 240 адам. Бірақ, қалтасы көтерсе қымбат қонақ үйдің төрінде шалқытып тойлайтындар да бар. Сондықтан, кейбір тойда адам саны 2 мыңға жетіп жығылады.
Түркияның 80 миллион халқы той кәделері мәселесінде ерекшеліктерге ие. Елдің оңтүстік-шығысында қалың мал бергенмен, басқа қалаларда орнына ана сүті деп сыйлық жасалады. Дегенмен, қалыңдық жасауын жастайынан жинау дәстүрі бірдей сақталған. Киім-кешектен бөлек, жатын бөлмесі жиһазы мен ыдыс-аяқ алады. Көп машақат жігіт жақтың мойнында дегенмен, тойда түсетін ақша мен алтын шақа кеткен шығынның басым бөлігін жиі ақтап жатады. 
Дамыған экономика әлде түріктердің еңбексүйгіштігі сеп пе, әдетте жас жұбайлар бірнеше бөлмелік пәтер жалдап, аса қиналмай тұра беретін көрінеді. Елде жиһаз қымбат емес, ал меншік иелері жалдаушығарға тек үйдің кілтін береді. Сонымен қатар, "таксит" ұғымы бар. Жиһаз бен электрондық жабдықтардың арнайы жиынтығын үстеме ақысыз бөліп төлеуге береді. 
 
Мемлекет қол ұшын созды
Демографиялық өсімді көздеп, ақшадан тарыққан жастарға қолдау көрсету жақында қолға алынды. 2015 жылдан бастап некелеспек қыз-жігітке 10 мың лираны (3-4 мың доллардай) 4 жылға үстемақысыз береді. 2000 долларға ең қарапайым той салтанатын өткізуге болатынын ескерсек, мемлекеттің көмегі әжептәуір сүбелі деуге келеді. Талаптар келесідей – қыз бен жігіт үшін бұл бірінші неке болуы шарт. Көмекті 18-24 жас аралығындағы, қылмысқа қатысы жоқ, шынында мұқтаж жастар ғана иеленеді. Берілген қаржыны жас жұбайлар бір жылдан кейін ғана өтей бастайды, дүниеге бала келсе, төлем тағы бір жылға шегеріледі.
Ал, тұтынушылық несие үстемақысы Түркияда 15%-тен аспайтынын айта кету керек.
Атап өтерлігі, біздегідей, Түркияның онлайн форумдарында той шығыны көлемін айтып мұңаятын жастар бар. Қайсыбірі бұл ақшаға бал айына барып келуді жөн көреді. Алайда, мұндай ой-пікірдің қарасы, қазақстандық форумдарға қарағанда, тым сирек. 
Жадыра Қангелді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу