banner

Тұтынушылардың қалтасына қол сұғылуда

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3642

Соңғы бір айда электрэнергиясының бағасы 3%-ға, бір жылда 7%-ға қымбаттады.

Тұтынушылардың қалтасына қол сұғылуда

Былтыр елімізде 103 млрд КВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,2%-ға көп көрсеткіш. Қуат көзінің 41,3 млрд КВт/сағатын Павлодар, 14,4 млрд КВт/сағатын Қарағанды облысы тұтынды. Ал өндірілген һәм тұтынылған электроэнергияның жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрады.

Дәстүрлі қуат көзін баламалы қуат көзімен алмастыру мақсатында биыл  сәуір-қазан айларында ел тарихында тұңғыш рет жаңартылған энергия көздерінің халықаралық аукционы өтеді. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев: "2018 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 123 мВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 10 нысанын енгізу жоспарланып отыр. 2017 жылы 5 нысан іске қосылды. Осы жылдың сәуір-қазан айында елімізде алғаш рет жиынтық қуаты шамамен 1 гигаватт болатын жаңартылған нысандарға арналған халықаралық аукцион өтеді", – деді.

Министрдің мәлімдеуінше, аукцион өткізу арқылы елге 2 млрд долларға жуық жаңартылған энергия тартылады.

"Елдегі жаңартылған энергия көздерін төмендету аукциондары ЖЭК нысандары үшін бекітілген шектік тарифтердің орнын басады. Энергетика министрлігінің болжамынша, бұл ЖЭК арқылы қуат алатын электр энергиясының бағасын төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Қанат Бозымбаев.

Бас энергетик болашақта Қазақстандағы "жасыл" энергияға ерекше назар аударылатынын және оның бағасы дәстүрлі қуат көзінен әлдеқайда арзан  болатынын баяндады.

"Елімізде баламалы қуат көздерін дамыту мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келісім жасалған. Еуропа банкі бұл бағытта 200 млн еуро, сондай-ақ Қазақстандағы БҚК жобалары үшін тағы да 480 млн еуро бөлейін деп отыр", – деді ол.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін энергетиктер сұраныстың 98,7%-ын қанағаттандырды. Бұл ретте электроэнергияның экспорты 2,7 есе өскенін айта кету керек.

Жасыратыны жоқ, соңғы бір айда электрэнергиясының бағасы 3%-ға, бір жылда 7%-ға қымбаттады. Бұл Қазақстанның қазіргі ұстанымы мен президенттің бастамасына қарама-қайшы саясат. Себебі  9 ақпанда елбасы энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын арзандатуды тапсырған болатын.

"Өңірлер арасында тарифтердің айырмашылығы ретке келтіріліп, тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы төмендетілуі керек", – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Қанат Бозымбаев энергетика министрлігі мен осы салаға қатысы бар өзге органдар электр энергиясына қатысты тарифті қайта қарастыру үшін мекемеаралық жұмыс тобын құрып жатқанын жариялаған.

"Жұмыс тобын құрудағы мақсат – электр энергиясының жеке тарифтерін қайта қарау", – деген энергетика министрі.

Біле жүріңіз, Қазақстанда 70 қуат өндіруші және 160 энергия жеткізуші компания бар. Ал еліміздегі энергияға деген қажеттілік жыл сайын 2,2%-ға өседі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу