Түркияда тұратын Ғайни әжей

200 жылдық тарихы бар дүниелерді сақтаған.

26 Қыркүйек 2018 07:30 Автор: Ясмин Алматқызы
Түркияда тұратын Ғайни әжей, Түркия қазақтары, Ғайни әжей, ескі шапан, ою-өрнек

Тарихтан белгілі, 1937-1941 жылдары озбыр Қытай әкімшілері қысым жасап, Алтайды мекендеген 18 мың қазақ табиғаттың ыстығы мен суығына қарсы тұрып, жаумен соғыса отырып, үдере көшті. Олар 1947 жылы Үндістан, Пәкістан елдеріне келіп бас сауғалады. Ал 1953 жылы Түркияға жеткен қазақтың саны 1 850 ғана. Бүгінде бұл елде өсіп-өніп, ұрпақ өрбітіп отырған 25 мыңнан астам қазақ тұрады. Жақында abctv.kz-тің тілшісі Анадолы еліне барып, мұндағы қазақтармен танысып қайтты.

Мына суреттегі жан Ғайни Орхан Иманқұлқызы. Биыл 78-ге аяқ басқан. Қиын-қыстау заманда жат елге үдере көшкен қазақ ұлтының бір ұрпағы - Ғайни әжей Зәйтунбурнуға осыдан 65 жыл бұрын көшіп келгендердің бірі. Кейуананың ата-бабалары 1932 жылғы ашаршылық кезінде шығыс Түркістан өңірінен Қытайды, кейін Үндістанды паналап, араға жылдар салып Түркияға өтіпті. 1954 жылы 18 жасында өзінен 15 жас үлкен қазақ жігітке ұзатылады. Сол кездері ата кәсіппен шұғылданады, мал бағады, теріден қолғап, бас киімдер тігеді. Осылайша бұл отбасы Ыстамбұл қаласының Зейтунмұрны ауданынан 5 қабат үй салып алады.

Біздің бір байқағанымыз осы бес қабат үйде 10 пәтер бар. Соның алтауында әженің өзі, ағайын-туыс, бауырлары тұрады. Қалғанын жалдап қояды екен. Әжей бізді көргенде қатты таңғалып, қуана қарсы алды. Бірден көненің көзіндей болған ата-бабасынан қалған жәдігерлерді көрсетуге асықты.

Мәселен, мына суреттегі анасының шапаны осыдан 200 жыл бұрын тігілген.

«Мынау менің шешемнің үйінен келген пұшпақ ішігі. Есімде, анам бұл киімді көшіп келе жатқанда атқа мінгенде киді. Үйінен келген. Түлкінің қызыл пұшпағынан тігілген. Құндыз ішігі бар екен деп жұрт айта жүрсін деп, шапанның жиегін құндыздан шыр айналдырып, өрнектеп жасаған. Анамның аты Қамила, әкеміз Иманқұл батыр. Менде ол кісінің кимешегі, шылаушы сақталған. Мына кимешекті сығырайған жарықтың астында, ол кезде шам жоқ қой, кішкене инемен талдап отырып тіккен. Өйткені, сол жылдары күндіз анамның қолы үй-шаруасынан босамайтын еді. Ал мына бас киімді осыдан 70 жыл бұрын Алтайда тұрғанымызда 4 жасымда маған арнап күміс жіппен өрнектеп, тіккен. Осының өзі бір 3-4 келі тартады, таза күмістен жасалған. Қараңғыда отырып тігіпті. Не деген ісмерлік десеңізші! Мынау біздің шәугім. Көшіп келе жатқанда мосыға асып бұған шай қайнатып, ет пісірдік, одан кейін түйенің өркешіне салып әкелген. Бұл жез шәйнек те 80 жыл сақталған дүние», – дейді Ғайни әжей.

Әңгіме барысында білгеніміз, әжей небары 8 жасында елден кеткен. Десе де, өзінің тілін, дінін сақтап қалған. Тегін де ұмытпаған. Біз әжейден көш кезінде көрген қиын күндер туралы айтып беруін өтіндік.

«1947 жыл екен. Ұлужан деген жайлауымыз болған еді. Мұның бәрі менің есімде қалғаны, біздің үйге әкем батыр болған соң кісі көп келетін еді. Қызметшіміз бар. Ауылды інілері қоршап, қорғап тұрды. Қиындық болады, малымызды айдайды, өзімізді қинайды екен деп әр ауылға атпен шапқылап келіп хабар берілді. Содан ең жақсы батыр, молда, жауға аттанатын жалды ат, қоңды түйелерімізді  әзірлеп жолға шықтық. Қалибек деген адам бастады. 1000- нан астам үй көштік.

Жолда көбі өледі, оққа ұшады, ауруға шалдығады, таудан домалап кетеді. Одан кейін Гималай тауының етегімен жүріп, Бұқа дауан деген жерге келдік. Бұл жерде оттегі жетпей көп адам ыс деген ауруға шалдықты. Адамның аузы-мұрнынан қан кетеді. Бұның емі зәр екен. Зәр ішсе тоқтайды. Әсіресе, еркек баланың зәрі өте қымбат еді. Менің нағашым бар ол кезде. 7-8 жасар бала еді. Бүкіл ел сол баланың зәрін күтеді. Несебім жерге жетпейтін еді деп күледі қазір ол. Өзінің көзі тірі бүгінде. Көп адам осы зәрдің арқасында тәуір болды.

Бізге кездескен екінші қиыншылық, мына суық жерде адамның жаназасын қою қиын болады екен. Гималайда қар, мұз жатқандықтан, бір қарыс жер қазудың өзі бір мұң еді. Сонда шешелеріміз от жағып, жердің тоңын еріткен. Адам бетін жаба алатындай қылып қазып көбін сол жерге көміп кеттік. Күн жауын, жер қар болды. Содан шөл далаға келдік, су жоқ жерге көштік. Тақламақан деген шөлге келгенде әкелеріміз 2-3 күншілік жерге кері барып, түйелерге мұз артып әкелді. Сонда біз кішкене баламыз. Түн ішінде жер қараңғы, кеткен ер азаматтар бірін-бірі таба алмай жүрген болар деп әжелеріміз бізге айқайлататын. «Әке» деп шақырыңдар, сендердің дауыстарың шырылдап тез естіледі» дейді олар. «Әй, әке, ата бері тарт» деп мен сонда айқайлайды екем. Артымыздан әкеміз келгенде, бір шырылдаған дауыс естідік, сол сендер екенсіңдер ғой деп жылаған еді.  Шөлдегенде көбі қойды бауыздап қанын ішті. Малдың қаны жұтылмайды екен. Сондай қиыншылық күндер көрдік, жаным.

Сөйтіп бізді арқаларына көтеріп, ауыздарына тістеп әке-шешеміз алып келді. 1951 жылы Үндістанға келдік. Сөйтіп 1953 жылы Бағдаттан кемемен шығып, бұдан кейін пойызға отырып, Түркияға келгенде бұл елдің Үкіметі бізді қарсы алды. Мен 13 жасымда келген екенмін. Астымызға ақ төсек төсеп, күнде 2-3 қой сойып, жылы-жұмсағын беріп, бізді екі жыл күтті», – деді әжей өткен күндерді күрсіне еске алып.

Бүгінде Ғайни әжейдің 3 ұлы, 3 қызы және 15 немересі бар. Бәрі қазақтан қыз алған. Бір бұрымдысы ғана түрікке шығып, қазір Еуропада тұрады. Қыздары қазақша жақсы сөйлейді. Ал ұлдары ана тілге шорқақ. Қазақ тілі мен түрік тілі бір-біріне жақын болғандықтан, олармен сөйлескенде көбін түсініп отырдық. Бір ұлы өзімен бірге тұрады, бірі Түркияның Сефакой деген ауданына қоныс аударған. Екеуі де үйлі-баранды. Ал ортаншы ұлы Францияда өмір сүреді.

Бұл шаңырақта, тағы бір байқағанымыз, біз қонақ бөлмеге енгенде қазақтың оюлы көрпелері жаюлы тұрды. Оның себебін әжей былай деп түсіндірді. Жалпы Түркиядағы қазақтардың арасында қыз ұзатқанда міндетті түрде жасауына ұлттық нақышпен өрнектелген бұйымдарды салады екен. Олар: қазақтың оюымен тігілген көрпе-жастықтар, торсық, қамшы және тағы да басқа заттар. 

«Ертеден қазақ қыздың жүгіндегі оюына қарап ауылын таныған. Қазақтың өрнегі болған жерде тарихы бірге жүреді. Бұрын сырмақ, текеметке ою бассақ, қазір дастарханымызды, кілем-көрпемізді осы ұлттық нақышпен бедерлеп жасаймыз. Әсіресе, қазір немерелерімді ұзатқанда бұл дәстүрді мықтап ұстанамын. Өйткені, қазақ оюды ойғанда бір-бірінен үзбей, жалғастыра отырып жасайды. Онда бауырлар бір-бірінен айрылмасын, тірлігі бірге жалғассын деген ой жатыр», – деді әжей.

Ғайни әжей 1982 жылы Қазақстанға ат басын тіреген екен. Туған жерді қатты сағынып жылап, еңіреп жүретін әже сол сапарында ағайын-бауырларымен танысады. Шерін тарқатады. Кейін, елдегі ағайындардың үлкендері қартайып өмірден озады. Кіші буынмен арадағы қарым-қатынас үзілген. Десе де, әжейдің бар ойы – елінің амандығы, жұртының тыныштығы. 

«Қайда жүрсем де, қазағым аман болсын! Біз қанымыз сондай мықты, өте ғажап, ойлы халықпыз. Қазақтың әдет-ғұрпы, тілі, діні барда, біз өлмейміз, мәңгі жасаймыз», – деді терезеден көкке телміре қараған әжей.

Ясмин Алматқызы