Түркия тұңғыш АЭС-і үшін Ресеймен соттасып жатыр

10337

АҚШ, Еуропа және G7-ге кіретін державалар Ресейдің атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясына ("Росатомға") қарсы санкция енгізуден табанды түрде бас тартып келеді.

Түркия тұңғыш АЭС-і үшін Ресеймен соттасып жатыр Фото: Росатом

Қазіргі кезде Росатом Ресейдің өзінде тек 3 жаңа энергоблокты қондырып жатыр. Бұрын оның саны онға жетеді деп болжанған.

Бұдан бөлек, Ресей мемкорпорациясының шетелдік тапсырыстар портфелінде 33 блок қана бар, оларды "жүзеге асыру әртүрлі сатыларда тұр". Бір АЭС-те орта есеппен төрт блок болады.

Тиісінше, әлемнің өзге мемлекеттерінде тұрғызып жатқан "Росатомның" атом станцияларын саусақпен санап шығуға болады. Бұлар:

  • Түркиядағы "Аккую" АЭС-і.
  • Қытайдағы "Тяньвань" АЭС-і. Алғашқы 2 энергоблогы 2007 жылы іске қосылған. 2009 жылы қалған екі энергоблоктың жобасы қолға алынды. Олар 2020 жылғы желтоқсанда қолданысқа қабылданды.
  • Қытайдағы "Сюйдапу" АЭС-і. Жоба 2018 жылғы 8 маусымда басталды, алайда тіпті алғашқы екі энергоблок та жобалау сатысынан шыға алмауда.
  • Үндістандағы "Куданкулам" АЭС-і. Небәрі 2 энергоблогы іске қосылды, қалған екеуіне қатысты жоба 2017 жылдан бері қатырылған, қашан салынары белгісіз.
  • Венгриядағы "Пакш-2" АЭС-і. 2009 жылы басталды, алайда алғашқы 2 энергоблогының құрылысы әлі күнге бітпеген.
  • Бангладештегі "Руппур" АЭС-і. Құрылысы 2013 жылдың күзінде басталды, бірақ №1 және №2 энергоблоктар сол бойы бастапқы дайындалу сатысында тұр.
  • Мысырдағы (Египет) "Әл Дабаа" АЭС-і. Келісімге 2015 жылы қол қойылды.  №1 және №2 энергоблоктарының "бірінші бетонын" құю тек 2023 жылғы мамырда жүзеге асырылды. Құрылысы шабан жүруде.

Жобалар тізімі осы ғана. Сондықтан "Росатомның" ең үлкен мақтанышы – Қытайдағы қуат өндіріп тұрған АЭС пен Түркиядағы құрылысы біршама қарқынды жүрген "Аккую" станциясы. Дегенмен, бүгінде соңғысына қатысты кілтипан туындады.

Даудың басы неде?

Түріктің тұңғыш атом станциясының тапсырыс берушісі болып табылатын түркиялық "Аккую Нуклеар"​ акционерлік қоғамы ресейлік "Росатомның" еншілес компаниясы "Атомстройэкспорттан" түрік АЭС-і жобасы аясында 56,1 миллион доллар қаражатты қосымша өндіріп алуға кірісті.

Бұған дейін аралық сот (третейский суд) Росатомның нижегородтық жобалаушы компаниясынан – "Атомстройэкспорт" АҚ-ынан (АСЭ) жұмысты жете орындамағаны үшін 56,1 млн доллар өндірту туралы шешім шығарды. "Аккую Нуклеар" осы шешімді Ресей аумағында мәжбүрлі түрде орындатуға күш салуда.  

Станцияға қажетті жабдықты жеткізу міндетін уақытылы орындай алмағаны үшін таяуда "Атомстройэкспортпен" арадағы келісімшарт бұзылды да, ол бұрын төленген аванс ақшаның бүкіл сомасын рубльде толық қайтарды. Ол аванс 2013 жылы берілген. Алайда тапсырыс беруші оның борышын жоғарылаған курс бойынша қайта есептеп шығып, бұрынғы мердігеріне шетелдік валютада талап қойды.

Өйткені 2013 жылы доллардың Ресейдегі орташа бағамы 31,8 доллар ғана болды. Қазіргі кезде бұл бағам орта есеппен 90 долларды құрайды. Яғни, қарыз сомасы да еселеп артып шыға келген.  

Бұл дауға күтпеген жерден Ресей Бас прокуратурасы араласып отыр. Ол ірі сомадағы бюджеттік ақшаны "Аккую Нуклеар" АҚ-ына, яғни Түркияда салық төлейтін түрік резидентіне аударуды "ресейлік мемлекеттің мүдделеріне қауіп төндіреді және қайшы" деп таныды.

Осыдан кейін АСЭ заңгерлері де аралық соттық шешімін "заңсыз" деп танитындарын мәлімдеді. Ал мұның алдында олар сол сот шешіміне қарсы шағым түсіруден бас тартқан болатын.

Сондықтан Ресейдің Нижегород облысының арбитраждық сотында Росатомның нижегородтық құрылымы саналатын "Атомстройэкспорт" (АСЭ) АҚ-ына қарсы резонансты дау қайта басталды. Егер АСЭ онда жеңіліп қалса, онда "Аккую Нуклеар" одан бұрын алған 3,2 миллиард рубльге қосымша 2,3 миллиард рубль өндіріп алады. Оның үстіне "Аккую Нуклеар" қаражатты тегісімен тек долларда қайтаруды талап етуде (56,1 млн доллар).

Егер де орыс соты түрік резидентін жығып берсе, онда халықаралық дау ушығады. Ал "Аккую" АЭС-і – Росатомның "қатырылмаған", қолданыстағы жобаларының ішіндегі ең ірісі.

Ресейдің қазіргі заманғы арбитраж институтының жанындағы Ресей арбитраж орталығының эксперттері де "Атомстройэкспорт" қаражатты рубльде емес, долларда қайтаруға тиіс деген шешім қабылдады. Өйткені кезінде, 2013 жылы авансты долларда алған. Алайда содан бері рубль бірнеше рет девальвацияланғандықтан, әрі соғыс басталғалы АҚШ Ресейге долларды пайдалануына тыйым салғандықтан, "Атомстройэкспорт" америкалық валютада есептесе алмай отыр.

Сол себепті, "Аккую Нуклеар" Нижегород арбитраж сотына шағымданып, аралық соттың шешімін мәжбүрлі орындатуға атқарушы парағын беруді талап етті. Дәл осы кезде АСЭ де қарап қалмай, Мәскеу арбитраж сотына аралық соттың шешімін жоюды сұрап жүгінді. Бірақ ізінше "Атомстройэкспорт" райынан қайтты да, Мәскеудегі іс тоқтатылды.

Тиісінше, "Аккую Нуклеар" өкілі, заңгері Кирилл Талеров аптада өткен сот отырысында "Атомстройэкспорт" заңгерлерінің мәскеулік сотта авансты долларда өндірту туралы шешімге қарсы шағымданудан бас тартқандарын еске салды.

"Мәскеу соты отырысынан жазылған аудиожазбадан байқалғандай, АСЭ өкілі судьяға шешімге келісетінін нақты айтты. Ендеше іс-қимыл да бірізді болуға тиіс. Бір сотта аралық соттың шешімімен келісуге, ал басқа сотта ол шешімді жойғызуды сұрауға болмайды!", – деді Кирилл Талеров.

Бұған қоса, Ресей Бас прокуратурасының іске араласып, сот отырысына арнайы қатысуы тараптар үшін күтпеген оқиға болды.

"Бас прокурордың ұстанымынша, қаралып жатқан дау ұлттық мүддеге тікелей қатысты. Себебі, ол ірі көлемдегі қаражатты Ресей Федерациясынан шығарып әкетіп, шетелдік мемлекеттің резидентіне табыстауды қарастырады", – деген дәйек келтірді арбитраж сотында Бас прокуратураның өкілі Юлия Яковлева.

Түркиялық тапсырыс берушінің заңгері іске ресейлік прокуратураның араласуына қарсы шықты. К.Талеров қос компания арасындағы дауда "ешқандай ұлттық мүдде" жоқтығын, мұның коммерциялық іс екенін алға тарта келе, "бұл дау туралы прокуратураның қайдан білгенін" сұрады.

Бірақ судья Наталья Исайчева Ресей Бас прокуратурасына енді аталған дауға бір тарап ретінде қатысуына рұқсат етті. Осылайша, "Росатомның" жобалық компаниясының валютасын, ол жетпесе, активін түрік резидентінің алып қоюына Мәскеу тосқауыл қойып тастады. Істі қарау ақпан айына шегерілді.

Аккуюдағы ахуал қандай?

Түркия тарихындағы тұңғыш АЭС – "Аккую" (Akkuyu Nükleer Güç Santrali) ресейлік дизайндағы (Росатомның өзі сондай анықтама берді, себебі, құрауыштарының көбі – шетелдік) ВВЭР-1200 реакторлармен жұмыс істейтін 4 энергоблоктан құралады.

Бұл 4 реактордың жалпы қуаты – 4 800 мегаватт қана. Салыстырсақ, мысалы, 2019 жылдан бері Ұлыбританияның өзі салып жатқан "Хинкли-Пойнт" АЭС-інің небәрі 2 энергоблогының жалпы қуаты 9 мың мегаваттан асады. Британдық станция франциялық озық Orano ядролық реакторымен істейтін болады.  

Айтпақшы, Orano компаниясы Қазақстандағы, Канададағы және Нигердегі уран кен орындарын басқарады.

"Аккую" АЭС-іне оралсақ, ол Түркияның оңтүстігіндегі Жерорта теңізі жағалауында, Мерсин провинциясында орналасады. Оның құрылысы 2010 жылғы 12 мамырдағы Ресей мен Түрік Республикасының үкіметтері арасындағы келісім негізінде басталды.  

Жобаны іске асыру үшін түрік тарапы "Аккую Нуклеар" АҚ жобалаушы компаниясын құрды. Оған Ресей де кірді.

Бір қызығы, өзінің тұңғыш атом станциясы үшін түрік тарапы шығын шекпейді. Себебі, Анкара Мәскеуді соған көндіре алды. "Аккую" АЭС-і – "BOO" (Build – Own – Operate) моделі бойынша салынып жатқан әлемдік атом саласындағы тұңғыш станция. Яғни, бұл саланың ізашары.

ВОО моделі бойынша "Росатом" станцияны өзі жобалайды, өзі салады, өзі эксплуатациялайды. Тиісінше, осы кезеңдердің бүкіл шығынын өзі көтереді. Кейін АЭС-ті қолданыстан шығарып, консервациялау шығынын да "Росатом", ол жабылып қалса, Ресей тарапы өз мойнына алады.

Түркия өз кезегінде АЭС-тің өндірген электр және жылу энергиясын қандай тарифпен, қаншаға сатып алатынын өзі шешеді. Станциядағы құрылыс және монтаждау жұмыстарын қалпымен түрік компаниялары жүргізуде. Қолданысқа тапсырылған соң түрік мамандары оның өмірлік циклының бүкіл кезеңдерінде АЭС-ті эксплуатациялауға тартылады. Осы мақсатта Росатом түрік мамандарын даярлауда.

Сонда Ресей жағына не қалады? Ол барлық жабдықтарын жеткізеді.

Ресейлік құжаттарда "Аккую" станциясының қызмет ету мерзімі – 60 жылдан жоғары деп бекітілген. Бұған сенбей ме, әзірге Түркия энергетикалық нарығын реттеу басқармасы (EMRA) станцияға қуат генерациялауға 49 жылға ғана лицензия берді.

"Бірінші бетонын" құю салтанаты 2018 жылғы 3 сәуірде өтті. Түркия құрылыс жұмыстарының көрігін қыздырды. 2019 жылғы желтоқсанда "Аккую Нуклеар" АҚ-ы TEİAŞ кәсіпорнымен АЭС-ті Түркияның энергожүйесіне қосу туралы келісімге қол қойды. 2023 жылғы сәуірде Ресей оған ядролық отынның бірінші партиясын жеткізді.

2020 жылғы сәуірде №2 энергоблоктың, 2021 жылғы наурызда №3 энергоблоктың "бірінші бетоны" төгілді. 2022 жылғы шілдеде №4 энергоблок құрылысы бастау алды.

Түрік тарапы "Аккую" атом станциясын толығымен ел игілігіне тапсыруға бекінді. Яғни, оның жобасы бұғатталмайды. Бірақ Түркияның әккі басшылығы қу бастан қуырдақтық ет қырыққандай, осы жобадан жеріне жеткізе, барынша пайда тауып қалуға, ол үшін Ресейдің тәуелді жағдайын пайдалануға тырысатыны байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу