"Украина одақтастарынан айрыла бастады"

10553

Соңғы кезде ресейлік, сондай-ақ Батыстағы кремлшіл басылымдар осындай ортақ тақырып, нарратив жариялауда. Шынымен солай ма? 

"Украина одақтастарынан айрыла бастады" Фото: tehnowar.ru

Бұған бір жағынан, Үндістанда 9 қыркүйекте өткен G20 саммиті түрткі болды. Үлкен жиырмалыққа кіретін алпауыт елдер былтырғы ұстанымын күрт жұмсартып, бұл жолғы қорытынды мәлімдемесінде Ресейдің агрессиясын айыптаудан бас тартты.

Екінші жағынан, таяуда Киевтің ең жақын одақтасы саналатын Польша басшылығының Украинаға әскери көмек беруді тоқтатқаны, бұдан былай ұлттық армиясын нығайтуға басымдық беретіні туралы мәлімдемесі әлгі нарративке құрылған байбалам өртінің қайта қаулауына тамыздық болды. Бірқатар поляк сарапшылары контршабуылы дағдарған Украинаның майданда Ресейді жеңе алатынына күмәндана бастапты. Сондықтан Польша ары қарай өз әскерінің қуатын арттыра түсуге баса көңіл бөлгені жөн көрінеді.

Енді міне, Мәскеу мен оның пропагандасының осы тақырыпты одан ары бықсытуына негіз беретін жаңалықтар легі тағы артты.

Өткен сенбіде, 30 қыркүйекте Украинаның бір одақтасы – Словакияда парламенттік сайлау ұйымдастырылды. Онда Украинаға көмекті доғаруды ұсынған партия ең көп дауыс жинап, бірінші орынға шықты.

Словакиядағы парламенттік додада басты екі саяси партия бағы мен бабын қатар сынады. Билік басындағы либералды әрі еуропашыл "Прогрессивті Словакия" популистік, солшыл, ресейшіл "Курс — әлеуметтік демократия" партиясымен дай-дай болып шарпысты.

Соңғысы – егер билік басына келсе, Украинаға әскери көмекті доғаруға және Батысқа бағдарланған курстан бас тартуға уәде етті.

Сайлау қорытындысында экс-премьер Роберт Фицоның "Курс — әлеуметтік демократия" (SMER) солшыл оппозициялық партиясы жеңімпаз атанды. Бірақ бұл Украинаның Словакиядай одақтасынан айрылуына соқтырмауы мүмкін. Өйткені кремлшіл партия арпалыста басты қарсыласын алып жыққанымен, ол сайлаушылардың 23%-ының ғана даусын жинады.

Оның бақталасы аламан бәйгеде шаң қауып, тезек теріп қалды деуге келмейді: "Прогрессивті Словакия" либералды партиясы сайлаушылардың шамамен 18%-ының даусына ие болды. Дегенмен, оның лидері, Еуропалық парламенттің вице-төрағасы Михал Шимечка бұл нәтижеге көңілі толмағанын білдіріп, дауыс беру қорытындысын "ел үшін жаман жаңалық" деп бағалады.

Жалпы, 5 пайыздық табалдырықтан тағы 5 саяси бірлестік өте алды.

Яғни, бірде бір партия басым дауысқа ие болмады. Жаңа Үкіметті қалыптастыру үшін олар өзара келісімге келіп, коалиция құруға тиіс. Демек, Словакия билігінің болашақ саясаты екі ірі партияның қайсысы өзге күштерді өз айналасында топтастыра алатынына, сөйтіп, бірінші болып, ең үлкен коалицияны құра алатынына байланысты болады.

Euronews мәліметінше, бұрынғы Үкімет басшысы, коммунистік, кремлшіл көзқарастағы Р.Фицо Украинаға әскери көмекке бұдан былай қаржы шығындамау керектігіне табандамақ. Егер ол коалиция жинай алса, онда Словакияның Үкімет басшысы лауазымына басты кандидатқа айналады. Дегенмен, өзге саяси күштердің Киевті жақтайтынын ескерсек, коалиция бәрібір украинашыл саясаттың сабақтастығын сақтауы мүмкін.

Оның үстіне тұтастай алғанда, Еуропалық Одақ пен НАТО Украинаға соғыстың соңына дейін көмектесуге міндеттеме алды. Словакия ортақ саясаттан тыс қалса, онда Венгрия сияқты одақтың қомақты көмегінен қағылуы ғажап емес.

Украинаны табалауға даяр тұратын ресейлік пропаганданы қоздырған тағы бір жаңалық Атлант мұхитының ар жағынан жетті. Американың заң шығарушы органы Республикалық және Демократиялық партияларға жік-жік болып бөлініп, келесі жылдың бюджетін қабылдай алмағаны мәлім. Әр партия жылдың басты қаржылық құжатында өз бастамалары мен ұстанымдарының үстем болғанын қалады.

Салдарынан Құрама Штаттардың федералдық үкіметі жұмысын тоқтататын болды. Мұны Shutdown атайды. Бірақ шатдаунға жеткізбеді: Америка Конгрессі (Парламенті) уақытша бюджетті қабылдады. Ал оған Украинаға әскери көмек кірмей қалды.

Яғни, Кремлдің пропагандасы федералдық телеарналарынан бірнеше аптадан бері тілегені болды: америкалық конгресмендер Киевке арналған ірі көмекті уақытша бюджет аясында құптамады.

АҚШ парламентшілері шатдаунның ақырғы межесіне 2,5 сағат қалғанда, Үкімет пен бюджеттік саланы уақытша қаржыландыратын бюджет жобасы бойынша әзер келісті. Ымыраға келу үшін одан Украинаға көмек топтамасын толық алып тастауға тура келген.

Уақытша бюджеттің жобасын төменгі палатаның – Өкілдер палатасының спикері, Республикалық партияның өкілі Кевин Маккарти енгізді. Оған Президент Джо Байден үндеу жолдады.

"Ол Украина халқы алдындағы өз міндеттемесін орындайды және Украинаға қажетті көмекті қарастыратын заң жобасын қабылдауды қамтамасыз етеді деген үміттемін. Қазіргі сындарлы шақта Украина бұл көмегімізге зәру", – деді Америка лидері.

Ақ үй бастапқыда уақытша қаржыландыру жобасына Украинаға 24 млрд доллар көлемінде көмек көрсетуді қоспақ болды. Бірақ мемлекеттің барлық шығыстарын, соның ішінде тіпті АҚШ азаматтарына арналған әлеуметтік, медициналық көмектің шығындарын да қысқартуды талап еткен республикалықтардың қарсылығына тап болып, Киевке арналған соманы 6 миллиардқа дейін кемітті. Ақырында бұл бастама да қолдау таппады.

Ал уақытша бюджет 45 күн бойы әрекет етеді. Осы уақыт бойы Украина әскери және басқа да көмектен қағыла ма? Біріншіден, Ақ үй Украинаны қолдауға қосымша қаржы бөлу туралы жеке заң жобасы қабылданады деп күтіп отыр. Құжат Конгрестің дауыс беруіне шығаруға дайын көрінеді. Америкалық басылымдардың жазуынша, дауыс беру алдағы аптада өтеді.

Екіншіден, Украинаға әскери көмекті АҚШ-тан бөлек, әлемдегі 50-ден астам ел көрсетеді. Бұл қатарға бүгінде мысалы, әскери техника мен қару-жарақ өндірісінің Азиядағы лидері саналатын Оңтүстік Корея қосылып жатыр. Германия және Ұлыбритания бастаған Еуропа елдерінің қолдауы да мықты.

Сондай-ақ Америка былтырғы мамырда Джо Байден бекіткен лэнд-лиз бағдарламасын әлі күнге пайдаланған жоқ.

АҚШ-та шатдаундар жиі болып тұрады. Әйтсе де, бұл жолғысы алапат болды және онсыз да күйзелісті өткеріп жатқан ел экономикасына соққы беруі мүмкін еді. Уақытша бюджеттің қабылдануы арқасында барлық мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік қызметкерлердің, коммуналдық қызметтердің, әуежайлардың және басқа миллиондаған жұмыскерлердің өз жұмысын тоқтауына жол берілмеді.

Сонымен бірге армия да дағдармай, жұмысын жалғастыра береді. Ендеше олардың Украинаға жан-жақты көмегі жалғасын табады деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу