ТжКБ жүйесіне өзгерістер керек

3141

Колледждердегі тәлімгерлік үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат төлейтін болады.  

ТжКБ жүйесіне өзгерістер керек

Бұл туралы ШҚО кәсіпкерлер палатасы алаңында білім және ғылым министрлігі, "Атамекен" ҰКП және кәсіподақ ұйымдары өкілдерінен құралған жұмыс тобының жұмыс берушілермен және оқу орындары директорларымен кездесуі барысында белгілі болды.

"Жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында кәсіпорын базасында тәлімгерлерге төлем жасауды қарастырдық. Бір оқушыға айына алты мыңнан сегіз мыңға дейінгі сомада төлеуді қарастырып отырмыз. Егер тәлімгер 10 оқушы алатын болса, онда айына 60 теңге немесе 80 теңге алатын болады. Бұл - кәсіпорын үшін қосымша ынталандыру. Кәсіпорындарды дуальдық оқытуға белсене атсалысуға шақырамыз", – деді БжҒ министрлігінің ТжКБ департаменті басшысының орынбасары Ернат Жүнісов.

Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні нақты бір әдіс бар, жан басына шаққандағы қаржыландыру есебі жасалған. Тәлімгерлік үшін әртараптандырылған төлем жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, "Атамекен" ҰКП ынталандыру үшін қаржыландыру кезінде тағы да басқа ерекшеліктерді ескеру керектігін айтып отыр.

"Жан басына қаржыландыру – маңызды мәселе. Кәсіпорынның дуальдық оқытуына қатысушылар өте жақсы ынталандыруға ие, яғни тәлімгерлікке ақы төленеді. Сондай-ақ кәсіпорынның колледж түлектерін оқытуда өзінің жабдықтарын, материалдарды пайдалануда белгілі бір өндірістік шығыстары болатынын ескерген жөн және мұны да жан басына шаққандағы қаржыландыруға енгізу керек", – деді ҰКП-ның адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева.

Қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінетін болады.

"Үш жақты келісімшарт (колледж, жұмыс беруші, оқушылар) жасалып, онда тараптарға қатысты талаптар – колледж қандай талап қойып отырғаны, жұмыс берушінің талабы, оқушылардың міндеті көрсетіледі. Бұған қоса, кәсіпорын жауапты адамдарды (тәлімгерлер) белгілейді және олардың тізімі оқу орнына беріледі", – деп жалғастырды Ләззат Шонаева.

Білім министрлігінің өкілі қазір колледж тәлімгерлік үшін кімге ақы төлейтіні, яғни алдағы уақытта тәлімгерлердің жұмысын бағалау үшін жұмыс берушіге немесе тәлімгердің өзіне төлеу керек пе деген мәселе туындап отырғанын айтты. Бұл мәселе министрлік деңгейінде дайындалып жатыр. Ал жұмыс берушінің ойынша бұл рәсімді кәсіпорынның өзі жасағаны дұрыс деп есептейді.

"Тәлімгерлікке төленетін ақыны кәсіпорынға беру керек. Өйткені жұмыс беруші тәжірибеден өтуге алады да, барлық бақылауды өз мойнына алып, бұл сыйақыны жүктемеге қарай бөледі", – деп отыр қаладағы белгілі кәсіпкер, "Профтехмонтаж" ЖШС басшысы Фарит Мұқаметжанов.

Кәсіпкерлерді мамандарды жұмыс күші мол аймақтардан көшіру, оқу орындарында мамандарды даярлау, қаражат алуға құжаттарды ұсыну және тәлімгерлік бойынша есепті беру мәселелері толғандырды.

Сонымен қатар барлық аудандарда құзыреттілік орталықтарын құру жоспарда бар. Министрлік мәліметі бойынша, қазір елімізде 20 құзыреттілік орталығы бар. ШҚО-да жылдың соңында бір орталық, келесі жылы тағы төрт орталық ашу жоспарланып отыр. Мұндай орталықтарға қойылатын талаптардың бірі – халықаралық сертификаттау.

Осы арада аймақ бірнеше жыл бойы маман тапшылығын көріп отырғаны, оның ішінде ең бірінші мейрамхана, тігін бизнесі, сондай-ақ машина жасау, өнеркәсіптік салада мамандар қат екенін айтып кету керек.

Шығыс Қазақстан облысында 82 колледж бар. Оның 36-сы мемлекеттік емес мекеме, ал 28-і коммуналдық-мемлекеттік мекеме және 18-і коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорын.

Шынар Елеусізова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу