banner

Ұялы байланыс ұялатын күйге жетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3996

Қазақстанда ұялы байланыс қызметтері алты жыл қатарынан құлдырауда.

Ұялы байланыс ұялатын күйге жетті

Елімізге WhatsApp келгелі, әлеуметтік желілер кең танымал болғалы қазақстандықтар бір біріне байланыс операторлары арқылы қоңырау шалып, SMS-хабарлама жазуды қойып барады. Бұл отандық осы салаға түбегейлі өзгерістер әкелді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша ұялы байланыс қызметтерінің көлемі тағы азайып, 0,3%-ға кеміді. Нәтижесінде, жыл басынан бері Қазақстан нарығынан нәпақасын айырып жүрген барлық жергілікті және шетелдік ұялы байланыс компанияларына жалпы сомасы небары 162,8 миллиард теңгені өзара бөлісуге қанағат тұтуға тура келген.

Салыстыру үшін айтсақ, еліміздегі ең жас салалардың бірі саналатын және алпауыт компаниялары әзірге пайда болмаған ІТ-сектор қызмет көрсетуден тапқан табысының көлемі бойынша алпауыттар иелігіндегі ұялы байланыс секторын қуып жеткен: ол жыл басынан бері кірісінің ауқымын 160 миллиард теңгеден асырып, өткен жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда, бірден 14,2%-ға арттыра алды.

Ал ұялы байланыс операторлары бұл жағынан ұятты: ол он жылдағы ең төменгі көрсеткішті тіркеп отыр. Тарата айтсақ, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің талдауынша, Қазақстанда 2011 жылы тоғыз ай қорытындысы бойынша операторлар ұялы телефон байланысы қызметтерінен 221,2 миллиард теңге табыс тауыпты, ал келесі жылғы сәйкес кезеңде оны 228,5 миллиард теңгеге дейін арттыра алған. Осыдан кейін сала алты жылдан бері дағдарып келеді: 2013 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында бұл нарық ойыншылары 227,7 миллиард теңгеге, 2014 жылы – 215,2 миллиардқа, 2015 жылы – 190,4 миллиардқа, 2016 жылы – 163,4 миллиардқа, 2017 жылы – 163,3 миллиардқа қанағат етуге мәжбүр. Ал биылғы көрсеткіші бойынша нарық сонау 2008 жылғы нәтижесіне дейін құлады.

Сарапшылар жағдайды интернет қызметтері құтқаруы ықтималдығына назар аудартады. Өйткені азаматтар қазір әлеуметтік желілерде және Уатсапп секілді тегін қосымшалар арқылы тілдесуге, араласуға, хат алмасуға ден қоюда.

Осының арқасында бұл сектордың бет-бейнесі өзгеруде: ұялы интернет – ұялы байланыс нарығының драйверіне айналған. Мәселен, кейінгі бір жыл ішінде елімізде жаңадан қатарға қосылған ұялы байланыс абоненттерінің саны небары 1,6%-ға ғана көбейіп, 26,5 миллионды құрады. Ал барлық абоненттер арасында интернетке қосылып, ғаламторды белсенді пайдалана бастағандар саны тағы 6%-ға өсіп, 13,9 миллион адамға жетті.

Сонымен бірге, мобильді интернеттің ұялы байланыс қызметтерінің жалпы көлеміндегі үлесі де қарқынды түрде артуда. Мәселен, 2008 жылы ұялы операторлар көрсеткен қызметтің тек 8,2 пайызы ғана ғаламторға қолжетімділікті ұсынуға қатысты болса, арада бес жыл өткенде, бұл көрсеткіш 17 пайызға, 2015 жылы 28,3 пайызға, ал 2018 жылы 30,1 пайызға жетті.

Осыдан он жыл бұрын еліміздегі барлық байланыс қызметтері нарығының 52,7%-ын ұялы байланыс қызметтері басыбайлы иеленетін. Қалған көлемнің басым бөлігі сымды телефонға тиесілі еді. Одан бері сала сипаты күрт өзгеріп, кеңселерді айтпағанда, былайғы жұрт "құлақты" қалалық телефон қызметінен белсенді бас тартуда. Бұл ретте қазақстандықтар ұялы байланыс көмегіне де аз жүгінетін болған, салдарынан, оның үлесі бес жыл бұрын 47,9%-ға дейін кеміді. Ал биыл бар-жоғы 30,1% ғана болды. Бұлай бара берсе, ұялы байланыс та сымды телефонның кебін құшуы ғажап емес.

Оның орнына қазір интернет-провайдер күш алуда. Олар бүгінде қазақстандық байланыс қызметі нарығының үштен бірін – 33,4% қанжығалады.

Осыны байқаған ұялы байланыс операторлары да интернет қызметтерін ұсынуға басымдық бере бастады. Өйткені, бұрынырақта қазақстандықтар операторды таңдағанда қоңырау шалу кезінде ар жақтағы дауыстың қаншалықты анық әрі басыартық шусыз, таза естілуіне қарайтын, ал қазіргі абоненттердің біразы үшін оператордың интернетінің жылдамдығы, пакет-топтамаларында қанша "Гигабайт" барлығы секілді ақпараттар басты өлшем болып табылады.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, Қазақстанда ұялы байланыс нарығында жиіліктер спектрі бұған дейін келесідей бөлінді: 50% – Altel, Tele2, 25% – Kcell, 25% – Beeline. Спектр әр компанияның бір уақытта қанша абонентке қызмет көрсетуге қауқарлы болатынын, инвестициялар ауқымын және жылдамдықты анықтайды.

Дегенмен, осы жылы Қазақстанның монополияға қарсы органы "Қазақтелекомның" Kcell акцияларының 75%-ын сатып алуы бойынша оң шешім шығарып, ұлықсат етті. Бұған өзге ойыншылар, Парламент депутаттары үдере қарсы шығып, Қазақтелекомның салада басым орынға ие болатынына шағымданғаны мәлім.

Бірақ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің дәйектеуінше, нарықта "Алтел" және "Tele2" брендтерін ұсынатын "Қазақтелеком" АҚ және "Мобайл Телком-Сервис" ЖШС компаниялары бір тұлғалар тобына кірмейтін көрінеді. Себебі осы серіктестіктегі бақылау пакеті (50,52%) "Tele2 AB" швециялық компаниясына тиесілі. Осылайша, қазіргі кезде "Қазақтелеком" АҚ-ның ұялы байланыс қызметтері нарығында нарықтық үлесінің жоқ екендігін ескере келе, монополияға қарсы орган оның нарықта "экономикалық шоғырландыру" жүргізуіне келісім берді. Енді "Қазақтелеком" АҚ-ы алғаш рет еліміздің ұялы байланыс нарығына кіруде. Бағалаулар бойынша, осы нарықтағы компанияның үлесі 37,5%-ды құрағалы тұр.

Салада өзгерістер жүргізуіне ұлықсат ете отырып, мемлекет компания алдына бірқатар шарттар қойды. Атап айтқанда, Қазақтелеком 2021 жылға дейін тұрғындарының саны 4 мың адамнан асатын барлық ауылдарды 4G желісімен қамтып шығуға, 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей, Қазақстанда 5G қызметтерін ұсыну стандарттарын енгізуге, "Кселл" және "Activ" брендтерін және олардың қолданыстағы тарифтік жоспарларын үш жыл бойы сақтауға міндетті. Егер бұл талаптардың бірі бұзылса, антимонополиялық орган өзінің оң шешімін күшін жоятынын қатаң ескертті.

Егер шарттар толық орындалса, жоғары жылдамдықты интернет ең шалғай аймақтарға дейін жетіп, халықтың мобильді интернет жағына кетуі жаңа қарқын алмақ.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу