Республикалық маңызы бар автожолдарға қазынадан қаржы бөлу тоқтатылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3664

Үкімет отырысында "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары шығарылды.

Республикалық маңызы бар автожолдарға қазынадан қаржы бөлу тоқтатылады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, "Нұрлы жолды" жүзеге асыруға осы жылы барлық көздер есебінен жарты триллиондай қаржы, дәлірек айтқанда, 484,2 млрд теңге бөлінген. 1 қазандағы жағдай бойынша оның тек 313,7 млрд теңгесі немесе жылдық жоспардың 65%-ы ғана игерілді.

"Бірінші бағыт – көліктік-логистикалық және индустриалдық инфрақұрылымды дамыту бағытында 22 негізгі республикалық маңызы бар автожол жобаларын іске асыруға ағымдағы жылы 259,8 млрд теңге көзделген. 1 қазанда 150,4 млрд теңге, яғни бұл бағыт қаржысы толық көлемде игерілді. Жалпы ағымдағы жылы 602 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда", – деді бас экономист.

Бұл бағыт отандық бизнесті өркендетуге және оның өнімдерін ішкі-сыртқы нарықтарға ілгерілетуге қызмет етеді.

Атап айтқанда, логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 2017 жылы 55 млрд теңге жұмсалмақ, оның ішінде біріншіден, "Құрық" теңіз портындағы паромдық кешеннің 2-ші фазасының құрылысына 50 млрд теңге көзделген. Қазіргі кезде "ҚТЖ" соның 33,4 млрд теңгесін игеріпті. Жұмыс құрылыс-монтаждау жұмыстарының жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Министр жылдың соңына дейін қаражат толық көлемде игерілетініне уәде етті.

Екіншіден, Астана қаласы халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы объектісінің қосымша инфрақұрылымының құрылысына 2017 жылы ұлттық қор қаражатынан 5 млрд теңге бөлінді. "Астана халықаралық әуежайы" АҚ-ы жарғылық капиталын ұлғайтуға ұлттық қор қаражатынан 3,5 млрд теңге соммада төлемдер "Астана халықаралық әуежайы" АҚ шотына аударылып, толық көлемде жұмсалыпты. Қалған 1,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат қаржыминінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің нұсқамасына сәйкес мемлекеттік бюджетке қайтарылатын болады.

Үшіншіден, "Алматы 1 – Шу" учаскесінде екінші жол салуға "ҚТЖ" өз қаражаты есебінен 10,4 млрд теңге көзделген. 2017 жылы жалпы зауыттық объектілер инфрақұрылымның объектілері құрылысын жалғастыруға "ҰИМТ" АЭА қаражатынан 7,7 млрд. теңге көзделді. 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдайы бойынша көзделген қаражат толық көлемде "Самрұқ-Қазына" қорына аударылды. Жылдың соңына дейін қаражат толық көлемде игерілетін көрінеді.

Бағдарламаның екінші бағыты – "жылумен, сумен жабдытқау және су бұру жүйелерін жаңғырту" бойынша 2017 жылы ұлттық қор қаражаттары есебінен 53 млрд теңге шығындау көзделген. Бұл шамамен 700 шақырым жүйені реконструкциялау мен салуға мүмкіндік береді екен.

"Ағымдағы жылдың 1 қазандағы жағдайы бойынша табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) 44,9 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит берілді. 22,7 млрд теңге игерілді. 2017 жылға жоспарланған 700 шақырымдық жүйенің 452 шақырымы салынды. Бюджеттік несиелендіру шеңберінде табиғи монополиялар субъектілеріне қаражат бөлу кезеңі екі жылды құрайды. Дегенмен, біз әкімдіктерден бөлінген қаражатты игеруді тездету үшін ТМС жұмыс істеуді сұраймыз", – деді үкімет басшысына жүгінген ұлттық экономика министрі.

"Нұрлы жолдың" үшінші бағыты – "білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту" болып табылады. 2017 жылы ұлттық қор қаражаттары есебінен 109 мектепті, оның ішінде 53 үшауысымды білім ордасын ауыстыратын және 56 жаңа мектепті салу үшін 71,7 млрд теңге көзделген. Оның ішінде 76 мектепті ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттерге 56,5 млрд теңге аударылды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар 53,7 млрд тенгесін игерді. 53 мектеп және 2 балабақша пайдалануға берілді.

"Қаражат Маңғыстау облысында (41%), Ақмола облысында (67%), ОҚО (70%) және Жамбыл (86%) облысында уақытында игерілмеген. Қаражаттың уақытылы игерілмеуінің негізгі себептері мемлекеттік сатып алу байқауы нәтижелері бойынша сот процесі болып табылады. Басқа өңірлерде игерілмеу проблемалары байқалмайды. Қыркүйек-қазан айларында пайдалануға 1 ғана мектеп берілген. Бұл ретте, жылдың соңына дейін 21 мектептің құрылысын аяқтау қажет екендігін айта кеткен жөн", – деді Тимур Мұратұлы.

"Нұрлы жолдың" тағы маңызды төртінші бағыты – "Бизнестің жол картасы 2020" шеңберінде кәсіпкерлік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды тартуды қарастырады.

"Кәсіпкерлік субъектілерінің объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды тарту үшін ұлттық қор қаражатынан 2017 жылы 10 млрд теңге көзделген. 9 ай қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес үшін 10 млрд теңге ішінен 4,4 млрд теңге аударылды, 3,5 млрд теңге игерілді. Осы бағыт шеңберінде министрлік өңірлермен бірлесіп, қаржыландыру жоспарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді. Желтоқсан айына жоспарланған барлық қаражат қараша айына жылжытылды. Бұл қаражаттың игерілмеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты қаржыландыру жоспары бойынша қалған 5,6 млрд теңге ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында берілетін болады және жылдың аяғына дейін толықтай игеріледі", – деді министр.

"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша баяндаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда биыл қандай жолдар ақылы болатынын мәлімдеді. Айтқандай, өткен жылы еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы болашақта 7 мыңнан асатыны жарияланған еді. Бірақ бүгін одан мың шақырымға аз сан хабарланды. 

Жеңіс Қасымбек "Астана-Теміртау" және "Алматы-Қапшағай" жолдарымен жүретін көліктерден биылғы желтоқсан айында ақы жинала бастайтынын жеткізді.

"Басымдықты міндеттердің бірі – республикалық маңыздағы автожолдарда ақылы жүйені ендіру болып табылады. 2020 жылға қарай жалпы алғанда 6,5 мың шақырым автожол ақылы болады. Биылғы жылы 470 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдарда ақылы жүйені ендіру жұмыстары аяқталады. Атап айтсақ, бұлар 132 шақырымдық "Астана-Теміртау" және 142 шақырымдық "Алматы-Қапшағай". Бұл екі жол телімдерінде желтоқсанда құрылыс-орнату жұмыстары толық аяқталады. Содан кейін желтоқсан айында-ақ ақы жинау тестілік режимде басталады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Ал келер жылдың бірінші тоқсаны соңына қарай 295 шақырымдық "Алматы-Қорғас" жолы ақылы болады.

Қалған 5,5 мың шақырымда ақылы жүйені енгізу мақсатында биылғы желтоқсанда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады екен. Содан кейін министрдің айтуынша, 2018 жылдан бастап, ақы жинау үшін қажетті қондырғыларды орнату жұмыстары бастау алады.

Инвестициялар және даму министрі 2020 жылға қарай осы жолдардан жыл сайын 30 миллиард теңге ақы жинап отыру жоспарланғанын мәлім етті. Сонымен қатар министр 2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басына қарай бұл сома 45 миллиард теңгеге дейін артатынын хабарлады. 

"Бұл Қазақстандағы жалпы ұзындығы 23,5 мың шақырымдық республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл желісін қалыпта ұстап тұруды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған тіпті бюджеттен қаржы бөлудің де қажеті болмайды", – деп қорытты сөзін Жеңіс Қасымбек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу