banner

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы ақшаны қайда инвестициялап жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4093

БЖЗҚ биылғы қаңтар-шілде аралығында халықтың зейнетақы үшін жинаған ақшасын қайда инвестициялап, қанша пайда тапқанын жариялады.

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы ақшаны қайда инвестициялап жатыр

"БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясына сәйкес зейнетақы активтерінің сақталуы мен кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық портфельді әртараптандыру мақсатында зейнетақы активтері валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша түрі қаржы құралдарына инвестицияланады", – деп хабарлайды ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2018 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 8 576,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде теңгемен көрсетілген ақша қаражаты мен қаржы құралдары 5 803,5 млрд теңге (67,7%) болса, шетел валютасындағылары 2 772,8 млрд теңге (32,3%) болды.

Теңгемен салынған инвестицияның табысы 8,4%
2018 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу, портфельді әртараптандыру үшін шетел валютасын сатып алу, халықаралық қаржы ұйымдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, екінші деңгейдегі банктердің және Қазақстанның басқа да корпоративтік эмитенттерінің бағалы қағаздарын сатып алу сияқты бағыттарға инвестицияланды.

2018 жылғы шілдеде теңгемен көрсетілген зейнетақы активтерін инвестициялаудың көлемі ақша нарығының құралдарына жасалған инвестицияларды қоспағанда 93,0 млрд теңге болды. Аталған көлемге орташа алынған жылдық 8,4%-дық кірістілігі бар ҚР қаржы министрлігінің МҚҚ сатып алынған.

Аталған кезеңде теңгемен бос ақшалай қаражат ақша нарығының қысқа мерзімді құралдарына да орналастырылыпты.

Сонымен қатар, 2018 жылғы шілдеде екінші деңгейдегі банктердің бастамасы бойынша банктік салым шарттарында белгіленген талаптарға сәйкес жалпы сомасы 8,2 млрд теңге болатын депозиттер бойынша негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтеу жүргізілген. Келіп түскен ұсынысқа сәйкес "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-тың 31,7 млрд теңге сомаға облигацияларын сатылған.

Есепті кезеңде 1,8 млрд теңге сомаға "KCELL" АҚ-тың жай акциялары ҚР ЕДБ салымдары бойынша міндеттемелердің бір бөлігін өтеу есебінен алынғаны да айтылып отыр.

Зейнетақы қорындағы ақша Ресейдің бағалы қағаздарына салынып жатыр
"БЖЗҚ-ның шетел валютасымен көрсетілген зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Инвестициялық декларациясында белгіленген валюталық активтердің жалпы құрылымы мен инвестициялау стратегиясына сәйкес инвестицияланады", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

2018 жылғы шілдеде шетел валютасында көрсетілген зейнетақы активтерін инвестициялау көлемі 245,1 млрд теңге болса, соның соның ішінде 218,4 млрд теңгеге орташа есеппен жылдық кірістілігі 2,0%-дық АҚШ-тың қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздары, 13,5 млрд теңгеге орташа есеппен жылдық кірістілігі 5,2%-дық Ресей Федерациясының ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздары және 13,2 млрд теңге орташа есеппен жылдық кірістілігі 4,5%-дық Индонезия квазимемлекетттік секторының шетелдік эмитенттерінің облигациялары сатып алыныпты.

Дамушы елдер эмитенттерінің бағалы қағаздарына жүзеге асырылған инвестициялар шеңберінде "BBВ-"-дан "ВВ"-ға дейінгі деңгейдегі ең төменгі кредиттік рейтингі бар Индонезия квазимемлекетттік секторының 3 эмитентінің еурооблигациялары сатып алынған. Көрсетілген бағалы қағаздардың эмитенттері 100% мемлекеттің бақылауында екен.

"Еурооблигациялардың әрбір шығарылымын сатып алу үлесі шамалы және әрбір шығарылым айналысы көлемінің 0,3%-дан 1,0%-на дейінгі аралығын құрайды. Еурооблигациялардың жоғарыда көрсетілген шығарылымдары JPMorgan компаниясы қадағалайтын, танымал және ірі инвестициялық қорлар неғұрлым репликациялайтын EMBIG (Emerging Markets Bond Index Global) дамушы елдер облигацияларының индексіне кіреді", – делінген хабарламада.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу