Банктік құпияны қызғыштаған ұлттық банк "амбразураны" кеудесімен жапты

3168

Мемлекеттік органдар банктердің сырт көзден жасырған сырына үңілмекші болып еді, ұлттық банк басшысы ортаға килігіп, өзі тұрғанда банктік құпияға ешкім қол сұға алмайтынын ашық аңғартты.   

Банктік құпияны қызғыштаған ұлттық банк "амбразураны" кеудесімен жапты

Үкіметтің бүгінгі отырысында әлеуметтік және еңбек салаларын цифрландыру мәселесі жеке қаралған болатын. Ол бойынша негізгі баяндамашылар – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалып болған соң, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тақырыпты түйіндеп, тапсырмалар таратпақшы болып жатқан. Бұған дейін сонау Алматыдан бейнебайланыс арқылы Астанадағы "Үкімет үйіндегі" әріптестерінің ауыздары мен қолдарының қимылдарын қырағы бағып отырған қаржылық реттеуші жетекшісі кенет сөз алды.

"Бақытжан Әбдірұлы! Біз осы мәселе бойынша үкімет отырысы хаттамасының жобасын алғыздық. Сондағы 4-ші пунктте: "Ұлттық банк, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, құнды қағаздар тізілім-регистрінен және екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың дербес есепшоттарынан мәліметтер ұсыну мақсатында ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселесін пысықтасын" деп жазылыпты. Ұлттық банк бұған қарсы және осы пунктті толығымен хаттамадан алып тастауды сұрайды", – деп нықтады Данияр Ақышев.

Ол өзіне телеэкранның ар жағынан аңтарыла қараған үкіметтегі әріптестеріне бұл "демаршының" мән-жайын түсіндіре кетті.

"Біріншіден, қолданыстағы заңнамада коммерциялық және банктік құпияға жататын мәліметтерді әшкере етудің тәртіптері қатаң реттеледі. Мұндай ақпаратқа жекелеген меморгандардың ғана қол жеткізуге рұқсаты бар. Заңда барлық регламент қолмен қойылғандай нақты жазылған. Екіншіден, егер бұл жерде бұған дейін қолданылып келген "банктік құпия" концепциясын түбірімен қайта қарау туралы әңгіме болып отырса, онда мен бұл мәселені әлдеқайда кең ортада, қаржылық тұрақтылық пен біздің азаматтарымыздың мүдделерін қорғау тұрғысынан талқылауымыз, зерделеуіміз қажет деп санаймын. Сондай-ақ мұндай мәліметтерді кімге ұсынуға тиістігіміз де түсініксіз. Тиісінше, біз бұл мәселе әлі де мұқият пысықталуы керек деп есептейміз. Сондықтан хаттаманың 4-ші пунктін алып тастауды ұсынамыз", – деп шарт түйді ұлттық банк төрағасы.

"Жарайды", – деп бір мезет ойласып қалған премьер өзінің орынбасарына жүгінді: "Асқар Қуанышұлы, қойылып отырған мәселе бойынша отырыстан кейін Данияр Талғатұлымен (Ақышев) қайта тілдесіңіз. Шешім қабылдаңыз"

Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев өздері енгізіп отырған бұл ұсыныстың негізсіз еместігіне табандады.

"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Атап өту маңызды бір мәселе бар: еңбек министрлігі әлеуметтік және еңбек салаларын цифрландыруды – қолданыстағы түйткілдері көп бизнес-процестер бойынша емес, реинжинирингтен өткен бизнес-процестер бойынша жүргізуде. Нәтижесінде, біз мемқызметтер көрсету жеңілдейтінін, адами фактор жойылатынын байқап отырмыз. Ең бастысы, салынған қаржының тиімді қайтарымы пайда болуда. Өйткені бұл – биыл цифрландыру күнінде елбасының берген тапсырмасы болатын. Біз бұл тәсілдерді өмірде жүзеге асыра беретін боламыз. Әрине, олар қолданыстағы заңнаманы өзгертуді талап етері сөзсіз. Бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынуы қажет", – деді вице-премьер.

Ол бұған қарсы шығып отырған ұлттық банкпен оңаша сөйлесіп, "жеке кеңес өткізетінін" білдірді.

"Сол кеңесте деректер базаларын интеграциялауға қатысты барлық мәселелерді ретке келтіреміз. Бірақ осы орайда баса айтқым келгені: деректер базаларын өзара кіріктіру – өте маңызды! Өйткені, қазіргі кезде мемлекеттік органдар арасында құжатайналым орасан зор ауқым алған. Салдарынан, біз халыққа қолайсыздықтар туғызудамыз. Біз қазақстандықтарды бір меморганнан екінші меморганға ұсыну үшін қаптаған қағаз, анықтамалар жинауға мәжбүрлеп жүрміз. Сол себепті де, Бақытжан Әбдірұлы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргіземіз. Нәтижесінде, әлеуметтік-еңбек саласындағы мемқызметтерді халыққа "проактив" қағидаты негізінде ұсынылуына қол жеткіземіз", – деп қадап айтты Асқар Жұмағалиев.

"Жақсы, – деп құптай бас изеді премьер Бақытжан Сағынтаев. – Тұтастай алғанда, ұсынылған тәсілдемелерді қолдаймын. Бірақ ең басты мәселе – ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялау болып табылады. Біз осы тұсқа келгенде үнемі тұрып қала береміз", – деп қынжылыс білдірген үкімет жетекшісі өз орынбасары Асқар Жұмағалиевке мәселені түпкілікті реттеуді жүктеді.

Ал бұл реттеу қорытындысында екі жарылған тараптың қайсысының сөзі өтімді, ұсынысы ұтымды, қимылы тегеурінді болып шығарын уақыт көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу