Астанадағы "Пирамида" "Достық үйіне" айналады

2603

Бүгін Астанада ел президенті, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілік етуімен Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. 

Астанадағы "Пирамида" "Достық үйіне" айналады Фото: tengrinews.kz

Қазақстандықтардың, Қазақ елін жайлаған барша этностардың бұл жолғы құрылтайының күн тәртібіне "Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры" деген тақырып шығарылды.

Ұйымдастырушылардың есебінше, XXVI сессияның жұмысына 1 500-ден астам адам қатысты. 

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев алдағы он жылға арналған үш үрдіс-трендті атап, ескерту жасады.

"Дүниежүзіндегі этникалық ахуал біздің ішкі саясатымыздың стратегиясының дұрыстығын растап отыр. Біз ешқашан азаматтарымызды қандай да бір нышаны бойынша бөле-жарған емеспіз. Енді еліміздегі, қоғамымыздағы бірлігімізді бұдан да нығайта түсетін кез келді. ХХІ ғасыр әлемдік сын-тегеуріндер мен қатерлер ешқайда да жоғалмайтынын паш етті. Жұмыс жасап, проблемаларды шешу қажет. Жаһандық дағдарыс тіпті дамыған елдердің де әлеуметтік мүмкіндіктерін азайтты. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының байламынша, алдағы он жылға үш тренд даралануда екен. Оны да назарға алу керек. Бұлардың біріншісі – әл-ауқат бойынша теңсіздік, екіншісі – әлеуметтік ара-жіктердің ашылуы, үшіншісі – экологиялық қатерлердің өсуі. Басқа заман тууда, онда әрбір адам өзінің болашағы үшін өз мойнына жауапкершілік алуы керек. Мұны да ұғынуымыз қажет", – деп сақтандырды елбасы.

Оның байламынша, қазақстандықтардың бірлігі еліміздің заманауи әлемдік сын-қатерлерге қарсы тұруына көмектеседі. Қазақстан көшбасшысы халық бірлігін "қасиетті бойтұмар" деп бағалады.

Сөзін әрі сабақтаған президент өз еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға да тоқтала кетті.

"Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша біз 600 доллардан он мың долларға жуық межеге дейінгі үлкен жолды жүріп өттік. Егер девальвация болмағанда, бұл көрсеткіш әлдеқайда қомақты болатын еді", – деді елбасы.

Жақында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлағанындай, 2017 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 52,4 триллион теңгені құрады. Ал 2018 жылы ол 57,2 триллион теңгеге жетеді деп болжануда. Бұл ретте жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 мың 215,4 долларға дейін ұлғаяды.

Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін ең бірінші оларды баспанасыздық тауқыметінен құтқару қажеттігі сөзсіз. Сессияда сөз болған президенттік бес бастаманың бір бағыты соған бағдарланған. Осы орайда мемлекет басшысы өз бастамасымен ұлттық банк әзірлеп жатқан "7-20-25" бағдарламасы аясында қиындықсыз ипотека ала алу үшін отбасыда қанша адам жұмыс жасауы керектігін айта кетті.

"Бірінші бастама тұрғын үйі жоқ азаматтарға соны сатып алу үшін жаңа мүмкіндіктер береді, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігіне қатысты проблеманы шешеді. Біздің бәріміз баспананың маңыздылығын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл проблеманы бірінші орынға қойдым. Әрбір жұмыс жасаушы қазақстандықтың жаңа шарттар бойынша ипотека ала алуы аса маңызды деп санаймын. Біз барлығын есептеп шықтық. 50-60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді иеленіп, оның ипотекасы бойынша төлемдерді төлей алуы үшін отбасыда екі адам жұмыс жасауы қажет, сонда бұл отбасылық бюджет үшін аз жүк түсіреді. Демек, бұл миллиондаған азаматты қамтымақ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол жаңа ипотекалық бағдарлама жас қазақстандық отбасылардың қатарының артуына ықпал етуі ықтималдығын білдірді.    

Дәл осы тақырыпты қатысушыларға түсіндіру үшін сессияда ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады. Оның мәліметінше, арзандатылған ипотека бойынша Астана мен Алматыда ең көп дегенде 25 миллион теңгеге дейін, ал өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Осы тұста президент оған ескерту жасады.

Мемлекет басшысы республикалық маңыздағы қос ірі қалада пәтер құнының қымбат тұруының себебі барлығын, ал өңірлерде салушылардан шаршы метр құнының қолжетімді болуын талап ету қажеттігін нықтады.

Расында, бұдан бұрын аталған бағдарлама бойынша тұрғын үйдің ауданы 75 шаршы метрмен (3 бөлмелі) шектелетіні айтылған. Егер құжаттың ақырғы нұсқасында сол жоғарғы шек сақталса, өңірлердегі баспананың шаршы метрінің құны 200 мың теңге тұрмақ.

Қазақстан президенті қаржылық реттеуші басшысының шенеуніктік қасаң тілге құрылған баяндамасына көңілтолмастық білдірді:

"Данияр Талғатұлы - нағыз қаржыгер. Дегенмен  қаржыгердің тілімен айтқанынан қарапайым адам түк те ұқпас", – деп бас шайқаған ол жиналғандарға жаңа ипотеканың мән-жайын қарапайым тілмен түсіндіре кетті.

"Жылдық сыйақысы 7 пайыз ғана. 25 жылға дейін несиелендіріледі. Адамдар үш бөлмелі пәтер құнының тек 20 пайызын ғана төлейді. Өзінің қолынан келмесе, ата-аналары көмектеседі. Әлгінде баяндама жасаушылардың бірі "егер өмір жалғыз рет қана берілсе, оны Шымкентте өткеру керек" деп айтып жатыр. Шымкентте 200-500 адамға арналған алып тойханалар салынады, бұл не ысырап. Оның орнына бұл қаржыны баспана алуына бергендері жөн. Ең үлкен сый да сол болады", – деді елбасы.

Сессияда ел арасында "Пирамида" деп аталып кеткен "Бейбітшілік және келісім сарайы" барша Қазақстанның "Достық үйіне" айналуы мүмкіндігі жария етілді.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ірі қалалардың болашағына шолу жасай кетті.

"Қазақстанға бірнеше мегаполис керек. Астана екі миллиондық қалаға, Алматы үш миллиондық, ал Шымкент миллион тұрғыны бар шаһарға айналады. Дәл осындай қалаларда ғылым, мәдениет, технологиялар өркен жаяды. Сонымен қатар, елордамызда да төл "Достық үйі" болатын уақыт жетті деп ойлаймын. Ол барша қазақстандықтарды бір жерде ұйыстыруға тиіс. Бұл үшін мына біз сессия өткізіп отырған ғимаратты, Бейбітшілік және келісім сарайын соған тапсыру қажет. Мұнда үш жылда бір рет қана "әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп тұрады. Ал қалған уақытта оның іші, барлық кабинеттері мен орынжайлары "Достық үйі", яғни бүкіл Қазақстанға арналған достық орталығы болуына мүмкіндігі бар", – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу