Ұлттық банк коллекторларды тезге салды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4927

Былтыр 138 коллекторлық агенттік есептік тіркеуден өтті.

Ұлттық банк коллекторларды тезге салды

Қаржы реттеушісі өткен жылдың IV тоқсанында "Коллекторлық қызмет туралы" заңға сүйене отырып, 7 коллекторлық агенттікке қатысты санкция мен шектеулі ықпал ету шарасын қолданғанын жариялады.

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада "Фёрст Коллекшн", "Қайнар", "СВД", "Кредит Коллекшн Груп", "Паритет", "Бірінші Коллекторлық Бюро" және "Кредит Коллекшн Груп" сынды коллекторлық агеттіктерге айыппұл салу және өндіріп алу түрінде 4 санкция, ал "СВД", "Кредит Коллекшн Груп", "Паритет", "Бірінші Коллекторлық Бюро" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жазбаша ұйғарым түрінде 3 шектеулі ықпал ету шарасы қолданылғаны жазылды.

"2018 жылғы 11 қаңтардағы жағдай бойынша 138 коллекторлық агенттік Ұлттық банктің есептік тіркеуінен өтті. Ұлттық банкке қарыз алушылардан коллекторлардың заңсыз іс-қимылдарына қатысты өтініш түсті. Негізгі шағым тараптар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін бұзуға байланысты болды. Коллекторлық агенттіктер заңның 15-бабы 1-тармағының 14) тармақшасын бұзған. Коллекторлық агенттіктер аудио-видео құралдары арқылы борышкерден қарызды өндіріп алу сәтін тіркемеген немесе аудио-видео материалдарды 6 ай сақтамаған. Бұған қоса берешекке қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру бойынша коллекторлық агенттіктің өкілеттігін растайтын ақпарат пен құжаттардың көшірмелерін борышкердің талап етуі бойынша ұсынбаған, сондай-ақ борышкердің атына берешек бойынша жалған ақпарат жолдаған", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Айта кетейік, "Коллекторлық қызмет туралы" заңда коллекторлық агенттіктердің өзара іс-қимыл жасасатын адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәлімет таратуы мен жариялауына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын, өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, мүліктік зиян келтіретін құқыққа қайшы әрекетке баруға, борышкерге, оның өкіліне және үшінші тұлғаларға күш қолдануға, мүлкін жоюға, бүлдіруге, бопсалауға, қысым көрсетуге тыйым салынған.

Заңға сәйкес, коллекторлық агенттіктерге берешекті ақшалай емес, заттай немесе мүлікпен өтеуді талап ету құқы берілмеген.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу