Үкімет «сақалды жобаны» салуға кірісті

Үлкен Алматы айналма жолынан 280 миллиард теңге жинауға мүмкіндік бар.

03 Маусым 2018 09:19 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Үкімет «сақалды жобаны» салуға кірісті, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы», ҮААЖ, БАКАД, Алматы, Инвестициялар және даму министрлігі, Alarko, Makyol, SKEC

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің негізінде тұрғызылатын Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба – «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» (ҮАААЖ) құрылысы басталды.

Айта кету керек, шенеуніктер оны орысша нұсқасына қарай «БАКАД» деп атайды. Сондай-ақ халықаралық таныстырылымда «Big Almaty Ring Road» деген атау қолданылды. Ал жергілікті тұрғындар басқа атаулар ойлап тауыпты.

«Бастапқы жоспар бойынша бұл айналма жол Алматыны толықтай дерлік айналып шығады деп күтілген. Бірақ әл-Фараби даңғылынан жоғары үйлерді уақытылы сүре алмай, содан «экологияға зияны келеді» деп сылтауратып, одан бас тартты. Ендеше жобаның атауын да ауыстырулары керек. Ол енді тек «жартылай айналма» болып қалды ғой», – дейді алматылық Василий Синельников.

Интернет форумдарда пікір қалдырушылардың бірі бұл жобаны «Платная Алматинская Полукольцевая Автомобильная Дорога Особого Статуса (ПАПАДОС!)» деп атауды да ұсынады.

Әрине, әзіл-әжуа өз алдына, енді ресми дәйектемелер мен деректерге келейік.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылысын бастау салтанатына Астанадан басты жауапты тұлға саналатын инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті ертіп, үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминнің өзі қатысты.

Бірінші вице-премьер тау бөктеріндегі онсыз да қалың түтін мен ыстан қақалған шаһардың ауасын тазартуға, әсіресе жүк көліктеріне қала көшелеріне кірмей, айналып өтуге мүмкіндік беретін автомобиль жолының құрылысы жобасын жүргізу аса маңызды екендігін атап өтті.

«ҮАААЖ мемлекеттік және жекеменшік сектордың тізе қосуымен басталған Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болып есептеледі. Жобаның құны 180 миллиард теңгені құрайды. Жобаға әлемдегі озық компаниялардың қатысуы бізге бұл жолды төрт жылдан кейін іске қосуға мүмкіндік береді. Жоба Қазақстанның экономикалық даму қарқынын, мемлекеттік және жеке сектордың өзара бірлескен іс-әрекетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгендігін паш етеді», – деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, Алматы қаласының серпінді дамуы, сонымен қатар мегаполис тұрғындары санының артуы көлік инфрақұрылымын одан әрі кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды қажет етеді. Яғни, бұл жол жаңа жұмыс орындарын құру үшін де маңызды екен.

«ҮАААЖ құрылысы өңірдің ғана емес, жалпы Қазақстанның инфрақұрылымдық және экономикалық дамуының жаңа кезеңін көрсетеді», – деген бірінші вице-премьер Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктеріне және мердігерге осы алып жобаны 2021 жылы аяқтауды тапсырды.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың хабарлауынша, өңірде инфрақұрылымдық жобаны табысты жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалды.

«Осы автожол құрылысына жергілікті тұрғындардың 90 пайызы қатыстырылады. Шамамен екі мың жұмыс орны ашылады. Жергілікті атқарушы билік тарабы ҮАААЖ құрылысын қарқынды жүргізуге барлық көмектері мен қолдауын білдіреді», – деді өңір әкімі.

Ал инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҮАААЖ құрылысы жобасын «Алматы үшін төтенше қажетті болғандықтан» қолға алғандарын мәлім етті.

Жобаны «Алсим Аларко – Макйол – СК-Корея Экспрессвэй» консорциумы іске асыратын болады. Осы мақсатта 2018 жылғы 7 ақпанда инвестициялар және даму министрлігі аталған құрылыс компаниялары консорциумымен арада «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» құрылысын жүргізу және пайдалануға беру жөнінде концессиялық келісім жасасыпты. Бұл ретте Alarko мен Makyol екеуінің әрқайсысының үлесі 30 пайызды құрайды, ал SKEC-ке 40 пайыз тиесілі болады.

«66 шақырымдық осы алматылық айналма жол 1-ші техникалық категорияда болады, алты жолақтан тұрады. Мұнда автокөлік құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жол айырықтары, эстакадалар құрылысы жүргізіледі. Жобаны жүзеге асыру көлік қызметінің сапасын көтереді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Алматы қаласындағы қозғалыс ағынын азайтуға, оған кіретін транзиттік көліктер санын төмендетуге, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді», – деп тізбеледі министр.

Оның сендіруінше, бүгінде құрылыс жүргізілетін жерлер бөлініп болған, консорциум да құрылысқа дайындық жұмыстарын аяқтапты.

«Ұзындығы 10 шақырым болатын 4-ші іске қосу кешеніне де оң сараптамалық қорытынды алынды. Онда мердігер қазіргі уақытта құрылысты бастап кетуге толық дайын отыр», – деді Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде Консорциумның қатысушысы, «АлсимАларко» АҚ вице-президенті Шахин Аббас үлкен айналма жолды салушы консорциум жобаны уақтылы жүзеге асыруға бар күшін салып жатқанын айтады. Ол сондай-ақ журналистерге жобаның параметрлері мен оны іске асыру жоспарлары туралы баяндады. Мәселен, оның дерегінше, жоба аясында Алматы өңірінде 21 көпір, 19 жол өтпесін, 8 жол айырығын, ақы жинау жүйесі мен инженерлік желілерді салу жоспарланған.

Құрылыс 4,5 жыл бойы жүреді. Іске қосылғаннан кейін үкімет МЖӘ аясында үлкен айналма жолды 15,5 жыл мерзімге инвестордың пайдалануына және онымен өтетін барлық көліктерден ақы жинауына береді. Бұл жерде аталған консорциум құрамына түрік және корей мердігерлері кіретінін айта кеткен жөн.

Батыста айтылатын терминге жүгінсек, ҮАААЖ «хайвэй» болады, яғни оның бойымен еш кідірмей, зулауға мүмкіндік бар. Жоба бойынша бұл жолдағы рұқсат етілетін есепті жылдамдық сағатына 150 шақырымға дейін барады. «Қозғалыс жиілігі» көрсеткіші бойынша онымен тәулігіне 38 мың автокөлік өтеді деп болжануда.

Еліміздегі әзірге жалғыз ақылы жол – Бурабайға апарар «Астана-Щучинск» автобанында жеңіл автокөлік үшін әр шақырымына 1 теңгеден, ал жүк көліктерінен 6-дан 10 теңгеге дейін жинайтыны мәлім. Осы тариф бұл жолда да негізге алынуы ықтимал. Демек, осы көрсеткіштер бойынша инвесторларға қанша пайда түсетінін есептей беруіңізге болады. Айталық, егер осы жолмен тәулігіне жүйткіп өтеді деп күтілген 38 мың машинаға 10 теңгеден шақсақ (болашақ девальвациялар мен инфляцияларды ескерсек, бұл солай болуы да ғажап емес), онда ҮАААЖ-дан күн сайын 25 миллион, ай сайын 752,4 миллион, ал жыл сайын 9 миллиард теңге жиналмақ. Дегенмен, бұл жобаның ірілігі ескеріліп, оның тарифі де Бурабай автобанынан өзгешелеу болуы ықтимал.

Инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев бұл жолдан қанша пайда табу көзделіп отырғанын айтты және ол сандар жоғарыдағы есептемелерден өзгеше.

«Бұл жолдың құрылысы Алматыдағы көлік ағынын жеңілдетеді, экологиялық жағдайын жақсартады, сондай-ақ жол кептелістері проблемасын шешеді. Жол ақылы болады, онда ақы жинау жүйесі орнатылады. Осы арқылы біз 280 миллиард теңге жинауды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Бұдан бөлек, биылғы жыл басында инвестициялар және даму министрлігі «25,5 жылда (бірінші күрделі жөндеуге дейін) – 570 млрд теңге табыс түседі» деген есептемесін жария етті.

Қала әкімдігінің статистикасы бойынша Алматыда 550 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұған қоса, күн сайын Алматы облысынан және басқа да өңірлерден шамамен 250 мыңдай автомобиль де қалаға кіреді екен. Бірақ олардың тек 15%-ы ары қарай кететін транзиттік көліктер. Сол себепті, алматылықтар көшедегі көлік «тығындарының» жойыларына шүбә келтіріп отыр.  

Алматылық үлкен айналма жолдың құрылысы Алматы облысының үш ауданы – Қарасай, Іле және Талғар аудандары аумағында жүреді. Жобаны дайындау барысында ол үшін 742 жер телімі босатылыпты.

Сонау 2002 жылы-ақ жоспарланған, ұзақ күттіріп, қазір ғана басталған ҮАААЖ бастапқыда 350 миллиард теңгеге түседі деп хабарланды. Алайда инвестициялар және даму министрлігі оның құнын қайта есептеген. Нәтижесінде, ол енді шамамен 150-180 миллиард теңгеге бағалануда.  

Бақыт Көмекбайұлы