Үндістан мангосымен Қазақстанды да жаулағысы келеді

3586

Аbctv.kz өткен аптада елімізге қатысты шетелдік басылымдарда жарық көрген мақалаларға шолу жасап көрді.

Үндістан мангосымен Қазақстанды да жаулағысы келеді

Үндістан өзін жеміс-жидектер патшасы деп есептейді. Және де ол манго экспорттаудан әлемде – үшінші, Азияда бірінші орында тұр. Делидің қазіргі мақсаты – Қытай нарығынан лайықты орын алу. Сонымен қатар, Үндістан осы жеміспен Иранды және Қазақстанды да жаулауды көздеп отыр. Мұны The Times of India газеті сәуірдің 23-інде хабарлады. Оның мәліметінше, Үндістанның ауылшаруашылығы және өңделген азық-түлік өнімдерін экспорттау агенттігі алдағы мамыр айында аталған мемлекеттердегі елшіліктері арқылы мангоны жарнамалау шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Латын әліпбиіне көшірудің құны қанша
Осыдан бірнеше күн бұрын Британияның "Би-би-си" телерадиокорпорациясы өз сайтында еліміздің жаңа алфавитке көшуін экономикалық тұрғыдан сараптап көлемді материал жариялады. Ол "Елді тұтастай латын әліпбиіне көшірудің құны" деген атпен жарық көрді. Автор мамандардың пікіріне жүгіне отырып, мынадай мәліметтерді алға тартқан:

"2016 жылы жүргізілген санақ бойынша, этникалық қазақтар Қазақстан халқының үштен екі бөлігін, орыстар 20 пайызын құрап отыр. Алайда, Кеңес заманында Қазақстан тұрғындарының 94 пайызы орысша таза сөйлеген.

Қазір Ресей, Қазақстан, Украина арасындағы сауданың 10 пайызға жоғары болуы осы орыс тілінің қолайлылығымен, мәдени және ментальдық  ортақтықпен түсіндіруге болады. Және де бұл жағдай орыстілді қазақтардың  осы елдер арасында экономикалық жағынан белсендірек екенін аңғартады. Ал, орыс тілінде таза сөйлемейтін Әзербайжан мен Грузияның Ресеймен сауда байланысы осалдау".

Сонымен қатар, британдық журналист Түркия мен Қазақстанның латынға көшуін салыстыра келіп, түрік тілдері және түрік халықтары тарихын зерттеп жүрген неміс сарапшысы Барбара Кельнер-Хейнкеленің төмендегідей пікірін келтірген:

"Латын әліпбиі Батыс әлеміне көбірек интеграциялануды білдіреді. Бір мысал келтірсек, 1928 жылы араб алфавитінен латынға өткен Түркия Еуропа одағымен етене араласа білді. Тіпті кейінгі кездерге дейін Анкара осы одаққа өту жолында келіссөздер жүргізді. Түркия тіл және құқық жүйесін модернизациялау арқылы қалай экономикалық державаға айналғанын бұрыннан бері өзгелерге үлгі етіп келеді. Бірақ, бұл прогресс сауатты адамдар санының артуымен көбірек байланысты шығар. Түркия латынға жедел көшті, ал түріктердің аз бөлігі ғана ол кезде оқып, жаза білмейтін. Ал, Қазақстанның  латынды қабылдауы сауаттылық пен экономикаға қарағанда, оның кеңестік өткенімен көбірек байланысты. Қазақстан жаңа алфавитке көше отырып, өзінің заманауи мемлекет және ұлт екенін көрсеткісі келеді".

Қытай-лагерь: Мәскеу мен Қадыров неге үнсіз?
Бейсенбі күні Ресейдің "Новая газетасы" Қытай үкіметінің Шыңжаңда ондаған мың ұйғыр мен этникалық қазақты "саяси қайта тәрбиелеу лагерлеріне" айдап жатқаны туралы көлемді мақала жариялады. Ол "Қытай-лагерь" деген тақырыппен басылды.

Материал авторына жүгінсек, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерінің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. Ал, Мәскеу бұл оқиғалардан бейхабар  кейіп танытып, олардың өзіне еш қатысы жоқ (ол лагерлерде ресейліктер жоқ) тәрізді үнсіз отыр.

"Алайда, Ресей басшылығының кейбір өкілдері, мысалы, Рамзан Қадыров 2016-2017 жылдары Мьянма үкіметі рохинджа мұсылмандарын қудалап жатқанда, сол мұсылмандардың құқығын қорғап белсенді түрде мәлімдемелер жасады. Бірақ, Мьянманың алдында геосаяси сес көрсету бір басқа, ал, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымына кіретін жолдасын, бауырын, одақтасын қорғау қажет болса да, РФ билігі Қытайдың алдында  мүлде өзгеше", – деп жазады ресейлік тілші Вячеслав Половинко.

Қазақстан, Беларусь, Украина Трамп пен Кимге үлгі болса...
"Көпшілік Трамп-Ким саммитінен ештеңе күтпейді. Егер ол сәтті аяқталса ше?" Бұл - "Чикаго трибьюн" газетінде жарияланған мақаланың тақырыбы. Америкалық репортердің сөзінше, қазір Құрама Штаттар мен оның халықаралық аренадағы серіктестері Солтүстік Кореямен өтуге тиіс келіссөздердің стратегиясын жетілдіріп жатыр. Осы орайда, Вашингтон мен оның серіктестері Кеңес одағы құлағаннан кейінгі кезеңнен сабақ алуға тиіс.

"1991 жылы КСРО ыдырап жатқанда, біз Ресейде, Беларусьте, Қазақстанда, Украинада орналасқан ядролық және химиялық қаруды  есепке алу, жою және оларды көлікпен тасымалдау жұмыстарын техникалық және қаржылай қолдау туралы заң жаздық. Сол ереже 1991 жылы Кеңестік ядролық қауіпті азайту жөніндегі Нунн-Лугар актісіне айналды.

Бұл бастама қару кешендерінде қызмет еткен ғалымдардың өнімді де бейбіт жұмыс істеуіне көмектесіп, олардың ноу-хауының өзге мемлекеттер мен мемлекеттік емес топтардың қолына өтіп кетуіне жол бермеді. Сол ноу-хаудың ішінде ядролық қару жасауға қолданылатын материалдарды қауіпсіздендіретін ерекше лабораториялық бағдарлама да бар", – дейді чикаголық басылым тілшісі.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу