Түркиядағы девальвация қазақ еліне қалай әсер етеді

Түріктің ұлттық ақшасы қазір үлкен девальвацияны бастан кешіруде.

26 Мамыр 2018 14:04 Автор: Жанат Ардақ
Түркиядағы девальвация қазақ еліне қалай әсер етеді, Түркия, лира, TRY, девальвация, тауарайналым, Түркия орталық банкі

Осыдан бірер уақыт бұрын ғана 1 түрік лирасы елімізде тұрақты түрде 115 теңгеден сатылып келсе, бүгінде, 26 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстандағы валюта айырбастау бекеттеріндегі 1 TRY құны 85 теңгеге дейін түсіп кетті. Ал Қазақстан қор биржасында осы демалыс қарсаңында лира 69 теңгеден саудаланды.  

Жаһандық деңгейде Түркияның ұлттық валютасы құлдырау бойынша әлемдік «көшбасшылық» орынға шықты. Оның АҚШ долларына шаққандағы бағамы осы мамыр айы басталғалы бері 18%-ға құлаған. Ал жыл басынан бергі құнсыздануы 26%-ға жетіпті. Халықаралық нарықта 1 доллар үшін енді 4,77 лира сұратады. Ал жыл басында бұл сома тек 3,79 лираны құрайтын.

Әу баста лираның әлсіреуіне экономикалық факторлар теріс ықпал етті: Түркияның ағымдағы операциялары есепшотының тапшылығы өскен, бұл елден капитал кете бастаған және инфляция 11 пайызға жеткен. Алайда сарапшылардың айтуынша, мамырда лира бағамына Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның өз елінің орталық банкінің тәуелсіз саясатына «саяси шабуыл жасауы» соққы болып тиіпті. Мамыр ортасында Ердоған мырза Bloomberg-ке сұхбат берісімен, түріктің ақшасы арзандай жөнелді. Өйткені ол 24 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетсе, онда Түркияның экономикалық және монетарлық саясатын реттеумен мықтап айналыса бастайтынын мәлімдеді.

Ал бұған дейін, яғни биылғы сәуірде бағаның құнсыздануы тағы 10,85%-ға өскенде, Түркия орталық банкі базалық есептік ставканы көтеруге ниетті екенін білдірген. Көптеген инвесторлар да қосымша пайда табу үшін осыны күткен. Алайда Реджеп Ердоған мырза өзінің керісінше, ставканы төмендету ойы барлығын жеткізді. Себебі, бұл несиелендіруді жандандыру және экономикаға қарқын беру үшін қажет. Осы орайда мемлекет басшысы тәуелсіз мекеме болып келген орталық банктің алдағы маусымдағы сайлауда жіберілетін дабылдарға енді бұрынғыдай бей-жай қала алмайтынын нықтады.   

«Мен атқарушы биліктің даусыз лидері ретінде тиісті қадамдар қабылдау бойынша өзіме жауапкершілік аламын!» – деген түрік көшбасшысы қаржылық реттеушінің «елді құзға құлатуына жол бермейтінін» баса айтты.

Халықаралық сарапшылар еуропалық елдер қатарына ұмтылып отырған мемлекеттің атқарушы билігі басшысының қаржылық реттеушіні реттеп, оған монетарлық саясатты қалай жүргізу бойынша ұсыным беріп отыру ниетіне қайран қалды. AllianceBernstein талдаушысы Окан Акин мұның теңізді тасытқан «соңғы тамшы» болғанын айтады.

Ал Rabobank стратегі Петр Матыстың пікірінше, нарықты құтқарып қалу, инвесторларды қайтару және инфляцияны құрықтау үшін ақша-кредиттік саясатты қатайту қажет етіледі. Ал ел басшылығы керісінше қадамдарды талап етуде. Ол жоғарғы пайыздық мөлшерлемелер қайта бағаның өсуін жеделдетуге деп мәлім етті. Мұның да бір шындығы бар. Бірақ қазіргі девальвация ТР орталық банкінің ұстанымын да күл-талқан етуі ғажап емес. Петр Матыстың айтуынша, егер бірер апта бұрын нарықты тыныштандыру үшін ол ставканы 200 базистік пунктке көтерудің өзі жеткілікті болса, қазір 400 де жетпей қалуы ықтимал көрінеді.

Түрік республикасының орталық банкі сәрсенбіде пайыздық ставканы онсыз да 300 пунктке – 13,5-тен 16,5%-ға дейін көтерді. Бұл лираның долларға шаққандағы бағамын 4,57-ге дейін нығайтты. Бірақ артынша, бейсенбі күні девальвациялық үдерістер ары қарай жалғасты.

Бүгінде әлем бойынша құлдырау жөнінен лира тек Аргентинаның песосына ғана жол береді. 2010 жылдан бері түрік валютасы АҚШ долларына шаққанда 3 еседен астамға құнсызданды. Салыстыру үшін айталық, Қазақстанның ұлттық валютасының бағамы екі еседен сәл астамға девальвацияланды: ұлттық банк 2010 жылы долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамын 150 теңге деңгейінде бекіткен болатын, қазір ол көрсеткіш 329 теңге маңайында.

Бұл әрине, түрік бауырлардың ішкі ісі. Бірақ осының кесірінен, Қазақстанда да девальвациялық құбылыстар тумай ма?

Экономистер қазақстандықтарды алаңдамауға шақырады. Түп-төркініміз бір болғанымен, екі елдің экономикалық моделдерінің сыртқы факторларға тәуелділігі бойынша ұқсастығына қарамастан, Түркиядағы ол жағдайлар Қазақстан валютасына еш әсер етпейді.

Қайта бұл Түркияны туристік тұрғыдан тіпті тартымды ете түседі. Демек, бұдан бірінші кезекте, саяхатшылар ұтады. Отандық туристік компаниялар үшін Түркиядағы қонақ үйлердің және басқа да серіктестерінің қызмет құны арзандап шыға келген. Егер турагенттіктер көбірек пайда табуды көздемей, адалдық танытса, жазғы маусымда бәсекеге қабілеттілігі бойынша түрік курорттары тіпті Ресейдің төмен сапалы шипажай-жағажайларын артта қалдыруы ғажап емес. Қазақстандықтардың даулы Қырымға не проблемалы Геленджикке емес, бауырлас елге қыдырғаны таным, рух, қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды.

Рас, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева жолдамалардың көп арзандауын күтпеуге шақырады:

«Туржолдамалар дәл қазір қарқынды сатыла бастады. Бірақ агенттіктер шілде, тамыздағы қонақүйлердегі орындарды қаңтар, ақпан, наурызда бронь салғызып, сатып алып қойған. Яғни, кейінгі девальвацияға ілікпеді. Туроператорлармен арада контрактілік қарым-қатынастар бекітіліп қойылған. Сондықтан қазір баға қалай қарай құбылатынын айту қиын», – дейді ол.

Рас, агенттіктерге тәуелді болмай, өз бетінше қыдыратын саяхатшылар түрік лирасының арзандауының бар игілігін толығымен пайдалана алады. Ал өзгелері үшін тіпті қонақ үй мен сапар бағасы бұрынғыдай қалғанымен, олар Түркияда экскурсия, тамақтану, көңіл көтеру және басқа да қызметтердің арзандағанын сезінері сөзсіз.

Түрік лирасының құнсыздануының экономикалық жағымды жақтары да бар. Сарапшылардың байламынша, Қазақстан ол елде өз тауарларының баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін жояды деп қорқуына негіз жоқ көрінеді. Себебі, Түркияның бізден сатып алатыны тым аз. Керісінше, ол жақтан қазақстандық саудагерлер көп тауарды тасымалдайды. Тиісінше, базарларда азаматтар түрік киім-кешегі мен басқа да өнімдеріне көбірек жеңілдік сұрай алады, ал ірі сауда орындары «жаппай сатылым» науқандарын ұйымдастыруы ықтимал. Егер лира біраз уақыт бойы арзан қалпын сақтаса, түрік тауарлары отандық нарықтағы үлесін арттырып, қытайдың арзан ғана емес, зиянды тауарларын ығыстыра бастауы мүмкін. Екі ел арасындағы тауарайналым долларға тәуелді. Тиісінше, Түркияда доллардың қымбаттауы бұл ел тауарларын біз үшін арзандатады. Ал Қазақстанда әзірге девальвация күтіліп отырған жоқ.   

Таяуда Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты қабылдаған Реджеп Тайып Ердоған Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты жылына 10 миллиард долларға дейін жеткізу туралы мақсат қойғанын мәлімдеді. Осы оқиғалар бұл межені жақындата түсетіндей. Қазіргі кезде екі ел арасындағы тауарайналым 2 миллиард долларды құрайды.

Айтқандай, осы жазда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барады деп күтілуде. Сапар аясында қос мемлекет басшыларының төрағалығымен жоғарғы деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы да өтпек. Бәлкім, Ердоған мырза сонда «Түрік әлемінің ақсақалы» атанған елбасымен ақылдасып, қиындықтан шығу бойынша кеңес алар...

Жанат Ардақ