Үкімет жатақханаларды бизнес көзіне айналдырады

6679

Қазақстанда студенттерге арналған жаңа жатақханалар салу тетіктерінің тұсауы кесілді.

Үкімет жатақханаларды бизнес көзіне айналдырады

Енді ғылым мен білім шыңын бағындыруға жан салып жатқан жастарға жатын орын мен тұратын жер ұсыну арқылы шағын және орта бизнес, немесе соған лайықты ғимаратқа ие қазақстандықтар біраз табыс таба алатын болады.

Естеріңізде болса, биылғы 5 наурызда парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан мемлекет басшысы халыққа арналған "Президенттің бес әлеуметтік бастамасын" жария еткен.

Соның "жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту" атты үшінші бастамасы аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді қарастырады. Атап айтқанда, елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап, кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салуды тапсырды.

Бұл жерде сарапшылар "кемінде" деген айқындауышқа назар аудартады. Өйткені қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр. Олардың көбі жатақханадан орын таба алмай, "жетімхана" жағалап, өз бетінше баспана іздеуге мәжбүр. Бұл елордада, Алматыда және мамандыққа баулитын оқу орындары орналасқан басқа да қалаларда "көлеңкелі" бизнестің дамуына ықпал етті. "Возьму девушек (немесе "студентов") на подселение" деген хабарландыруларды олардың кез келгенінен табуға болады. Мұның кейде лас істермен астасып жататыны да жасырын емес. Оқитын жастар арасында баспана төлемін уақытында төлей алмаған студент қыздарды қожайынның жалдау ақысы не жеңілдік үшін ашына болуға иліктіретін жағдайлары туралы әңгіме айтылады.

Үйі болмай, күйі келмей жүрген жастың мамандық пен кәсіпті жоғарғы деңгейде игеруі әрине, қиын.

Сондықтан мемлекет "студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға" мықтап ден қойды. 

Бұл міндетті шешу үшін президент жоғары оқу орындарына, колледждер мен девелоперлік компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауды жүктеді.

Елбасы бұл ретте мемлекеттің білім және ғылым министрлігі арқылы бизнесменнің "жатақхана құрылысына жұмсаған инвестицияларының белгілі бір бөлігін біртіндеп қайтаратынын" мәлім етті.

Осыған орай, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы үкіметпен тізе қоса отырып, президенттің үшінші бастамасын жүзеге асыруға кәсіпкерлер мен жеке құрылыс салушыларды қатыстыру және ынталандыру тетіктерін түзіп шыққан.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов осы тетікке тартылған бизнесмендер кем дегенде 2022 жылға дейін кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыспен қамтылатына назар аударды.

"Қазақстан президенті 2022 жылдың аяғына шейін ең кем дегенде 75 мың орынға жететін студенттік жатақханаларды іске қосу туралы тапсырма берді. Елбасының бұл бастамасын жүзеге асыруды 2019 жылы бастау жоспарланып отыр. Келер жылы оған 15 миллиард теңге бағыттау көзделуде. Бастама 2022 жылы аяқталады, сол кезде қаржыландыру көлемі 225 миллиард теңгеге дейін артады", – дейді Елдос Рамазанов.

Алдағы жылға дейін, яғни биыл осы іске жеке секторды тартудың заңнамалық тұғырын түзетін жеке заң қабылдануы керек.  

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова әр өңірде қызығушылық білдірген қалталы азаматтарды, кәсіпкерлерді, девелоперлерді (ғимарат иелерін) қатыстыру үшін жобаның жұртшылық арасында талқылауға енгізілгені жөнінде хабардар етті.

"Біз әрбір қалада қанша студент жатақханаға зәру екенін талдай келе, өңірлік бөліністегі қажеттілік картасын жасап шықтық. Сондай-ақ біздің министрлік президенттік осы бастаманы орындау үшін қажетті тетікті және арнаулы заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасы келісу рәсімінен өтуі үшін барлық мемлекеттік органдарға және "Атамекен" КҰП-қа жолданды. Олардың келісімі алынған соң, парламентке енгізіледі. Бұл құжат қатып қалған нәрсе емес, егер кәсіпкерлік қауымдастықтан тиісті ұсыныстар болып жатса, біз заңнамаға түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз. Өйткені біздің міндетіміз – осы жобасы табысты атқарып шығу", – деп сендіреді БҒМ вице-министрі.

Ол жатақханалардың құрылысы тетігі инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетімен бірге алдын ала келісілгенін, ұлықсаты алынғанын жеткізді.

Бір айта кетерлігі сол, бұл бастамаға қаражаты жететін кез келген қазақстандық қатыса алатынға ұқсайды. Тіпті жатақхана салатын жері жоқ болса да, проблема емес. Білім және ғылым министрлігі ірі ұлттық университеттердің барлығында жаңа жатақханалар құрылысын жүргізуге жарайтын жер телімдері барлығын жария етті. Ал жерлері жоқ ЖОО-ларды учаскемен қамтамасыз ету және оларға қажетті инфрақұрылымды тарту бойынша жергілікті әкімдіктерге тапсырма берілетін болады.

Сол жерлерде тұрғызған ғимараттарын бизнесмендер жатақхана ретінде оқитын жастарға ай сайын жалға беріп отыра алады. Тек аренда құнын студенттер емес, министрліктің өзі кепілді түрде төлеп тұрады.

"Біз жоғарғы оқу орындарымен, ұлттық банкпен, қаржы және ұлттық экономика министрліктерімен, банктермен, құрылыс компанияларымен бірлесіп, жаңа жатақханалар құрылысы бойынша бірнеше жиналыс өткіздік. Солар қорытындысында бәріне түсінікті, ашық механизм түзіп отырмыз. Ол бойынша ЖОО, құрылыс компаниясы және басқалары ең алдымен өзіне тиесілі жер телімінде, немесе әкімдік бөлген учаскелерде жатақхана салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы (ПСД) әзірлеуі керек. Ол жобада қанша адам үшін жататын орын болатыны көрсетіледі. Екінші қадам: олар біздің министрліктің қаржы орталығымен салынатын жатақхана орындары бойынша келісім жасайды", – деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Осыдан кейін ғимарат иесі "жатақханасы пайдалануға берілген күннен бастап, бекітілетін белгілі бір кезең бойы әрбір орын үшін ай сайын мемлекеттік субсидия алып отырады".

"Қазіргі уақытта алдын ала жоба ретінде 1 жататын орынға, яғни әр студентке орташа есеппен жыл сайын 200 мың теңгеден 8 жыл бойы мемлекеттік субсидия төлеуді ұсынып отырмыз", – деп нақтылады Ерлан Сағадиев.

Демек, егер бір бөлмеде төрт студент тұрса, кәсіпкерге жатақханадағы әр бөлме үшін жыл сайын мемлекет тұрақты түрде 800 мың теңге қаржы аударып тұрады. Ал ғимарат бірнеше қабаттан құралуы ықтимал, демек, нысан иесі бюджеттен кепілді түрде әрі бірнеше жыл қатарынан ондаған миллион қаражат алып тұрады.  

БҒМ-ның байламынша, бұдан мемлекет те "үш жеп, биге шықпақ". Біріншіден, қазіргі дағдарыс кезінде отандық бизнеске қолдау көрсетіп, осы жаңа бағыттың дамуына ықпал етеді. Екіншіден, қиын шақта студенттерді тегін баспанамен қамтып, демейді, бұл топтың қолдауына ие болады. Үшіншіден, министрдің есебінше, осы 75 мың орындық жатақханалар құрылысын бюджет есебінен жүргізу жалдауға қарағанда, әлдеқайда көп қаражат шығындауды талап етеді.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, Қазақстанда жатақханалар салуға қатысуға тіпті Қытайдың бастамасымен құрылған халықаралық қаржы институты – Азия даму банкі де қызығушылық танытып отырған көрінеді.

"Тәбет ас үстінде келеді" деген, бизнесмендер студенттерге жатын орынды жалға берумен шектелмей, онда басқа да бизнес түрлерін қоса дамытуға мүмкіндік беруді сұрауда. Мәселен, "Қазақстанның индустриалдық құрылыс технологиялары" қауымдастығының төрағасы Қанапия Нұрбатыров "жобаның табыстылық-рентабелділігін арттыру үшін салушы компания жатақхана ішінде тағы қандай қосымша объектілерді кіріктіре тұрғыза алатынын" осы іске кіріспей тұрып, тапсырыс беруші жоғарғы оқу орындарымен бірге алдын ала анықтап алуды ұсынды. Әйтпесе, өзге өңірлерден келген студенттер оқудан шығып қалса, жатақхананы 100 пайыз толтыру мүмкін болмай қалуы ықтимал. КҰП кәсіпкерлердің бұл алаңдаушылығына түсінікпен қарайды.

"Бизнес үшін үш мәселе маңызды: бірінші кезекте керектісі – жер, одан кейін инфрақұрылым, үшіншіден, салынған қаражаттың өтелуі. Менің ойымша, ең бастысы, заңнамамен бекітілген нақты келісімшарт болуға, онда барлық шарттар, бір жақтан – бизнестің, екінші жағынан – мемлекеттің жауапкершілігі қолмен қойылғандай жазылуға тиісті", –дейді Елдос Рамазанов.

Бизнесмендер жоғарғы оқу орындары жауапкершілігінің де қатаң реттелуге, олардың бизнес алдындағы барлық міндеттемелерін сақтауы құжат жүзінде талап етілуге тиістігін атап көрсетеді.

"Атамекен" сондай-ақ осы іске жауапты оператордың рөлін анықтау қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, бюджеттен арна тартатын қаражатты бөлу де жариялы, айқын болғаны жөн. Болмаса, жауапты шенеуніктер мен әлдебір ғимарат иесі өзара мәмілелесіп, сыбайласып, жоқ студентті бар қылып, бюджет қаржысын талан-тараж етпеуіне баса көңіл бөлінгені абзал. 

Кәсіпкерлер ЖОО ректорының ауысуы жатақхана салған азаматпен арадағы ұзақ мерзімді келісімшарттың бұзылуына соқтырмауға тиістігіне назар аудартады. Яғни, заңнамада соған кепілдік бекітілуі керек. Бұл негізсіз емес. Мәселен, қала не меморган басшылығында ауыс-түйіс болса, жаңа бастық жаңадан тендерлер өткізіп, өзі қалайтын компанияларды "бюджетбөліске" тартатыны, ал бұрыннан жұмысы жолға қойылған жеткізушілерге негізсіз ауыр талаптар қойып, жолдан шығаратыны бар. Бұл схеманы жаңа ректорлардың да пайдаланбасына әзір еш кепіл жоқ.

Вице-министрі Бибігүл Асылова дәл осы мәселені жіті бақылауға алатындарын нықтады. Оның мәліметінше, бұл осы істің операторы ретінде белгіленген "Қаржы орталығы" АҚ-ының жауапкершілігінде және қадағалауында болады.

Бұл мәселені Астана әкімдігі қалалық актив отырысында жеке қараған болатын. Елорда әкімі Әсет Исекешевтің дерегінше, Астанада жатақхана құрылысын салудың жеке бағдарламасы әзірленетін болады.

"Арнаулы жұмыс тобы құрылды. Астанадағы үш ірі ЖОО-мен жұмысты бастап кеттік. Тиісті жер учаскелерін де анықтап қойдық. Бастысы, олар оқу ғимаратынан алыс емес болуы керек деп отырмыз. Барлық колледж басшыларының ұсыныстары тыңдалып, олардың жатақхана құрылысын салуға қатысты талаптары ескеріледі. Таяу арада біз Астанадағы ЖОО мен колледждер үшін жатақхана құрылысын салудың нақты бағдарламасын әзірлеуіміз қажет", – дейді әкім.

Бас қалада студенттерге арналған жатақхана құрылысын бастауға ірі құрылыс компаниялары ынта-ықылас білдіруде. Мәселен, "Шар құрылыс" бас директоры Жанна Бектемірова мемлекет басшысының осы бастамасын қолдауға дайын екендерін білдірді.

Бірден айта кетелік, тұсауы кесілген тетіктердің барлығы – әзірше жоба түрінде болып отыр. Өңірлердегі бизнесмендермен, банктермен, ЖОО-лар басшыларымен талқылаулар барысында алда пысықталып, толыға түсуі ықтимал. Жеке секторды ынталандыра түсу үшін бағыт алар қаражат көлемі да өсуі ғажап емес.

Қалай болғанда, бұл президенттік бастама бизнес алдынан жаңа мүмкіндіктер ашады, қосымша табыс көзін ашып, кепілді тапсырыспен қамтамасыз етеді, жұмыс орындарының сақталуына ықпал етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу