ҰОК Қазақстанның барлық облысында street workout алаңдарын ашты

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті басшысының қолдауымен елімізде шамамен 80 спорт алаңы салынды, осының арқасында Қазақстан street workout  қарқынды түрде танымал болып бара жатқан үш елдің біріне айналды.

10 Қыркүйек 2018 13:16 Автор: Саян Абаев
ҰОК Қазақстанның барлық облысында street workout алаңдарын ашты, спорт, ҰОК, street workout, спорт  алаңдары, Қазақстандық Street Workout Федерациясы

Өткен аптада Қазақстанның екі қаласында Street Workout-пен шұғылдануға арналған алаңдардың ашылу салтанаты өтті. Мұндай сыйлықты ҚР Ұлттық олимпиада комитеті басшысы – Тимур Құлыбаев тарту етті деп хабарлады ҚР ҰОК баспасөз қызметі abctv.kz-ке.

Қостанай қаласындағы Street Workout алаңының ашылу салтанатына әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қала жұртшылығы алдында Street Workout  бойынша Қазақстандағы ең мықты саналатын Bar Bars командасы өнер көрсетті. Спортшылар шеберлік сабағын көрсетіп, жиналған жұртшылықты одан әрі спортпен айналысуға ынталандырды. Ашылу салтанатына қатысқан қала тұрғындарына қазақстандық Street Workout федерациясы атынан сыйлықтар тарту етілді.

Сонымен қатар 8 қыркүйек күні Павлодар қаласында да арнайы алаң ашылды. Шараны Павлодар қаласының құрметті азаматы, еркін күрес бойынша КСРО спорт шебері Амангелді Айтмағамбетов ашты. Ол жаппай спортты дамытуға теңдесіз үлес қосып жатқаны үшін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ еліміздің барлық қала тұрғынына қолжетімді спортпен айналысуға үлкен мүмкіндік сыйлағаны үшін Ұлттық олимпиада комитеті басшысына да алғыс айтты.

Алаңдардың ашылуы қала тұрғындарының көңілінен шықты, әсіресе жасөспірімдер мен жастар қатты риза болды. Street Workout – қолжетімді спорт түрлерінің бірі, онымен айналысу үшін тек ынта-жігер мен спорт алаңы қажет.

Ұлттық олимпиада комитеті 2016 жылдан бері қазақстандық Street Workout федерациясымен бірлесіп халықтың дене шынықтыру және спортпен айналысуына жағдай жасауға қатысты жобаны іске асыруда. Былтырғы жылы ҚР ҰОК басшысының бастамасы бойынша Қазақстанда 60-тан астам  спорт алаңы ашылды. Спорт алаңдары Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Өскемен және Астанада ашылған. Осы тізімді Павлодар мен Қостанай қаласы толықтырды.

Тимур Құлыбаевтың қолдауымен Қазақстанда 80-ге жуық спорт алаңы салынған, осының арқасында Қазақстан street workout танымалдылығының өсу қарқыны жоғары елдер үштігінің қатарына енді.

Бүгінгі күні аталмыш спорт түрін таңдағандардың саны 20 мыңға жуықтайды. Осы уақыт  ішінде Қазақстанда street workout бойынша ауқымды спорт шаралары өткізілген.

Саян Абаев