Туристер Алакөлге әуе жолымен жетті

Қажет Андас Қажет Андас
3468

Бүгін Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында әуежай пайдалануға берілді.

Туристер Алакөлге әуе жолымен жетті

Екі жыл бойы алакөлдіктердің білек сыбана кіріскен еңбегінің нәтижесінде Үшарал әуежайы жоспарланған уақытта бітті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңадан салынған алғашқы әуежай ретінде тіркелген нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Үшарал қаласынан 12 шақырым, ал көл жағалауынан 86 шақырым қашықтыққа орналасқан әуежайға алғашқы болып "Жетісу" әуекомпаниясының "Талдықорған-Үшарал" бағытындағы "UP – Y4025" және "Астана – Үшарал" бағытындағы "UP – Y4020" жолаушылар тасымалдайтын ұшақтар келіп қонды.

Оның бірі жаңа нысанның ашылуына келген облыс басшыларын, енді бірі Астана қаласынан алғашқы рет Үшарал әуежайына қадам басқан туристерді жеткізді.

 "21 шілде Астанадан Алакөлге ұшақпен бірінші рет жеткен турист ретінде есімде қалатын болды", – дейді танымал журналист, блогер Әуесбайдың Қанаты.

Бұл күні құлдыраңдап қонақтарға гүл ала жүгірген балалардың қуанышында шек жоқ. Үлкендер жағы да құтты қонақтармен емен-жарқын әңгімелесіп, мәре-сәре болысты. Осындай сәтте облыс Әкімі Амандық Баталов көпшілікті қуанышымен құттықтады.

"Бүгін бәріміз үшін – тарихи күн. 2014 жылы елбасы облысымызға жұмыс сапармен келгенде Алакөл көлінің  туристік әлеуетін дамыту туралы тапсырма берген еді. Осыған сәйкес 1 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, жаңа әуежай бой көтерді", – деді облыс басшысы.

Бұл орында 1970 жылы әскери мақсаттағы әуежай салынып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын тоқтатып, нысандардың тағанынан басқа түгі қалмай тоналып кеткен. Сол орында әуе көліктерінің ЯК-40, АН-24, Ембраер-124, Сиэрджи-200 және тік ұшақтардың кез келген түрін қабылдайтын жаңа әуежай жарқырап тұр.

"Жаңа әуежайдың ашылуы туристер санының өсуіне ғана емес, жалпы аймақтың дамуына үлкен серпіліс әкелгелі тұр. Бұнда 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ол бір мезетте 50 адамға қызмет көрсетеді. Келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады деп күтілуде", – дейді аудан әкімі Әлібек Жақанбаев.

Нысанның құрылысын "ASD Group" ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Мұнда "Жетісу" әуекомпаниясы қызмет көрсетеді. Енді Үшарал әуежайы аптасына төрт рет "Астана-Үшарал-Астана" және үш рет "Талдықорған – Үшарал – Талдықорған" бағытындағы әуе рейстерін қабылдайтын болады. Ал күзге қарай "Алматы-Талдықорған-Алматы" әуерейісі іске қосылады деп күтілуде.

"Рейстердің бағасы да қолжетімді 8 мың теңгеден 16 мың теңгеге дейін. Мұның өзіндік себебі бар. Туристерді ынталандыру үшін рейстерді субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн теңге қаржы бөлінді", – дейді "Жетісу" әуекомпаниясының президенті Қалмұхамет Дөңсебаев.

Әуежайдың жаңа әуежайда ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жабдықтар жаңартылған.

"Әуежайдың қабылдау-өткізу пунктіндегі құрылғылар Литуа Республикасынан әкелінді. Оған облыстық бюджеттен 230 млн теңге қарастырылды", – дейді облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев.

Жалпы, Алакөл маңында туризм бағыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. Ондағы өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2014 жылы 200 млн теңге, 2015 жылы 352 млн теңге бөлініпті. Ақши және Көктұма ауылдары кәріз жүйесі құрылысының құжаттарын дайындауға 21,6 млн теңге қарастырылған.

"Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын", – дейді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев.

Әсіресе, кейінгі жылдары ішкі туризм жанданып келеді. Демек, әлі де аспанмен келетін туристерге қарағанда қаражолмен көлігін желдіртіп жететіндердің қатары көбеймесе азаймайды. Бірақ "Талдықорған – Өскемен" күрежолының сын көтермейтінін бес жастағы балаға дейін біледі.

Бұл келеңсіздікті шешу үшін 2015 жылдан бастап "Жетіген-Достық-Жетіген" бағытындағы темір жол қатынасы қолға алынған болатын. Алғашында 16 вагонмен басталып, қазіргі кезде сұраныстың артуына байланысты вагондар саны 23-ға жеткен. Биыл Ақши ауылының демалыс аймақтарына дейін баратын 23 шақырым жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ауыз су құбыры жүйесі 343 млн теңгеге жасалып, пайдалануға беріліпті.

Осы ретте, өткен жылдан бергі жұртты елеңдеткен "Талдықорған – Өскемен", "Ұшарал – Достық" бағытындағы жолдарды жөндеу жұмыстары туралы  құзырлы органдардан сұрап едік.      

"Жуық арада "Талдықорған – Өскемен", "Ұшарал – Достық" автожолының жөндеу жұмыстары басталады. Бұйыртса үш жылдан соң жарқыраған жаңа жолда әуедегі ұшақпен жарысқан көліктер Алакөлге беттеп бара жатады", – деді облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев.

Қажет Андас 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу