Ұлттық құрама Польшаны тізе бүктіре ала ма?

972

Елордада өтетін Қазақстан – Польша арасындағы кездесуде жанкүйерлер әлемдік теннис жұлдызы Елена Рыбакинаның ойынын тамашалай алады.

Ұлттық құрама Польшаны тізе бүктіре ала ма?

Келесі аптада, 14 және 15 сәуірде Астанада Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы кездесулер өтеді. Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өту үшін бұл матчтар қызықты болатыны сөзсіз. Ендеше, талдап көрейік.

Ойындар Beeline Arena кортында өтеді. Қазақстан құрамасының сапында Елена Рыбакина (7), Юлия Путинцева (47), Анна Данилина (жұпта 26), Гозал Айнитдинова (жұпта 336) және Жанель Рүстемова (жұпта 992) ел намысын қорғайды. Команда капитаны - Ярослава Шведова.

Польша құрамасына келсек, олар әлемнің бірінші ракеткасы, жарақат алған Ига Швентексіз келеді. Құрама көшбасшы әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетт. Сондай-ақ Польша ұлттық құрамасына Магдалена Френх (98), Алисия Росольска (жұпта 40), Вероника Фальковска (жұпта 90) және 17 жастағы Вероника Эвальд (жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 52) шақырту алды. Команда капитаны - Давид Келт.

Бейсенбі, 13 сәуір күні, жеребе тарту рәсімі өтеді. Ал жұма, 14 сәуірде, жекелей екі кездесу өтеді. Одан кейін сенбі, 15 сәуірде командалар тағы екі жекелей және бір жұптық ойын өткізеді.

Жеңімпаз әлем чемпионатының финалдық бөлігі – Билли Джин Кинг кубогына жолдама алады. Швейцария (қазіргі кубок иегерлері) және Аустралия (өткен жылғы финалистер) құрамалары бұл турнирге іріктеусіз, автоматты түрде қатысады.

Айта кетейік, 2022 жылдың қарашасында Қазақстан құрамасы Билли Жан Кинг кубогының финалдық кезеңінде топтан шыға алмай, қосымша көрсеткіштер бойынша Ұлыбританиядан да, Испаниядан да ұтылды. Одан кейін Глазго қаласында (Шотландия, Ұлыбритания) әлем чемпионатының финалы өтті.

Ал іріктеуге келер болсақ, бір жыл бұрын сәуір айының ортасында Қазақстан құрамасы Астанада Германия құрамасын 3:1 есебімен ұтқан болатын. Енді ұлттық құрама финалға жолдама алуға тағы да талпынып көреді.

Теннис жанкүйерлері үшін бұл тамаша мүмкіндік. Себебі Қазақстан теннис құрамасы өз алаңында сирек ойнайды. Оның үстіне, көптеген жанкүйерлер үшін бұл елдің ең үздік теннисшісі Рыбакинаның ойынын тікелей эфирде көру мүмкіндігі. Бір жыл бұрын ол Астанада германиялық қарсыластарына қарсы ойнаған кезде ол әлі "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы, үздік 10 ойыншы және жер шарындағы ең танымал әрі ең көп сыйақы алатын теннисші емес еді.

Енді Рыбакина әлемдік жұлдыз мәртебесіне ие болғаннан кейін алғаш рет еліміздің корттарында өнер көрсетеді және бұл оқиғаны жіберіп алмау керек. Сонымен қатар, Елена үшін өткен ай ерекше болды. Ол Индиан-Уэллстегі WTA 1000 титулын жеңіп алды, Майамидегі WTA 1000 турнирінде финалға шықты. Жалпы, Қазақстан құрамасы кездесудің фавориті. Іріктеу кезеңінде команда сегізінші нөмірге ие болды. Ал қонақтар арасында әлемнің бірінші ракеткасы Швентектің болмауы қазақстандықтар үшін тамаша мүмкіндік болып отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу