Үкімет басшысы: Әлі күнге дейін көптеген өңірде цифрлық инфрақұрылым жоқ

671

Премьер-Министр Әлихан Смайылов білім беру ісі мен IT-инфрақұрылымды сауатты ұйымдастыра білу қажет екенін айтты. 

Үкімет басшысы: Әлі күнге дейін көптеген өңірде цифрлық инфрақұрылым жоқ Фото: pixabay.com

Ол Алматы және Қарағанды облыстарының тәжірибесі негізінде әр өңірде IT-хаб құруды тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Біз жаһандық IT-нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін әрбір өңірде өз IT-хабы мен заманауи IT-мектептері болуы тиіс. Бірақ та әлі күнге дейін көптеген өңірде цифрлық инфрақұрылым жоқ. Мамандар да жоқтың қасы", - деді Үкімет басшысы.

Ол өңірлердің бұл мәселеге тиісті көңіл бөліп отырмағанын айтып, сынға алды.

Бұл ретте Әлихан Смайылов бірқатар табысты мысалдарды да тілге тиек етті. 

"Алматы және Қарағанды облыстарында өңірлік IT-хабтар мен мектептер жұмыс істейді. Осындай оңтайлы тәжірибені басқа өңірлерге де кеңінен тарату қажет. Сондай-ақ, стартап-жобаларды дамыту мәселесінде сұрақтар көп. Бастапқы кезеңде оларды қолдауға көңіл бөлінгенмен, әрі қарай бизнесті кеңейтуге қаражат табылмай қалады. Оның соңы жобаның орта жолда  тоқтап қалуына әкеледі", - деді ол.

Премьер-Министр осының бәрі де IT-индустрияның дамуына кедергі келтіріп, саланың экспорттық әлеуеті жоғалатынын жеткізді.

"Бұған ірі бизнесті, банктер мен венчурлық қорларды және басқа да құралдарды тарту қажет. Біз қолда бар барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалануымыз керек", - деді Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты ол Алматы және Қарағанды облыстарының тәжірибесі негізінде әр өңірде IT-хаб құруды тапсырды.

"Екіншіден, әкімдіктер адам капиталын дамытуды қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін программистерді, дизайнерлерді, инженерлер мен осы саланың өзге де мамандарын даярлау үшін IT-мектептер құру қажет. Үшіншіден, ғылым министрлігі IT-мамандарын оқыту бағдарламасын әлемдік трендтерге сай барынша икемді етіп жасауы тиіс", - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар венчурлік қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін  заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу қажеттігін де жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу