Үкімет кооператив «көбігімен» күресуде

Қазақстанда құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жартысына жуығы «жалған» болып шыққан.

29 Мамыр 2018 15:26 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Үкімет кооператив «көбігімен» күресуде, ауыл шаруашылығы кооперациялары, Үкімет , Ауыл шаруашылығы министрлігі, жалған кооперативтер

Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында ашық айтылды.

Бірақ бұл идеядан ауыл шаруашылығы министрлігі бас тартпайды, керісінше, ары қарай өркендетпек. Сонымен бірге, жауапты ведомство әкім-қаралар мен шенеуніктердің жүзеге асыру барысында әп-әдемі идеяны «құн-жын қылғанын» мойындауға мәжбүр.

«2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңының қабылдануы кооперацияны дамытудың негізгі кедергілерін жоюға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, кооператив мүшелері табысты өзара бөлісу құқығына ие болды, кооператив қызметіне жыл сайын аудит жүргізу үшін ревизиялық одақтар институтын дамытуға жағдай жасалды, 3 заңның орнына 1 заң қолданылатын болды, арнайы салық режимін ауыл шаруашылығы кооперативі де пайдалана алатын болды, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет түрлері нақты сәйкестендірілді», – деді алдымен АШМ бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Бірақ бұл ретте қолданылған бір қағидат «кооперативтік көпіршіктің» туындауына соқтырған. Мәселен, министрліктің дерегінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығының барлық салаларында 1180 ауыл шаруашылығы кооперативі (АШК) тіркелді. Алайда тексерістер мен тәжірибе көрсеткендей, «бүгінде соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауды тек 528 АШК ғана жүзеге асырып отыр, ал қалған кооперативтердің барлығы не жаңа форматта өз қызметін жүзеге асырмайды немесе келешегі жоқ деп танылған».

Мұндай масқараны тоқтату үшін үкімет шұғыл шаралар қабылдапты. Атап айтқанда, «2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасына» түзетулер енгізіліп, әкімдіктердің кооперативтер құру бойынша индикативті жоспарлары және сол бойынша рейтингін түзу тәжірибесі алынып тасталды. Нәтижесі не болды? Рейтингке енді әсер етпейтініне әкімдер іштей сенбей ме, әлде шынымен сала жаңа серпін алды ма, әйтеуір содан бері көрсеткіш тағы екі жарым есе «көркейіп» шыға келді. Және осы санның да жартысынан көбі «өлі туған кооперативтер».

«Биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша статистикалық деректерге сәйкес, 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2 849 кооператив тіркелді. Алайда президент әкімшілігінің тексеру қорытындылары бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясының тиімді дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелік проблемалар анықталды. Біріншіден, кооперативтердің 18%-ы жұмыс істемей тұр, тағы 42%-ы тек қағаз жүзінде ғана құрыла салынған. Екіншіден, кооператив мүшелері өндірген өнімдерін өңдеумен, өткізумен байланысты проблемаларға маңдай соғуда. Үшіншіден, кооперативтердің дамуын ынталандыру шаралар жеткіліксіз. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жетіспейді. Бесіншіден, әкімдіктердің деректері статистикалық деректерге сәйкес келмейді», – деді Арман Евниев.

Бұл аз болғандай, «қолданыстағы мембағдарламаны өзектілендіру жұмысы барысында» агроөнеркәсіптік кешеннің 6 түйінді проблемасы анықталған, оларды шешпей, ауыл шаруашылығы кооперациясы ілгері баспайтын көрінеді.

Бұлар: біріншісі – «еңбек өнімділігінің төмендігі», екіншісі – «өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, осының салдарынан өңдеуші кәсіпорындардың толық жүктелмеуі», үшіншісі – «техникалық жарақталу деңгейінің нашарлығы», төртіншісі – «салалық білімнің жетіспеуі», бесіншісі – «өнімді сатудан түсетін кірістің аз болуы», алтыншысы – «қосымша шығындардың жоғары болуы».

«Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламада белгіленген 6 индикаторды салыстырып қарағанымызда, олар жоғарыда көрсетілген проблемалардың шешілу дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейтінін, кооператив мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың жалған ақпарат беріп, көрсеткіштерді бұрмалауына мүмкіндік туғызатынын анықтадық. Сондықтан қолданыстағы нысаналы индикаторларды ауыстыру қажеттілігі туындады», – дейді ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары.

Осы орайда үкімет отырысында агрокооперацияны дамыту бағдарламасының мақсатын бұдан былай «еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы кооперациясына қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін әрдайым арттырып отыру» деп белгілеу ұсынылды.

Бұдан бөлек, «нақты өлшеуге келетін және жыл сайын кемінде 10 пайызға өсіп отыруға тиіс мынадай 3 түйінді индикаторды жүргізіп отыру ұсынылды, бұлар «кооператив қатысушыларының еңбек өнімділігін арттыру», «өнімді сатудан (оның ішінде экспорттан), қызмет көрсетуден түсетін пайданы өсіру», «ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі қаражатына салынатын инвестицияларды ұлғайту». Рейтинг те енді осыған қарай құрылады.

Сондай-ақ жалған емес, нақты жұмыс жасайтын кооперативтер санын көбейту үшін қолдау шараларын арттыру көзделуде. Мәселен, инвестициялық субсидия, дайындаушы ұйымдардың қосылған құн салығын субсидиялау, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен мал шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидиялар болады.

Биыл кооперативтер үшін бордақылау шығындарын арзандатуға 495 миллион 500 мың теңге, сүт өндірумен айналысатын кооперативтерге 478 325 мың теңге бөлініп отыр.

Мұның сыртында бұрын болған «АӨК субъектілерінің кредиті және лизингі бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау» қалпына келтірілетін болады. Шаруа, фермер қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, жеке кәсіпкерлерге микрокредит беру жалғасады.

Өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі құралы «көлденең» және «тік» (зәкірлік) кооперация болып табылады. Зәкірлік кооперация шағын және орта фермерлердің және олар құрған кооперативтердің өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді.

Бұған қоса, кооперативтердің қауымдастықтар немесе одан да ірі кооперативтер құруына мүмкіндігі бар. Жеке қосалқы шаруашылықтар кооперацияға дара кәсіпкер, шаруа, фермер қожалығы нысанында қатыса алады.

Мұндай модельдердің табыстылығын сүтті кооперативтер бойынша әлемдік тәжірибеде бар мысалдар растайды. Жаңа Зеландия, Голландия, Швеция, Дания, АҚШ және Оңтүстік Кореяның шағын және орташа фермерлері ірі кооперативтерге бірігіп, өздерінің тиімділігін арттыруда және нарықты жаулап алуда.

Өз интернет ресурсы аз болғандай, АШМ кооперативтерге қызмет көрсету үшін арнайы сайт-портал құратын болды. Онда енді әр кооператив тіркелуі қажет. Осылайша, министрлік әрқайсысын бақылауға алмақ. Бұл сайттың аса қажеттігінің дәлелі ретінде бірінші вице-министр «ол портал ақпарат жинауды автоматтандыруға және кооператив деректерін мониторингтеуге, нәтижесін бағалауға, жұмыс орындарын және әр қатысушының еңбек өнімділігін есептеуге, цифрлық сауаттылықты оқытуға, кооператив пен қатысушылар арасында рейтинг жүргізуге мүмкіндік беретінін» айтты.

«Кооперацияны дамыту бағдарламасының негізгі қатысушылары: ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер және «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы. Министрлік стратегия, мемлекеттік қолдау, заңнама мәселелеріне ғана жауапты. Жергілікті атқарушы органдар ең алдымен кооперативтерге өткізу нарықтарын ашады, өңірлерде салалық кооперация құруды. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы – оқыту, кеңес беру, маркетингке жауап береді. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы кооперациясының бастапқы кезеңін аяқтадық. Енді ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі құралы ретінде оны дамытудың жаңа кезеңіне өтеміз», – деді Арман Евниев.

Өз кезегінде үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы министрлігіне кооперативтерді құру мен дамытудан қандай пайда барын, олардың мультипликативтік әсерін талдауды тапсырды. Атап айтқанда, АШМ бұлайша біріктіру ет және сүт өнімдері көлеміне, құрылған жұмыс орындарының санына, сұраныс пен бағаға қаншалықты әсер етіп отырғанын анықтауға міндетті.

Сондай-ақ премьер АШМ-ге «мүдделі меморгандармен бірлесіп, АӨК мембағдарламасына түзетулер енгізу аясында агрокооперацияларды дамыту шараларын егжей-тегжейлі пысықтауды» жүктеді. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды, ауылдық жерде жұмыспен қамтудың жоғары болуын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын одан әрі арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Әйтпесе, бәрі бекер.

Бақытжан Сағынтаев осы тапсырмаларының орындалуын үйлестіруге және бақылауға өз орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жауапты болатынын нықтады.

Бақыт Көмекбайұлы