banner

Үндістан неге "туристік тәжінен" бас тартып жатыр

5718

Жағымсыз экология Тәж-Махалды көркінен айыруға жақын.

Үндістан неге "туристік тәжінен" бас тартып жатыр

"Уақыттың жүзіне тамған мөп-мөлдір көз жасы"
Тәж-Махал – Үндістанның ұлы архитектуралық ескерткіштерінің бірі. Оны осыдан төрт ғасырға жуық уақыт бұрын Моғол патшасы Шах Жахан сүйікті жарына арнап салдыртқаны белгілі. Әйгілі мавзолейді тамашалауға жылына ондаған миллион турист барады. Сонымен қатар, бұл кесене – елде фотоға ең көп түсірілген ғимараттардың бірі екен. Үндістанның әдебиет номинациясы бойынша жалғыз ғана нобельдік лауреаты, ақын, композитор Рабиндранат Тагор (1861-1941) айтқандай, көркі келіскен мәрмәр монумент "уақыттың жүзіне тамған мөп-мөлдір көз жасы" іспеттес.

Бірақ, Newsweek журналының тілшісі Шаши Тарурдың ойынша, бүгінде Тәж-Махал үшін өзге себеппен жылайтын кез жетті. Өйткені, оның көз жауын алатын әсем келбеті сарғайып барады. Бұған маңайдағы зауыт-фабрикалардан тараған улы түтін себепші. Кесененің өңін қалпына келтіру үшін қайта-қайта құрылыс сатыларын қойып, мұнараларын жауып сырт көзден таса ұстауға тура келіп отыр. Бұл жұмыстың нәтижесі сол – 2012-2015 жылдары Тәжді тамашалаймын деген туристер саны 35 пайызға төмендеп кеткен.

Тәж-Махал Уттар-Прадеш штатының тіршілігі қыз-қыз қайнаған, халқы "құжынаған", лас қаласы – Аграда орын тепкен. Кейбір саяхатшылар оның айналасындағы жағдай адам шошырлық деңгейде дейді. Экология өз алдына, тарихи монументке жергілікті биліктің көзқарасы да бұрынғыдай емес.

Тәж-Махал туристік брошюрада жоқ
Осы штат билігіне жақында келген BJP партиясы Шах Жаханның атақты мұрасы үшін мақтанатын заман өтті деген пікірде. Уттар-Прадештің бас министрі Йоги Адитиянат мәлімдегендей, жергілікті үкімет шетелден келген мәртебелі меймандарға бұрынғыдай естелік ретінде Тәж-Махалдың суреті бар сыйлық тартуды тоқтатуы керек. Себебі, оның ойынша, бұл мавзолей "Үндістан тарихын бейненелей" алмайды. Йоги мұндай кәдесыйларды тарту еткенше, қонақтардың қолына үнділер үшін қасиетті – "Бгахавад Гита" кітабын ұстатуды ұсынып отыр. Сонымен қатар, Уттар-Прадештің туризм департаменті Тәж-Махалды штаттың көрікті орындарын көрсететін брошюрасынан шығарып тастап, биыл қаржыландырылатын мәдени мұралар тізіміне де енгізбеген.

Қазір Тәжге жергілікті туристер де бұрынғыдай көптеп бармайтын болды. Олар өздері үшін қасиетті саналатын Варанаси қаласына жиірек жол тартады. Бұл шаһар да дәл осы штатта орналасқан. Бірқатар бақылаушылардың ойынша, осы жайттың өзі Уттар-Прадеш үкіметі үнділердің діни туризмін Тәж-Махалдан жоғары қоятынын аңғартса керек. Ал, BJP қатарындағы бір экстремистік көқарастағы депутат танымал кесенені "сатқындар тұрғызған реликвия, ел абыройына түскен дақ" деп, оған Үндістан тарихында орын жоқ деп мәлімдеген.

"Биліктегі партияның Тәж-Махалға қарсы науқанын түсіну қиын: мол табыс әкеліп отырған сәулет өнерінің ғажабын неге біреулер құлатуы керек?

Тәжге жасалып жатқан шабуыл – Үндістанда мұсылмандар билеген дәуірді жек көретіндер саясатының бір пұшпағы",–- дейді журналист Тарур.

BJP партиясының сөзінше, Тәж-Махал бой көтерген заманда үнділер қаналды, олардың гүлденген жері тоналды, храмдары мен сарайлары қиратылды, миллиондаған адам құлдыққа жегіліп, сол басқыншылық ақыры 1947 жылы Үндістанды ағылшындардың бөлшектеуіне алып келді. Ал, бас министр болмас бұрын – 2007 жылы Йоги Адитиянат осындай анти-мұсылмандық сипаттағы сөздері үшін діни араздықты қоздырды деген айыппен 11 күн түрмеде отырған.

Үкімет Тәж-Махалды қорғауға әзір
Бірақ, ол үнділерден толық қолдау таппағандықтан, халық наразылығын ескеріп, қоғамдық және саяси қарсыластарының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Йоги таяуда Аграға тіпті ресми сапармен барып, жергілікті ашынған тұрғындарға "үкімет Тәж-Махалды қорғауға дайын" деп уәде беріп қайтқан. Сонымен қатар, Йоги әйгілі монументті салу жолында үнді шаруалары мен жұмысшылары да тер төккенін мойындап отыр. Сарапшылардың ойынша, бас министрдің осы сөздерінің өзі көңілге үміт ұялатады.

Йоги Тәжді сынаумен әлек болып жүргенде, елдің оңтүстігіндегі Керала штатының басшылығы Тәж-Махал кесенесінің әлем туристеріне Үндістанды табуға жәрдемдескенін ұмытпауға үндеп отыр. Ал, кейбір сарапшылардың ойынша, "мәдени ұлтшылдыққа" жол беретін болса, Үндістан әлемге ықпал ететін "жұмсақ" күшінен айрылып, өз қоғамының ауызбірлігін жоғалтып алуы ғажап емес.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу