Үкімет туризм трендінің толқынына іңкәрланды

Қазақстан Қытайдан – миллион, ал Ресейден 38 миллион турист тартпақ.

12 Шілде 2018 13:57 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Үкімет туризм трендінің толқынына іңкәрланды, туризм, мәдениет және спорт министрлігі, Қытай туристері, турбизнес

Ел үкіметі Бурабай баурайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен, еліміздің туризм саласын дамыту перспективаларына арналған кеңесте бизнестің осы секторын гүлдентуге арналған ғаламат жоспарларымен бөлісті.

Айта кету керек, жаһандық «қара базарда» саудалайтын Қазақстанның басты тауары – «қара алтыннан» біздің биліктің көңілі қала бастағанға ұқсайды. Өйткені қазір Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда әр бөшкесі 70 доллардың ар жақ-бер жағында ғана сатылуда. Ал жер қыртыстарының 5 шақырымнан әрі тереңдігінде жатқан қазақстандық бұл шикізатты өндірудің өзіндік құны қырық долларға дейін жетеді екен. Оның үстіне дүниежүзінде қарқын алған жаңғыратын энергия көздері де «қара алтынның» құнын тек кеміте бермек. 

Сондықтан Қазақстан табысы жыл санап молайып келе жатқан туризм саласына көңіл бөлуі заңды. Сарапшылардың дерегінше, бұл сектор бүгінде жаһандық экономиканың драйвері мен локомотивіне айналуда. Туризм әлемдік ЖІӨ құрылымында барлық қаптаған салалар ішінде жалғыз өзі ғана 10%-ды иеленіп отыр. Туризмге жыл сайын 800 миллиард доллар инвестиция құйылады. Елге келген әрбір 30 турист 1 жаңа жұмыс орнын құратыны анықталған. Бұл саланың қанат жаюы жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, сауда, тамақ өнеркәсібі, көлік қызметі секілді салаларда жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіні мәлім.  

Сол себепті Бурабайда ел үкіметі мемлекет басшысына туризмнің ірі инвестициялық жобаларының «ондығын» таныстырды. Бұлар елімізге келетін шетелдік саяхатшылардың легін қазіргіден 4,2 есеге ұлғайтып, бүгінгі 3,2 миллионнан 13 миллионға дейін арттыруға тиіс. «Тор 10» жобаға отандық және жатжұрттық инвесторлар 5,8 миллиард доллар қаржы салады деп күтілуде. Нәтижесінде, осы ірі жобалардан Қазақстанға жыл сайын 6,5 миллиард доллар табыс кіреді деген болжам жария етілді. Бұл ретте жаңадан 64 мың жұмыс орны құрылуы керек.

Мемлекеттің туризм саласындағы жаңа «өршіл мақсаты» ретінде осы сектордың еліміздің ЖІӨ-сі құрылымындағы үлесін қазіргі 1%-дан 2025 жылға қарай 8%-ға дейін көбейту белгіленді.

Бұл жерде Қазақстан қолға алып отырған он ірі туристік жобаға Астанадағы «Көшпелілер тарихы» орталығы, «Имантау-Шалқар курорттық аймағы», тау-шаңғы кешені болатын және 4 өзені бар «Баянауыл курорттық аймағы», «Балқаш өзенінің жағалауы», «Алакөл өзенінің жағалауы», «Шарын» шатқалы, «Алматы өңірінің таулы кластері», «байырғы Түркістанды қалпына келтіру», «Ащысор» туристік аймағы еніп отыр.

Ірі он жобаның соңғысы «Щучинск-Бурабай курорттық аймағы» болып табылады. Астана іргесіндегі оған өткен жылы 850 мың турист келді. Үкімет ол көрсеткішті 3 миллион адамға дейін жақсартпақ. Бұл мақсатта ЩБКА-ға 177,8 миллиард теңге инвестиция тартылады, 5 мыңдай жұмыс орны түзіледі. 

Дәл осында Елбасы сапар аясында «Республикалық шаңғы спорты базасын» ашты. Бұл нысан шаңғы стадионын, мылтықпен ату алаңын, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық спорт кешенін, трамплиннен секіруге арналған орынды, әкімшілік-тұрмыстық және басқа да мақсаттағы үй-жайларды қамтиды. Президент жауапты биік лауазымды шенділерге «Щучинск-Бурабай курорттық аймағының» аумағындағы инфрақұрылымды дамытуды қадап тапсырды.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтар Отанымыздың көрікті жерлерімен таныса алатындай демалыс орындарын салу басты міндет саналады», – деген Нұрсұлтан Назарбаев тиісті кадрларды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақсартуды маңызды деп атады.

«Бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылады. Бұлар – Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары. Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек», – деген Мемлекет басшысы өңірлердің басшыларын және инвесторларды еліміздің туристік кластерін дамыту үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Туризмге жауапты басты тұлға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, жыл басынан бері ЩБКА-да 400 мыңдай адам табиғат аясында тыныққан.

«Тұтастай алғанда, мұнда биыл туристер саны 1,2 миллионға жетеді деп күтіп отырмыз. Негізгі туристік ағын еліміздің басқа өңірлерінен, сондай-ақ Ресей мен Еуропа елдерінен келуде. Астанаға келетін шетелдік саяхатшылардың шамамен 70%-ы міндетті түрде Бурабайға ат басын бұрады», – дейді министр.

Ол ЩБКА-ны дамыту үшін Үкімет шешімімен осы аймақтың көліктік-логистикалық, инженерлік және инфрақұрылымдық проблемаларын, экологиялық қиындықтарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешетін шаралар жүзеге асырылатынын мәлім етті. Ол үшін республикалық бюджеттен – 58,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінбек.

Ал бизнестен 180 миллиард теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Оларды қызықтыру үшін салықтық жеңілдіктері беру пысықталуда. Бұл ретте Үлкен Шабақты өзені жағалауында «Ақбура» жаңа курорттық аймағын құру, «Бурабай» шаңғы курортын салу басымдықты жоба болып бекітілді. Сондай-ақ елбасы тапсырмасымен, Швейцариядағы Давос, Қытайдағы Боао, Ресейдегі Валдай секілді жаһандық форумдар өтетін орын үлгісінде «Бурабай Конгресс Орталығы» тұрғызылатын болады.

Негізі, Қазақстан өз туризмін тек бірнеше елдің халқы есебінен өрге сүйреуді көздеп отыр. Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл елдер қатарына Ресейді, Қытайды, Үндістанды, Еуропа және Парсы шығанағы мемлекеттерін жатқызды.

«Осы аталған елдерге қатысты Қазақстан нысаналы шаралар қабылдауы қажет. Атап айтқанда, тек туристер үшін ғана визалық және көші-қон режимдері жеңілдетіледі. Біздің көршілеріміз Әзербайжан, Өзбекстан және Грузия дәл осындай қадамға барды», – деді мәдениет және спорт министрі.

«Эйр Астанамен» шетелге шығатын қазақстандықтар кейінгі кездері ұлттық әуе тасымалдаушысы ұшақтарындағы біраз орынды қытайлықтардың және ресейліктердің толтыратынын аңғарып жүр. Өйткені әлемдегі орны ірі болмағандықтан террористер нысанаға алуды қызықсыз санайтын Қазақстан арқылы саяхаттауды шың елінің азаматтары «қауіпсіз» деп тануда. Ал «Натали турс», «Матрешка» және басқа да ірі туроператорларының өздері банкрот болып, бұл бизнесі безгек ұстағандай қалтыраған Ресейдің азаматтары Қазақстан мен Беларусь арқылы шетелге сапарлауға ден қоюда.   

Қазақстан үкіметі осы үрдіс-трендтің толқынында сырғымақ. Атап айтқанда, қазақ елі арқылы өзге елдерге бет алатын транзиттік туристер санын арттыру үшін 2018 жылдың соңына дейін Қытай және Үндістан азаматтарына арнап, Астана мен Алматы аралығында «72 сағаттық визасыз транзит» режимі енгізілді. Бұл игілікті осы елдердің шамамен 9,8 мың адамы пайдаланыпты. Олардың әрқайсысы еліміз экономикасына кем дегенде 350 доллар қалдырып кеткен.    

«Біздің есебімізше, биылғы жыл соңына қарай бұл сан ҚХР мен Үндістанның 1 миллион транзиттік саяхатшысын құрайды. Жалпы, әсіресе, Қытай азаматтары әлем бойынша миллиардтаған доллар шығындайды. Сондықтан қытайлық турист үшін дүниежүзінде қатаң бәсекелестік өрістеуде: 2016 жылы олар туристік мақсатта әлем бойынша 290 миллиард доллар жұмсады. Бұлардан кейінгі орында америкалықтар (151 млрд доллар), Германия (87 млрд), Ұлыбритания (73 млрд) және Франция (48 млрд) орналасты», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұл ойды мамандар да растайды.

«Отандық туркомпаниялар арқылы әлем бойынша сапарлайтын шетелдіктердің, әсіресе, ресейліктер мен қытайлардың саны артуда. Ірі операторларда олардың үлесі үштен бірге дейін жетеді. Ресей турбизнесіндегі дағдарыстың жалғасуын, саяхаттайтын ҚХР азаматтары санының жыл сайын артуын ескерсек, бұл үрдістің тек арта беретінін болжамдауға болады. Қытайлық туристердің қадірі артқаны да жасырын емес. Мысалы, Париждегі атақты Луврда жарқ-жұрқ жарық арқылы бүлдірмеу үшін Мона Лиза картинасын фотоға түсіруге тыйым салынған. Бірақ қытай туристері суретке түсіріп жатады және оған қой деп жатқан ешкімді көре алмайсыз», – деп ой бөліседі осы салаға маманданған қазақстандық компания өкілі Жанар Есенбаева.

Сарапшылар отандық нарық пен компаниялардың өнімін тұтынатын шетелдіктер легінің артуы туржолдамалар мен ұшақ билеттері құнының қымбаттауына ықпал етуі мүмкіндігін жасырмайды.

Бүгінде Ресейден 1,5 миллион адам Қазақстанға саяхаттап келеді екен, олардың біраз бөлігі ары қарай әлемді аралауға аттанады. Дегенмен, жыл сайын дүниежүзінің әр бұрышында демалатын ресейліктердің қатары 38 миллионды құрайтынын ескерсек, бұл шағын ғана бөлік саналады.

Осыған орай Қазақстан Ресейдің Приволжский, Уральский, Сибирский және Дальневосточный федералдық округтері тұрғындарын өзіне бұруға білек сыбана кірісетін болды.

Бақыт Көмекбайұлы