Ұлттық экономика арық айтып, семіз шықты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4761

Күзде мұнайдың аяқ астынан қымбаттауы экономиканы айтарлықтай өсіріп тастады.

Ұлттық экономика арық айтып, семіз шықты

Кеше өткен жылғы ішкі жалпы өнімнің ресми көрсеткіші жарияланды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы ІЖӨ өсімі 4,1 пайызды құрады. Жыл басында аталған көрсеткіш 3,8 пайыз болады деп жорамалданған еді.

Өткен жылдың сәуір айында "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға енгізілген өзгерістер бойынша үкімет 2018 жылғы ІЖӨ өсімі болжамын  3,9 пайыздан 3,8 пайызға төмендеткен еді. Алайда кейінірек ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жылдық өсімнің 4 пайыз аралығында болатынын бірнеше рет айтқан еді. Үкіметтің қазіргі болжамынша, 2019 жылы ІЖӨ өсімі 3,8 пайыз шамасында болғалы тұр.

2018 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 2017 жылғы көрсеткіштің 104,7 пайызын құрады. Қысқамерзімді экономикалық индикатордың есебін жүргізудегі мақсат ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік пен байланыс секілді ІЖӨ-нің 60 пайыздан астамын қамтамасыз ететін негізгі салалар бойынша өнім көрсеткішінің өзгерісіне негізделеді және жедел шара қолдануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2018 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2017 жылғымен салыстырғанда 17,2 пайызға артық болған еді. Сонымен қатар, былтыр өнеркәсіптік өндірістің көлемі алдыңғы жылғыдан 4,1 пайызға, тау-кен өнеркәсібі мен ұңғымаларды игеру көрсеткіші 4,6 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 4 пайызға, сумен қамту, кәріз жүйесі, өндіріс қалдықтарын реттеу мен өндіру көлемі 1 пайызға, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өндірісі 3,4 пайызға, құрылыс жұмыстары 4,1 пайызға, көлік саласы 4,6 пайызға, жүк тасымалы 7,3 пайызға, жолаушылар тасымалы 3,2 пайызға, байланыс 2,6 пайызға, сауда 7,6 пайызға көбейді.  

Өз кезегінде елдің сыртқы сауда айналымы бір жылда 20,5 пайызға артып, экспорт 25,4 пайызға, ал импорт 11,1 пайызға артты.

Экономиканың қарқын алуы өз кезегінде елде тіркелген заңды тұлғалардың санын да ұлғайтып, заңды тұлғалар саны 5,1 пайыздық өсім көрсетті.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу