Ұлттық банк ақшаны телефон нөміріне аудару жүйесін іске қосты

4934

Қазақстандықтарға енді ақша аудару үшін жеке басын куәландыратын құжат қажет болмайды.

Ұлттық банк ақшаны телефон нөміріне аудару жүйесін іске қосты

Бұл үшін екінші жақтың ұялы телефонының нөмірін білсе жеткілікті.

Ұлттық банк мобильді телефонның нөмірін пайдалану арқылы лезде төлем жасау жүйесін пилоттық режимде іске қосты. Бұл жүйе – "Мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі" деп аталады.

"Сервис ұялы телефон нөмірі арқылы түрлі банктердің клиенттері арасында және 24/7 режимінде тәуліктің кез келген уақытында ұлттық валютамен ақша аударуға мүмкіндік береді. Ол үшін ақша жөнелтушінің мобильдік қосымшада немесе өзінің жүйеге қатысушы банкінің Интернет банкинг жүйесінде ақша алушының ұялы телефонының нөмірін, аударылатын ақша сомасын және ақша алушының банкін енгізуі қажет", – деп түсіндіреді қаржылық реттеуші.

Алушыға оның жүйеге қатысушы банктегі шотына ақша лезде есептеледі. Жүйеде банктік шотты, төлем карточкасын және электрондық ақшаны пайдалану сияқты ақы төлеудің және банктер клиенттерінің тарапынан аударымды алуының түрлі құралдары бар.

Рас, бұл жүйеде аударылатын ақша көлемі шектеледі, сіз миллионды жөнелте алмайсыз: бір транзакцияның ең жоғары лимиті 500 мың теңгені құрайды.

Қатысушы банктер үшін жүйеде транзакцияларға қызмет көрсету тарифі транзакция сомасына қарамастан бір төлем (аударым) үшін 1 теңгеден аз болады.

Тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану шеңберінде Жүйенің алғашқы қатысушылары "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Altyn Bank" АҚ (China CITIC Bank Corporation Limited ЕБ) болып табылады. Басқа да бірқатар банктер жүйеге қосылу сатысында.

Жаңа қызмет мобильдік қосымшаларда және қатысушы банктердің қашықтан қызмет көрсету жүйелерінде олардың ішкі жоспарына сәйкес барлық ішкі бизнес-процестерінің реттелуіне қарай пайда болады.

Жүйеде көрсетілетін қызметтерді кезең-кезеңімен дамыту жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде жеке тұлғалар арасындағы аударымдар (P2P-аударымдар), келесі кезеңдерде заңды тұлғалардың пайдасына, оның ішінде QR-кодтарды пайдалана отырып жүргізілетін төлемдер, сұрату бойынша төлемдер және басқа да төлем түрлері қолжетімді болады. Қазақстанда Мезеттік төлемдер жүргізу жүйесін енгізу пайдаланылатын төлем құралына, яғни банктік шоттар, төлем карточкасы, электрондық әмиянға және қызмет көрсететін банкке қарамастан түрлі қашықтықтан қол жеткізу арналары арқылы қолжетімді, халыққа және бизнес субъектілеріне қолайлы, жылдам, сенімді және арзан төлем қызметін көрсетуге бағытталған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу