Ұлыбритания патшайымы Мұхаммед Пайғамбардың ұрпағы болуы мүмкін

7727

​Ғалымдар Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның шежіресіндегі ислам әлемімен байланысты анықтады.

Ұлыбритания патшайымы Мұхаммед Пайғамбардың ұрпағы болуы мүмкін

Ұлыбританияның қазіргі патшайымы ІІ Елизавета Ислам дінінің негізін қалаушы, мұсылмандардың сенімі бойынша ең соңғы пайғамбар – Аллаһтың елшісі Мұхаммедтің (салла Аллаһу алейһи уә сәллам) тікелей ұрпағы болуы мүмкін.

Бұл туралы батыстық ақпарат агенттіктері хабарлауда. Дегенмен, ең алдымен осы туралы мәліметті араб ақпарат құралдары басқан екен. Мәселен, британдық The Times басылымы марокколық газеттегі мақалаға сілтеме жасайды. Автордың байламынша, ұлыбританиялық патшайымның ата-тегі кезінде Испанияны билеген мұсылман патшаларынан және солар арқылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан тарайтын көрінеді.  

Бұл ретте арабтар ІІ Елизаветаның 40 атасына дейінгі шежіресін талдаған.

Айтқандай, сарапшылар бұл туралы мәлімет алғаш рет 1986 жылы жарық көргенін еске салады. Сонда генеалогиямен айналысатын "Бёрк пэрлерінің кітабы" басылымы ІІ Елизаветаның мұсылман патшаларының және солар арқылы VII ғасырда қазіргі Сауд Арабиясы жерінде дүниеден өткен Ислам дінінің негізін қалаушының ұрпағы болуы мүмкіндігін жариялаған екен.

Енді апта сайын шығатын араб басылымы олардың бір туған екенін растайтын "генеалогиялық байтеректі" құрып отыр. 

Мақала бірқатар мұсылман елдерінде үлкен қызығушылық пен қызу үнқатыс туғызды. Марокколық блогерлердің бірі "Аллаһ, патшайымды сақтай гөр!" деп әзілдей жазады. Себебі, Ұлыбританияның мемлекеттік әнұраны "Жаратқан Ие, патшайымды сақтай гөр!" (God Save the Queen) деп аталатыны мәлім.

The Times бұл шежіре және патшайымның ата-тегі келешекте діндер мен елдер арасын жақындастыра түсер "алтын арқауға" айналуы қажеттігін айтып, үміт білдіреді.

Өз кезегінде тарихшы Дэвид Старки бұл зерттеуге байыпты қарау керектігін білдіре келе, аталған теорияның "тіпті де абсурд" еместігін нықтайды. Бірақ оның айтуынша, 1980 жылдардан бері белгілі бұл жайт Ұлыбританияда "жаппай мойындауға ие бола алмай отыр".

Тарихшы британдықтар үшін патшайымның Ричард Конисбургке дейінгі тегі "ешқандай күмән тудырмайтынын" алға тарта келе, одан бұрын Англия мен Испания патшалары арасында аралас неке, қыз алысып, қыз берісу дәстүрі болғанын растайды. 

"Ал Испанияның ортағасырлық монархтары мен исламдық корольдіктер бір-бірінен ажырағысыз, тығыз қабысып жатқан", – деді Дэвид Старки.

Басылым патшайымның ата-тегінде байланыстырушы буын мұсылман ханшайымы Заида болып табылатынына назар аудартады: ол XI ғасырда Испанияда өмір сүрген және ортағасырлық Испанияның христиан және мұсылман корольдіктерін байланыстырған.

"Бёрк пэрлерінің кітабы" анықтамалық басылымының бұрынғы баспагері Гарольд Брукс-Бейкер 1980 жылдары Ұлыбритания премьері Маргарет Тэтчерге хат жазған екен. Ол осы ашылым ІІ Елизаветаның өміріне қауіп төндіре ме деп, қауіпсіздігіне алаңдаған екен.

"Патшайымның бойында Мұхаммад пайғамбардың қаны ағып жатқанын британдықтар білмейді. Бірақ барлық мұсылман діни лидерлері мұны біледі және осы фактіні мақтан тұтады", – деп жазған Гарольд Брукс-Бейкер.  

Патшайымның тарихшысы Хьюго Викерс ІІ Елизавета мен Мұхаммад пайғамбардың бір туған болуы мүмкіндігі жайындағы мәлімдемеге түсініктеме беруден бас тартыпты.

Ал Burke's Peerage қауымдастығының мамандары жүргізген генеалогиялық зерттеуге жүгінген ғалымдар Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета Мұхаммедтің (с.ғ.с) 43-ші ұрпағы болып саналатынын айтып отыр.

Олардың тұжырымдауынша, пайғамбардың тұқымы Абу әл-Касим Мұхаммад ибн Аббад Испанияның Севильясының бірінші мұсылман билеушісі болып табылады. Ол 1023 және 1091 жылдар аралығында билік құрған Аббадид әулетінің негізін қалайды. Абу-Касимнің немересі Мұхаммад әл-Мутамид Кордобаға үстемдік етеді. Оның қызы Заида, әулеті биліктен құлатылғаннан кейін испан патшасы VI Альфонсоның жұбайына айналады. Кейін Заиданың ұрпақтары ағылшын патшасы ІІІ Эдвардпен некеге тұрады.

"Нәтижесінде, Британия тағында қазір ІІ Елизавета патшайым отыр" деп түйіндейді зерттеу авторлары.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу