Ұлттық банктің табысынан шығыны көп болды

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1961

Қаржы реттеушісі өз қызметінің қорытындысын жария етті.

Ұлттық банктің табысынан шығыны көп болды

2017 жылдың экономикалық қорытындысы тұрақтылық пен қалыпқа келуден өсімге қарай бағыт алғанымыз туралы айтуымызға мүмкіндік береді, – делінген Ұлттық банктің 2017 жылға арналған қорытындысында. Орталық банк өзінің еншісіне инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізгенін жатқызып отыр, яғни 7,1% пайыз көрсеткіші 2017 жылы бекітілген 6-8% мақсатты дәліздің ортасында болып, осы жылға жоспарланған келесі 5-7% мақсатты деңгейге ұмтылуға септесті. Әрине, бұл валюта нарығы тұрақты болып және сыртқы әсерлер болмаса ғана іске аспақ.

Былтыр валюта нарығы тұрақты болды. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы негіздемесі бар факторлардың ықпалымен қалыптасты. Аталған факторлар теңге бағамының бір доллар үшін 310,4-345 теңге аралығында құбылуына себепкер болды. 2017 жыл ішінде теңгенің долларға қатысты биржалық бағамы 0,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 332,33 теңгені құрады.

Ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 2016 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқарып, 5,4 млрд долларды құрады. Қолайлы сыртқы жағдай пен макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау – биыл да төлем балансына қолдау болмақ.

Ұлттық банк қаржылық жүйені сауықтыруды 2017 жылдың тағы бір нәтижесі деп атап көрсетті. Банк акционерлерінің банкті сауықтыруға бірлесе қатысу қағидасымен іске асырылған Ұлттық банктің банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасының да қорытындысы шығарылып, реттеуші банк секторын жіті қадағалауға көшетінін мәлімдеді. Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың мақсаты – банктердің жоғары байқампаздық саясатын ынталандыру болып табылады, – деп жазылған есепте. Ұлттық банк заңнамаға тиісті түзетулерді әзірлеп қойды.

Банк секторын тазалаудың қаржылық қорытындысы жиынтық активтердің 5,2%-ға (24,2 трлн теңгеге дейін) азаюы, сондай-ақ қарыз портфелінің 12,4%-ға (13,6 трлн теңгеге дейін) ықшамдалуы болды. 2017 жылғы табыс пен шығын туралы шоғырландырылған есепке сәйкес, банктерді сауықтыруға Ұлттық банк 585,5 млрд теңге жұмсаған, бұл 2016 жылдың шығысынан 107,8 есе көп.

Басқа қаржылық нарықтар
Банк секторында жүргізілген жұмыс көзге көрініп тұрғандықтан, нақты нәтижелер туралы сөз ету мүмкін болса, қаржы нарығының басқа секторы: сақтандыру мен қор нарығы енді ғана жұмыс жасап жатыр. Оның нәтижесін 2018 жылы көретін боламыз. Сол кезде Ұлттық банктің ұсынған шаралардың тиімділігін дәлелдеп немесе жоққа шығарғанын білеміз.

Негізінен, үкімет пен Ұлттық банктің құнды қағаздар нарығын дамыту жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Жоспар қор нарығын реттеуді ырықтандыру міндеттерін, мемлекеттің экономикаға араласуын азайтуды, бәсекегеқабілетті нарықтық баға белгілеуді және зейнетақы активтерін басқаратын институт құруды айқындайды.  

2017 жылдың қорытындысы бойынша брокерлер мен инвестициялық портфелді басқарушылардың қаржылық көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда активтер бойынша 34%-ға, жеке капитал бойынша 21%-ға өскен. Активтердің өсуі құнды қағаздар портфелі құнының артуымен байланысты. Жеке капиталдың өсуіне құнды қағаздарды қайта бағалауға қатысты 2017 жылдың бөлінбеген табысының артуы, сондай-ақ құнды қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың бірінің жарғылық капиталының айтарлықтай өсуі әсер етті. Міндеттеменің жиынтық көлемі де 56%-ға артып, өсімге РЕПО-ның қарыз операциялары себепкер болды.

Ұлттық банк сақтандыру секторы үшін заң жобасын әзірлеп, қазір оны мақұлдауға жіберген. Бұл заң жобасы төрт негізгі міндетті: сақтандыру секторының қаржылық орнықтылығын, сақтандыру қызметінің өңірлік қолжетімділігін, сақтандыру өнімдерінің сапасын арттырып, құнын төмендету, сондай-ақ тұтынушылар құқын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Заңжобасы сақтандыру полистерін электронды түрде жүргізуді және сақтандыру қызметін интернет арқылы алуды қарастырады. Ал бұл халыққа сақтандыруды қолжетімді етуге тиіс. Сонымен қатар туроператорлардың жауапкершілігін сақтандырудан туристің өзін сақтандыруға көшу, сақтандыру төлемдерін кепілдендіру жүйесін дамыту, қайта сақтандырудың тиімділігін арттыру қарастырылған.

Осы орайда, 2017 жылы сақтандыру секторы бұрынғыдай қарқынды дамымағанын айтып кету керек. Сақтандыру ұйымдары активтерінің көлемі 8,2%-ға өсіп, 926,7 млрд теңгені құраған. Жиынтық капитал 2,7%-ға (413 млрд теңгеге дейін) өскен. Осы уақыт ішінде сақтандыру ұйымдарының міндеттері 13%-ға, яғни 513,7 млрд теңге артқан. Сақтандыру сыйақыларының қарқыны 3,7%-дан аспады, компаниялар 370,2 млрд теңгенің сыйақысын жинай алған.

Ұлттық банк қызметінің жағымды қорытындыларының тағы бір бөлігі төлем жүйесімен байланысты болып отыр. Реттеушінің жылдық есебі төлем жүйелерін кеңінен пайдалануды көрсетіп, бұл факторды экономикалық белсенділіктің қалыпқа келгендігінің бір белгісі деп атады.

2017 жылы Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 36,6 млн транзакция жүргізілген. Төлем сомасы 850,6 трлн теңгеге жетіп, 2016 жылдың көрсеткішінен 44%-ға көп болды. Интернет, мобильді банкинг арқылы іске асырылған қолма-қол ақшасыз төлем жасау қарқынды өсіп келеді, сондай-ақ электронды ақшамен жасалған операциялар көлемі артуда. Қаржы саласына жаңа технологияларды енгізу киберқауіпсіздік мәселесіне мән беру керектігін көрсетеді. Сол себепті 2017 жылы Ұлттық банк ақпараттық қауіп пен кибер қорғаныс басқармасын құрды. Басқарманың міндеті – қаржы секторының ақпаратттық және киберқауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай саясатын жасау, сонымен бірге банктерге кибер шабуылды анықтауға көмектесу.

Жеке шот
Ұлттық банктің басқа да маңызды көрсеткіштерін атап кететін болсақ, онда 2017 жылы ол жиынтық алтын қорын 1 млрд долларға өсірген. Ұлттық банк басқарып отырған Ұлттық қор портфелінің нарықтық бағасы 61,8 млрд долларға жеткен, ал жылдық теңгелік инфляция 7,1% болғанда портфельдің табыстылығы 7,59%-ды құрады.

Егер Ұлттық банктің қаржылық нәтижелерін сөз етер болсақ, онда 2017 жылы оның пайыздық табысы 26%-ға (187,9 млрд теңгеге дейін) өскен. Алайда осыған қарамастан, бұл бап бойынша қорытынды кері көрсеткіш көрсетті. Пайыздық шығыстар 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29%-ға жылдам өрлеп, әрі пайыздық кірістен екі есе асып түсті. Орталық банктің таза пайыздық шығынының мөлшері 169,2 млрд теңге болып, ол 2016 жылдың таза пайыздық шығынынан 33%-ға асып кетті.

Ұлттық банктің комиссиялық кірістен одан әрі табыс түсіре бастағаны даусыз, алайда сандардың көрсеткіші өте төмен деуге болады. Табысқа жататын 28,4 млрд теңге комиссия былтырғы жылдың көрсеткішінен едәуір асып кетті (17,5 млрд теңге) және 2,7 млрд теңге комиссиялық шығыстан (2016 жылы 2,3 млрд теңге) айтарлықтай үлкен болды. Алайда 25,7 млрд теңге таза комиссиялық кіріс банктің пайыздық шығысынан салыстыруға келмейтіндей аз болып, жағымды сальдоны көрсете алмады.

Активтерді қайта бағалау есебінен алынған табыс салығын есептемегендегі өзге де жиынтық табыс 479,4 млрд теңгеге жетті. 2017 жылы Ұлттық банктің операциялық шығыстары 1,1 трлн теңгеге өсіп, 2016 жылғымен салыстырғанда артық болды. Табыс салығын алып тастамағандағы қаржылық шығын бір жыл бұрынғы 118,8 млрд теңге көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 трлн теңге болды да, бір жылдағы шығын 1,1 трлн теңгені құрады.

Қаржылық реттеуші 2017 жылы инфляциялық тәуекелді шектеу саясатын белсенді жүргізгенін және осы мақсатта нарықтан артық өтімділікті ұсыныстармен, сонымен қатар Ұлттық банктің депозиттері мен Қазақстан қор биржасындағы тікелей репо операциялары арқылы алып отырғанын атап кету керек. Атап айтқанда, Ұлттық банктің 63 млрн теңге сомасына ноталар нығарғаны туралы есебі бар. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2016 жылы өтімділікті алу 41 трлн теңге болған. Орталық банк дисконттық міндеттемелерді жабуға 2016 жылғы 38,9 трлн теңгемен салыстырғанда 62,3 трлн теңге жұмсаған.

Сонымен қатар баланста екінші деңгейлі банктерді қолдауға бағытталған Қазақстандық қор орнықтылығын құру сияқты итерация көрініс тапты.

2017 жылғы қаржылық қорытындысынан көріп отырғанымыздай, Ұлттық банк дивиденттер төлемеген, ал 2016 жылы 2,7 млн теңгеге дивиденттер алғаны туралы есеп берген болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу