Түркістандағы әуежай МЖӘ бойынша салынатын болады

Алайда әзірге жобаның құны жарияланған жоқ.

22 Қыркүйек 2018 11:56 Автор: Майра Медеубаева
Түркістандағы әуежай МЖӘ бойынша салынатын болады, әуежай, құрылыс, Түркістан, МЖӘ

Әуежай құрылысына жұмсалатын қаржы техникалық-экономикалық негіздемені әзірлегеннен кейін белгілі болады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің abctv.kz-тың сауалына берген жазбаша жауабында айтылған. Еске салар болсақ, маусымда облыс орталығын Түркістанға көшіргеннен кейін, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев өңірде жаңа әуежай мен автовокал салынатыны туралы айтқан болатын.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, әуежайды салу мерзімі Түркістанның бас жоспарын бекіткеннен кейін белгілі болады. Ведомство тап қазіргі уақытта республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жоспарланып отырмағанын атап кетті.

Сауалға берілген жауапта әуежайды салу жобасын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесі арқылы жүзеге асыру көзделіп отырғаны айтылған.

Сондай-ақ әуежайдың алдын ала өткізу қабілеті сағатына 500 адам болады. Әуежай тек бір жолақ арқылы жұмыс істемек. Жолаушылар ағыны орташа есеппен жылына 1 миллион адам болады деп болжанып отыр.

Ал жаңа автовокзал құрылысы жайлы айтар болсақ, мемлекеттік орган бұл құрылыс та Түркістанның бас жоспарын бекіткеннен кейін белгілі болатынын айтты. Автовокзал МЖӘ жүйесі немесе инвесторлардың қаржысына салынады. Бұл ретте республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Автовокзалдың алдын ала өткізу қабілеті тәулігіне 2000 адам болады деп күтілуде.

Бұған дейін автовокзалды салу үшін Өзбекстаннан жұмыс күші тартылады деген ақпарат болған еді.

Жергілікті жұмыскерлер неге тартылмайды деген сауалға, әкімдіктегілер:

«Автовокзалды МЖӘ жүйесі немесе инвестор тарту арқылы салынады деп жоспарлап отырғандықтан, жұмыс күшін тарту құрылыс салумен айналысатын компанияның құзырында болады», – деп жауап берді.

Гүлназ Ермағанбетова, Майра Медеубаева