Ұлттық банк басқа банктерді тезге салды

3304

Екінші деңгейлі банктердің кепілге қойылған мүліктердің құжаттарын жоғалтатыны әшкереленді.  

Ұлттық банк басқа банктерді тезге салды

Ұлттық банк 2018 жылғы үшінші тоқсанда, яғни шілде-қыркүйек айларында коммерциялық банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың іс-әрекеттеріне талдау жасап, әрі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың арыз-шағымдарын қарауды қорытындылай келе біраз құқық бұзушылықтарды анықтады. Олардың арасында елімізде "ақша өндіретін" ресейлік банктер қаптап жүр.

Қаржылық реттеуші әшкере болған заң бұзушылықтары үшін екінші деңгейлі  банктерді жазалауда. Атап айтқанда, оларға 71 санкция және шектеулі ықпал ету шаралары қолданылуда.

Нақтырақ айтсақ, 28 санкция аясында айыппұл салынып, өндіріп алынған. Кейбір банктер бойынша Ұлттық банк жазбаша ұйғарым-ескерту түріндегі 43 шектеулі ықпал ету шарасымен шектелді.

Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, банктер көптеген жағдайда "өз клиенттеріне банктік қарыздарға қызмет көрсетуге", "төлемдер мен ақша аударымдарын жасауға", "банктік шоттарға қызмет көрсетуге", "қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Ұлттық банкпен өзара іс-әрекетті жүзеге асыруға" байланысты талаптарды сақтамайтынын көрсетті.

Соның ішінде банктердің кейінгі кездері өз клиенттерінің кредиттік досьесін қалыптастыру тәртібін сақтамайтыны, қарыз алушыға берешек мерзімінің өткендігі туралы уақытында хабарламайтыны, қарыз бойынша төлемдерді бөлу мерзімдерін және тәртібін бұзатыны қаржылық реттеушіні алаңдатады.

Коммерциялық банктердің "күнәларының" тізімі осымен бітпейді, ол тым ұзын: олар азаматпен не компаниямен арада бекітілетін шартта несиені арзан етіп көрсету үшін оның шынайы, жылдық, тиімді сыйақы ставкаларын көрсетпей, жаңылыс шешім қабылдауына ықпал етеді. Кез келген жолмен пайда табу үшін тыйым салынғанына қарамастан, "несие берешегінің барлығы туралы анықтаманы бергені үшін заңсыз комиссиялар жинайды". Клиент қарыз сомасын қайтару бойынша міндеттемелерді орындай алмай қалса болды, ол үшін "тұрақсыздық айыбының", яғни айыппұл, өсімпұл-пеня мөлшерін шектен тыс асырады.

Тағы бір сорақылығы сол, қарапайым азаматтардың, бизнесмендердің несие алу үшін кепілге қойған мүліктерінің құжаттарының түпнұсқа-оргиналдарын банктердің жоғалтып алатыны анықталуда.

Кейбір банктер кәсіпкерлердің, қазақстандықтардың келесі жолы кредит алу мүмкіндігіне нұқсан келтіріп, бағын байлайды: Ұлттық банк "банктердің кредиттік бюроға қарыз алушы жөнінде дұрыс емес, қате мәліметтер беруге қатысты бұзушылықтар жасайтынын" хабарлады.

Банктер тек өздерінен несие қарыз алатындардың ғана құқықтарын аяққа таптамайды. Қазіргі кезде барлығы соларға тәуелді етілгені жасырын емес: нәтижесінде, кез келген азамат баспанасының коммуналдық төлемдерін төлеу, БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аудару, салықтар бойынша мемлекет алдындағы міндеттемелерін өтеу және басқалары үшін осы қаржылық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр. Әрине, олар азаматтарға тегін қызмет көрсетпейді, ұдайы өсе беретін комиссиясын алады. Бірақ соның өзінде өз міндеттемесіне адалдық танытпайтын көрінеді.

Қаржылық реттеуші олардың төлемдерді төлеу және ақша аударымын жүзеге асыру тәртібін бұзатынын мәлім етті. Тарата айтқанда, банктер төлемді ары қарай коммуналдық кәсіпорындарға және басқаларына уақытылы аудармайды. Кейде тіпті ол міндеттемесін орындаудан дәлелсіз бас тартады. Еш түсіндірмей, клиенттің банктік шотынан ақшаны негізсіз өндіріп алады. Қазақстанның азаматтық заңнамасында көзделген ағымдағы шоттардан ақшаны алып қою кезектілігін сақтамайды.

Төлем талаптарын орындауға қатысты бұзушылықтар көп кездеседі: заңнамаға сәйкес, банк қарыз бойынша мерзімінде өтелмеген берешекті өндіріп алу кезінде, ол сома сол жеке тұлғаның банктік шотындағы ақша сомасының немесе банктік шотқа түскен басқа да қаражаттың 50%-ынан аспауға тиіс. Бірақ банктер өз несиесін қайтару үшін асыра береді.

Банктер қарапайым халық түгіл, қаржылық реттеушіні де тыңдай бермейді: "олар Ұлттық банк сұратқан ақпарат пен құжаттарды уақтылы бермейді, немесе мүлдем бермейді".

Ұлттық банк биылғы шілде-қыркүйек айларында ең көп заң бұзушылық – 35 пайызы "Qazaq Banki", "Астана банкі" секілді жабылған банктердің үлесіне тиесілі екенін айтады. Бұл түсінікті де: сондықтан да бұлардың лицензиялары кері қайтарып алынды.

Алайда басқаларының да "тазалығы" шамалы.

"Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштері мен шағымдарын қарау нәтижелері бойынша мынадай банктер ең көп бұзушылыққа жол берді (төрт және одан астам): "Қазкоммерцбанк" АҚ, "ForteBank" АҚ, "Хоум Кредит Банкі" АҚ ЕБ, сондай-ақ "Альфа-Банк" АҚ ЕБ, "АТФ Банк" АҚ, "Сбербанк России" АҚ ЕБ", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Бұл ретте барлық заң бұзушылықтардың қомақты бөлігі шетелдік қаржылық ұйымдардың еліміздегі бөлімшелерінің, мәселен, 8 пайызы чехиялық "Хоум Кредит Банкінің", 6 пайызы "Сбербанк Россиидің", тағы 6 пайызы "Альфа-Банктің" еншісінде.

2018 жылғы 3-ші тоқсанда шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялардың ең көп саны "Qazaq Banki" АҚ-на және" "Астана банкі" АҚ-на қатысты қолданылды, бұл қабылданған шаралардың жалпы санының 35%-ы болды. Ұлттық банкі басқармасының биылғы 27 тамыздағы қаулысымен "Qazaq Banki", 18 қыркүйектегі шешімімен "Астана Банкі" банктік және өзге де операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылды, сондай-ақ Ұлттық банк банктердің тарату комиссиясын тағайындағанға дейінгі кезеңде бұл банктердің уақытша әкімшілігінің басшылары мен мүшелері тағайындалды.

Қаржылы реттеуші 2018 жылғы 28 қыркүйекте "Қазкоммерцбанк" АҚ-ның банк және өзге операцияларды жүргізуге арналған лицензияларының қолданылуы "Қазақстанның Халық жинақ банкі" АҚ-қа қосылуына байланысты тоқтатылғанын еске салады. Соның өзінде төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға, банктік шотқа, сондай-ақ банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар үшін ҚКБ-ге 7 жазбаша ұйғарым шығарылыпты.

"Банк Хоум Кредит" АҚ-на 6 жазбаша ұйғарым берілді, оның 5-уі банктік қарызға қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін жасалды. "Альфа-Банк" АҚ-на 4 жазбаша ұйғарым шығарылды, оның үшеуі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелер бойынша Ұлттық банкпен өзара іс-қимылға қатысты. "АТФ Банк" АҚ банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты 3 жазбаша ұйғарым шығарылды, сол сияқты кредиттік бюроға банк клиенті бойынша дәйексіз мәліметтер бергені үшін әкімшілік айыппұл салынды.

"Сбербанк Россииге" банктік шотқа қызмет көрсету мәселелері бойынша 3 жазбаша ұйғарым-ескерту жасалған. Сондай-ақ банктік қарыз шартында сыйақы мөлшерлемесін оның шынайы есептеуде көрсетпегені үшін әкімшілік айыппұл салынды.

2018 жылғы ІІІ тоқсанда банктерге салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6 миллион 820 теңгеден асып түсті. Оның ішінде, Ұлттық банктің хабарлауынша, "Банк Kassa Nova" АҚ-на 481 мың теңге (дәйексіз мәліметтерді бергені үшін).

"Банк ЦентрКредит" АҚ-на 481 мың теңге (кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтерді бергені үшін).

"АТФ Банк" АҚ-на 481 мың теңге (кредиттік бюроға банктің клиенті бойынша дәйексіз мәліметтерді бергені үшін).

"ForteBank" АҚ-на 240 мың 500 теңге (банктік қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілеу құжаттарының түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін).

"Сбербанк Россииге" – 120 мың 250 теңге (банктік қарыз шартында сыйақы мөлшерлемесін шынайы есептеуді көрсетпегені үшін).

"ВТБ Банк (Қазақстан)" АҚ ЕБ – 43 мың 980 теңге (нұсқау сомасынан 5% мөлшерінде заңнамамен оны орындаудан бас тарту көзделген төлем құжатын орындағаны үшін).

"Астана Банкі" АҚ – 4 миллион 841 мың теңге (нұсқау сомасынан 5% мөлшерінде төлем құжаттарын орындау тәртібін (клиенттің төлем/ақша аударымы бойынша нұсқауын орындау мерзімін) бұзғаны үшін).

"Qazaq Banki" АҚ – 182 мың теңге (нұсқау сомасынан 5% мөлшерінде төлем құжаттарын орындау тәртібін (клиенттің төлем/ақша аударымы бойынша нұсқауын орындау мерзімін) бұзғаны үшін) айыппұл салынды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу