Үйде отырған әйелдер ертеңіне алаңдайды

Зейнет жасына жеткенде олар 28 мың теңгені талғажау етеді.

Үйде отырған әйелдер ертеңіне алаңдайды

"Барометр" маркетингтік-талдау орталығының мәліметінше, еліміздегі  тіркеуде тұрған жұмыссыздардың саны 1,5 млн адамға  жеткен. Олардың 58%-ын әйелдер құрайды. Бұлардың 56%-ның елдегі әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне  көңілі толмайды. Қазан-ошақ басында отырған әйелдердің басым бөлігі зейнетақы жүйесіне қатты алаңдайды екен.

Аталмыш талдау орталығының сарапшысы Дәурен Өміргелдіұлының айтуынша, үкіметке жуық арада үйде отырған әйелдердің зейнетақысын қамсыздандыруға қатысты арнайы жобаны қолға алу қажет. Бұлай болмаса қазан басында жүрген әйелдердің еңбегі ескерусіз қала береді.

"Көптеген дамыған елдерде үйде жұмыссыз отырған әйелдерге деген құрмет ерекше. Мысалы Германияда қандайда бір себеппен жұмысынан қысқарып, алты ай үйінде отырып қалған әйелге 700 еуро әлеуметтік қамсыздандыру жалақысы тағайындалады. Жалақының 15%-ы зейнетақы жүйесіне аударылып отырады. Фин әйелдері 680 еуро алып отырады. Голландық әйелдер үйде отырып, ай сайын 800 еуро санайды. Бұл елдерде үйінде жұмыссыз отырып қалған әйелдерге үш қордан жалақы төленеді. Оның біріншісі жинақтаушы қор, екіншісі кәсіпорынның жинақтаушы қоры, үшіншісі федералдық бюджет. Бүгінгі таңда үш бірдей қордан жалақы алатын Еуропа елдерінің жұмыссыз әйелдерінің өмірі қамсыз өтіп жатыр.  Өкінішке қарай, біздің елде жұмыссыз отырған әйелдерге мұндай жағдай жасалмаған. Өз басым, болашақта үкімет олардың еңбегін ескеруі керек деп ойлаймын", – дейді Дәурен Өміргелдіұлы.

Оның мәліметінше, аталмыш елдерде "Бала ресурсы", "Ана капиталы", "Ана қоры" деп аталатын қосымша қаражат жинап отыратын мемелекеттік қорлар бар.

"Ананың немесе баланың денсаулығын дұрыстауға қаржы қажет болғанда Еуропаның әйелдері қаржы іздеп сабылмайды. Олар құжат жинап, қорда жиналған ақшаны алады. Қорды жергілікті бюджет субсидиялап отырады", – деді Дәурен Өміргелдіұлы.

Осы мәселеге қатысты экономист-сарапшы Арман Мусин: "Біздің үкімет тым құрығанда жұмыссыз отырған әйелдердің зейнетақысын субсидиялап отырса жөн болар еді", – дейді.

Оның айтуынша, Ресейде жұмыссыз отырған әйелдерге төленетін жәрдемақы жүйесі бар. Мұнда жәрдемақы әйелдердің жұмыс өтіліне қарай есептеліп, әйел адам басқа жұмыс тапқанша төленеді. Оның мөлшері шамамен, біздіңше 38 мың теңге.

"Қазақстанда жұмыссыз отырған әйелдерді ер азаматы асырайды, болмаса балаларына тағайындалатын жәрдемақымен күнелтеді. Егер күйеуі жұмыс істесе, әйелге 8-9 мың теңге жәрдемақы да төленбей қалады. Өйткені үйге кіріс кіріп, ер азаматы жалақы тауып отыр деген сылтау айтылады. Жұмыс істемейтін әйел күні ертең зейнетке шығатын жасқа жетсе, жұмыс істемегені үшін ең төменгі зейнетақы тағайындалады. Өйткені әйелдің зейнетақы қорына жылдар бойы қаржы аударылмаған. Зейнет жасына жеткенде әйел адам 28 мың теңгені талғажау етіп қала береді. Мұндай қаржыны бір айға жеткізу мүмкін емес. Сондықтан үкімет болашақта осы жүйені қолға алып, жұмыссыз отырған әйелдердің зейнетақы жүйесіне субсидия бөлу керек деп есептеймін. Ай сайын белгілі бір жарна тағайындап,  әйел жұмыс тауып, қызметке тұрғанша, зейнетақы жүйесіне бюджеттен қаржы аударылып отырса жөн болар еді", – дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.

2018 жылғы 1 қаңтардан зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізілгенін алға тартқан сарапшы маман Марал Төртенова алдағы уақытта жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге аз зейнетақы тағайындалатыны даусыз екенін айтты.

"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Зейнетақымен қамсыздандыру" туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Онда зейнеткерлердің 1998 жылдан бастап еңбек өтілі есепке алынады. Заң бойынша адамның базалық зейнетақысы еңбек өтілімен тығыз байланыста екені көрсетілген. Мысалы  шілде айына дейін базалық зейнетақы көлемі 15, 274 теңгеден, 28, 284 теңгеге өсті. Осы зейнетақыны жылдарға шағып, жоғары зейнетақы алу үшін, еңбек өтілі кем дегенде 33 жыл болуы керек. Сонда ғана 28,284 теңгеден базалық зейнетақы есептеліп, 33 жыл өтілі барлар жоғары зейнетақы алады. Ал еңбек өтілі бұдан аз болса, зейнетақы мөлшері төмендейді. Бұл ретте үйде жұмыссыз отырған әйелдер мәселесі ойлантпай қоймайды. Егер жұмыссыз отырған әйелдердің зейнетақы қорына субсидия ретінде қаржы бөлініп отырса, онда олар ең төменгі зейнетақы емес, орта зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болар еді.

Болашақта бұл ұсынысты қажетті инстанциялар қолға алады деп үміттену керек. Бала күтімінде отырған әйелдерге мемлекет тарапынан немесе жергілікті бюджет есебінен зейнетақы қорына қаржы аударылып отырса жөн болар еді деп ойлаймын", – деді Марал Төртенова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу