ҰОК президенті: "Пхенчханға дейін ояныңдар!"

1779

Тимур Құлыбаев қысқы спорт түрлері федерацияларына  2018 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты жандандыруды тапсырды.

ҰОК президенті: "Пхенчханға дейін ояныңдар!"

Бейсенбі, 1 маусым күні Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті мен  мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құрама командаларды алдағы қысқы Олимпиада ойындарына дайындау мәселесі бойынша бірлескен отырыс өткізді.

Байрақты бәсеке ендігі жылдың 9-25 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында болады. МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов атап өткендей, Қазақстанның 62 спортшысы лицензия алудан үмітті болып отыр.

"Қазіргі кезде мәнерлеп сырғанау бойынша отандық спортшылардың лицензиялары ресми түрде расталды. 2017-2018 жылдар аралығында халықаралық біліктілік жарыстарында лицензияларға қол жеткізу үшін күрес жалғасады", – деліген ҰОК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарында әлемнің 90 елінен спортшылар мен ресми тұлғалар қатысады және спорттың 15 түрінен 102 медаль топтамасы ойнатылады.

ҰОК және МСМ-нің жоспарына сәйкес, Қазақстанның спорт делегациясы спорттың тоғыз түрінен бақ сынайды (оның ішінде, жоғарыда атап өткендей мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан лицензияға қол жеткізді. Хоккей бойынша  олипиада турнирлерінде Қазақстаннан құрама команда болмайтыны анықталды).

Елсияр Қанағатовтың айтуынша,  Қазақстан қатысуға ниет етіп отырған қалған спорт түрлері бойынша құрамалар (шорт-трек, фристайл, шаңғы жарысы, шаңғымен секіру бойынша командалар) шетел мамандарының қатысуымен дайындалып жатыр.

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев  2018 жылдың Олимпиада ойындарына дайындық кезінде құрама командалармен жұмыс істейтін ғылыми-кешенді топтардың маңыздылығына баса назар аударды. Олар Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарына спортшыларымызды дайындауда тиімділігін көрсетті. Осыған орай, оның айтуынша, Пхенчханда өтетін XXIII қысқы ойындардың алдында осындай ғылыми-кешенді топтар үшін қосымша қаржы бөлінеді.

Жуырда елдің кәсіби спорты және жоғары табысты спорт саласын реттейтін заңнамасына енгізілген түзетулерден кейін ұлттық құрама командаларын дайындау, оның ішінде қаржыландыру мәселесі Ұлттық олимпиада комитетінің құзырына ауысты. Бұл құзырет ҰОК-ге белгілі бір спорт түрінен ұлттық федерацияларға ықпал етуге қосымша мүмкіндік берді. Осыған байланысты, ҰОК спортшыларды қысқы спорт түрлеріне дайындық жағдайын жақсарту үшін бұл мүмкіндікті қалт жібермеу керек деп шешті.

"Егер бізде "ұйқыда жатқан" федерациялар болатын болса, оларды ширатуға тырысамыз. Олай болмаса, ауыстырамыз. Бізге спорт туралы білетін адамдар ғана емес, сондай-ақ оның дамуына инвестиция салатын адамдар да қажет", – деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.

Жалпы қысқы спорт түрлері бойынша бізде мұндай федерациялар жетерлік, оны статистика дәлелдейді:  Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін алты қысқы және алты жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Егер жазғы ойындарда  түрлі дәрежеде 69 медаль ұтса ( оның 15-і алтын), қысқы ойындарда бар болғаны жеті олимпиада жүлдесі бар.

Осы жеті медальдің біреуі ғана алтын, оны сонау 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов алған болатын.  Дәл сол кезде Қазақстан спортшылары қысқы  олимпиада да ең көп медаль ұтқан еді (үш медаль), бұл көрсеткіштен бүгінгі күнге дейін аса алмай отымыз. Дәл сол қысқы ойындарда Қазақстан құрамасы өзі үшін ең жоғарғы жалпыкомандалық 12-орынды иеленген еді. Алайда осы көрсеткіш бойынша қысқа ойындар жазғы ойындардан оза шауып отыр: әзірге Қазақстан құрамасы жазғы Олимпиада ойындарында жалпыкомандалық есеп бойынша 22-орыннан жоғары  көтерілген емес.

Алайда бұл ретте қысқы спорт түрлерінің ерекшелігін ескеру керек, қысқы Олипиада ойындарындағы спорт түрлері жазғы ойындармен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мысалға, былтыр Риода 32 спорт түрі бойынша 300 медаль топтамасы ойнатылса, Пхенчханда 15 спорт түрінен бар болғаны 102 жүлде топтамасы ойнатылмақшы. Осыған сәйкес, қысқы олипиада ойындарына қатысатын елдер саны да аз болады, сол себепті бұларды жалпыкомандалық орын сияқты көрсеткіш бойынша салыстырудың өзі жөнсіз.

Ал қалған көрсеткіштер бойынша жазғы ойындар қысқы ойындардан көш ілгері келеді. Спортты қаржыландыру туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді қарастыруда мәдениет және спорт министрлігі белгілі бір спорт түрін мемлекет тарапынан қаржыландыру оның өкілдерінің халықаралық аренада жеткен жетістіктеріне байланысты болатынын мәлімдеді. Оның ішінде, тіпті бірінші кезекте,  Олимпиада ойындары болуы мүмкін. Сондықтан "оянбаған" федерация басшыларына қатысты шығарылған қорытындылардың артынан Қазақстандағы белгілі бір спорт түрінің болашағына қатысты шешім шығуы мүмкін. Абырой болғанда, ҰОК-де енді мұндай құзырет бар.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу