Ұлттық брендтің жоқтығы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15401

Ел экспортын дамытуға кедергі келтіріп отыр.

Ұлттық брендтің жоқтығы

Қазақстан экспортты дамытуға айырықша көңіл бөлгенімен, саланы алға бастыруға кедергі болып отырған мәселелер бар. Біріншіден, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық сауда-экономикалық келісімдердің негізгі ережелерін дұрыс пайдаланбай отыр.

"Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан елдерімен екі­жақты сауда келісімдерінің қазіргі жағдайын бағалап, келісім бойынша міндеттерді іске асыру қажет. Үкіметаралық комиссиялардың отырыстарына күн тәртібіндегі мәселелерді міндетті түрде енгізу арқылы жол карталарын әзірлеу керек", – дейді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Екіншіден, шетелдерде біздің экспортты промоуторлық қолдау жүйесі (сауда миссияларының желісі) дамымаған. Соның салдарынан жаңа нарықтарға кіруге институттық қолдау әлсіз.

"Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, Оңтүстік Корея 82 елде 120 өкілдік ашқан. Аустралияның 100-ден астам елде өкілдігі бар. Ресей 52 елде 66 өкілдік ашып, экспорттың әлеуетін арттыруда нақты қадамдар жасап отыр", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Ал Қазақстанда небары екі өкілдік қана бар. Оның екеуі де Ресейде. Нақтырақ айтса, Мәскеу мен Новосібірде ашылған. Алайда, олардың қазір жүргізіп отырған жұмысы мардымсыз.

Біздің ел мұндай өкілдіктердің санын тағы 11-ге арттырмақ. Бүгінде оларды қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Атап айтқанда, Ресейден тағы екі өкілдік ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Қытайдан да екі өкілдік ашу жоспарда тұр. Бұдан бөлек, Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украина елдерінен де өкілдік ашылатын болады.

Үшіншіден, ел экспортының дамуына әлемдік бәсекеге түсе алатын ұлттық брендтердің жоқтығы да кедергі келтіріп отыр. Жеңіс Қасымбектің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін брендтік тауарларды шығарушыларды салықтық, субсидиялық, қаржылық, сервистік тұрғыдан ынталандыру керек.

Қазақстан экспортты дамытуда Иран нарығын нысанаға алып отыр. Биылғы Астана экономикалық форумында Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылмақ. Үш жылға шақталған уақытша келісім Қазақстан экономикасына серпін береді деп күтілуде. Бұл ретте, еліміздің экспорттық қызығушылығын тудыратын тауарлар бойынша Иран нарығының сыйымдылығы 8 млрд доллардан астам соманы құрап отыр. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзіне сенсек, отандық тауар өндірушілер әлдеқайда жеңілдетілген талаптарды пайдалана отырып, экспорт көлемін 30 есеге дейін арттыруға мүмкіндік алмақ.

Жалпы, өткен жылы Қазақстан мен Иран бірлескен жобаларды жүзеге асыру және әріптестікті нығайту бойынша екіжақты келісімді бекіткен болатын. Соның нәтижесінде соңғы 10 айдағы өзара сауда айналымы 385 млн долларды құраған. Бұл ретте, сауда айналымының көп бөлігі қазақстандық экспортқа тиесілі. Мәселен, былтыр Қазақстан Иранға құны 339 млн доллар болатын отандық тауарды экспорттаған екен.

Сондай-ақ, Қазақстан Үндістан, Мысыр, Израиль, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісім құру үшін келіссөздер жүргізуде.

Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанның экспорт көлемі 8,8 млрд доллардан асқан. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 27,4%-ға, яғни 6,9 млрд долларға артық.

"2013-2017 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы экспорт көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 23%-дан 32%-ға дейін өсті. Елдің сыртқы сауда айналымы 25%-ға артып, 69,5 млрд долларға жетті. Экспорт 30%-ға өсіп, 48,3 млрд долларды долларды құрады. Бізде өңделген тауарлар 123 елге тарайды. Оның ішінде экспорттың көп бөлігі − 22,9%-ы Қытайдың еншісінде. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа экспорттың 20,8%-ы, оның ішінде Ресейге 18%-ы тиесілі", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзіне сүйенсек, соңғы жеті жыл ішінде экспорттаушыларды қаржылық сақтандыруға мемлекет қазынасынан 112,6 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, тағы да 19,5 млрд теңге көлемінде қосымша қолдау көрсетілген. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылай қолдауға ие болуда. Экспорттық стратегияға сәйкес, 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайту көзделіп отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу