Ұялы операторлар тарифтерін жаппай көтеруде

4850

Бірақ биліктің қылар қайраны болмай тұр. Ал алпауыттар өз клиенттерінен 4 миллиард теңге өндіруі мүмкін. 

Ұялы операторлар тарифтерін жаппай көтеруде Фото: 1okno.com

"Activ" пайдаланушылары төбеден жай түсіргендей "суыт" хабар алып жатыр. Онда тарифтің кезекті рет қымбаттайтыны айтылған.

"Құрметті клиент, 2023 жылғы 1 тамыздан бастап, Сіздің тарифіңіз бойынша абоненттік төлем өзгереді және 30 күнге 2790 теңгені құрайды. Тариф "Реактив 2790 архивный" деп аталатын болады. Сізге Яндекс Плюс тегін қолжетімді болады және Kaznet лимитсіз болады", – делінген оператордың ескертпесінде.

Қазіргі кезде бұл тариф 2590 теңгені құрайды.

Бұл ретте әрине, компания не антимонополиялық органның, не өз тұтынушыларының келісімін сұраған жоқ.

Бұл қайта ең арзаны дегені. Kcell-дің өзге тарифтері де "күйіп" тұр. Мысалы, "ТОП M" тарифіне қосылсаңыз, алғашқы екі айда 30 күнге 2770 теңгеден болады, ары қарай 30 күндік тарифі 3690 теңгеге дейін шығандап өсіп шыға келеді.

Жалпы, салада үстемдік құрған алпауыттарға Үкіметтің азу тісі батпай тұр. Бағдат Мусин басқаратын, салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2022 жылы және ағымдағы 2023 жылдың өткен кезеңінде байланыс қызметтерінің сапасы бойынша ұялы операторларға 1 492 тексеру жүргізілді. Қорытындысында 3 миллиард 44 миллион теңге сомасында айыппұл салыпты. Енді операторлар оның бәрін тариф көтеру арқылы тұтынушылардан өндіріп алуы мүмкін.

Ұялы байланыс операторларының тарифтерді үнемі қымбаттатуынан әбден қажыған қарапайым халық министр Мусиннің құлағын шулатады. Нақтыласақ, қазірдің өзінде Цифрлық даму министрлігіне азаматтардан тарифтерді ұлғайтуға және операторлардың қосымша қызметтерді біржақты тәртіппен қосуына қатысты 350-ден астам шағым түсті.

Ұлардай шулаған бұқара Әділетті Қазақстанда уәкілетті органнан әділдік таппай, антимонополиялық органға барды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің атына тарифтерді көтеруге наразы азаматтардан 100-ден астам ресми шағымдар түсті.

Бірақ агенттіктің де тау қопарып, тас үгіп жатқаны шамалы, бір түнеріп, басылады. Себебі, қолы қысқа, құзыры шектеулі. Мәселен, алдыңғы жылдары антимонополиялық орган ұялы байланыс нарығының монополиялануына, саладағы операторларды екі алпауыттың жұтуына тосқауыл қоя алмады. Керісінше, қосылу процесін қорғаштап, ақтап бақты. Қазіргі қиындықтар соның бір салдары.

"Агенттікке тұтынушылардан "Жарқын+" (Яркий+) тарифтік жоспары бағасының 52,4%-ға күрт қымбаттауына байланысты Beeline операторының, сонымен қатар "Зазвони" тарифтік жоспарының 100%-ға өсуіне қатысты Теле2 үстінен шағымдар түсті. Бүгінде Қазақстандағы бүкіл ұялы байланыс нарығы дуополистік болып табылады. Онда тек 2 нарық субъектісі ғана қалды. Бұлардың бірі – "Қазақтелеком" АҚ: оған "Kcell" АҚ, "Мобайл Телеком–Сервис" ЖШС жатады. Компания қазақстандық осы нарықтың 62%-ына ие. Екіншісі – жекеменшік оператор "Кар-Тел" ЖШС. Оған нарықтың қалған 38%-ы тиесілі. Бұл нарық шектен тыс шоғырландырылған (CR-2). Онда мемлекет басымдыққа ие", – деп мәлім етті Бәсекелестікті қорғау агенттігі.

Ведомство сала қалпымен проблемаға батқанын жасырмады. Жалпы, сарапшылар бұл нарықта әділдіктің тіпті иісі де қалмағанын біраздан айтып, дабыл қағып келеді.

Агенттіктің байламынша, біріншіден, нарықтың монополиялануы және белгілі бір қолда жоғары шоғырлануы салдарынан операторлар клиент үшін өзара бәсекелесуді қойған. Екіншіден, олар бағаны қалағанынша өсіреді, бұған қарсы халықтың үдеген наразылығы ескерілмейді.  

Үшіншіден, операторлар еш қымсынбай, тұтынушылар арасында сұранысқа ие емес, талап етілмеген қызметтерді мәжбүрлі таңады. Тіпті таңдау да бермейді. Төртіншіден және ең бастысы, тарифтің көтерілуі қызмет сапасының артуына ұласпайды. Керісінше, байланыс және интернет қызметтерінің сапасы төмендеген. 

Нарықты жайлаған кеселдер мұнымен бітпейді екен. Антимонополиялық агенттік жаңа қызмет көрсетушілер үшін радиожиіліктер қолжетімсіз болып отырғанына назар аудартты.

Басқаша айтқанда, нарыққа жаңа операторлардың кіруіне тосқауыл қойылғанға ұқсайды. Құзырлы органдар радиожиілік спектрінің шектеулі екенін алға тартады. Бұған қоса, Қазақстанда нарыққа кіру өте көп бастапқы капитал салымдарын талап етеді екен.

Салдарынан, Қазақстандағы барлық радиожиіліктердің 82%-ын бір ғана "Қазақтелеком" АҚ тобы иеленіп алыпты. Ал қалған 18%-ын "КаР-Тел" ЖШС қанжығалаған. Осылайша, тіпті сырттан жаңа оператор кіргісі келгеннің өзінде бос радиожиілік жоқ.

Әділдік болу үшін әділқазы адал болғаны маңызды. Бәсекелестікті қорғау агенттігі тарифтерінің өсуін негіздеу туралы "Қазақтелеком" АҚ-ына сұрау салған екен. "Қазақтелеком" АҚ-ы клиенттері үшін тарифтерін неге қымбаттатып жатқанын түсіндіру орнына антимонополиялық органды сотқа берді. Салдарынан, қазіргі уақытта Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты алпауыттың дауын қарап жатыр. Әзірге 1-ші сатыдағы сот өз шешімімен меморганның сұрау салуын заңды деп танды, бірақ оның үкімі күшіне енбеді.

Бұдан бөлек, "Кселл" АҚ ұялы байланыс бағасына мониторинг жүргізу үшін агенттіктің жіберген сұрауына жауап беру орнына, оған қарсы дау айтып, сотқа шағымданған. Салдарынан, антимонополистер халық шағымына сай пәрменді шаралар қабылдау орнына сот процесіне басы қатып жатыр.

Бұдан да масқара жайт бар. Қазақстандық нарықты астына басқан алпауыттар өзара бәсекеге түспек түгіл, енді бірігіп алған сыңайлы. Агенттіктің бастамасы бойынша Цифрлық даму министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін "Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын" қабылдаған болатын. Демек, нарық ойыншылары мемлекеттік реттеушінің ережелеріне бағынып, оны орындауға кіріскені жөн. Алайда ұялы байланыс операторлары аталған қағидалардың өздеріне ұнамаған кейбір нормаларын жоюды талап етіп, Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына бірлесіп талап арыз берді.

"Осылайша, операторлар монополияға қарсы органның заңнамада көзделген ден қою шараларына қарсы шығып, бізді ұзақ мерзімді сот шайқастарына тартып жатыр. Осы арқылы операторлар өздерінің процессуалдық құқықтарын әрдайым теріс пайдаланады", – деп қынжылыс білдірді антимонополиялық органның мамандары.

Кейде ақпарат құралдарында немесе мониторинг агенттіктерінің таратылымдарында "Әлемдегі ең арзан интернет пен ұялы байланыс Қазақстанда" деген сияқты шындыққа онша жанаспайтын, жарнамалық сипаттағы сараптамасымақтар бой көрсетіп тұрады. Сарапшылар мұны жоққа шығарып жүр. Мұндай жарияланымдар операторлардың ісін ақтауға, оларды шығынмен жұмыс істейтіндей етіп көрсетуге бағытталған.

Бірақ операторлардың есептері табыстарының артқанын паш етеді. Оның үстіне жыл сайын жаңа ұялы байланыс пайдаланушыларының саны артып келеді. Қазақстанда 2022 жылдың соңында шамамен 25,1 миллион абонент тіркелді.

Осыдан бір жылдай бұрын, 2022 жылғы 16 тамызда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тізгінін мықты экономист, қаржы мен технологияның қыр-сырына терең бойлай алатын эксперт Марат Омаров өз қолына алған болатын. Сарапшылар оның осы салада да тегеурін танытуын күтуде.

Осы орайда Омаровтың командасы Үкіметке қызықты ұсыныспен шығып отыр: ұялы байланыстың қос алпауытының тарифтерін мемлекет бекіткені жөн.

Бұл нарықтық экономикада қаншалықты заңды?

Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабының 3-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттейді.

Кодекстің 124-7-бабына сай, бағаларды мемлекеттік реттеу және баға белгілеу тәртібінің сақталуын мемлекеттік бақылау "тұтынушылар мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің мүдделерін қорғау" үшін жүзеге асырылады.

Ал қазіргі заманда ұялы байланыс та қоғамдық маңызды саналады, әрі алыптар бағынбай, бассыз кеткендіктен тұтынушылады қорғау қажет болып тұр.  

Еске сала кетсек, Цифрлық даму министрлігі бұрынғы жылдары ұялы байланысты мемлекеттік реттейтін. Алайда Қазақстанда билік транзиті болардың қарсаңында, әрі ұялы байланыс операторларын "Қазақтелеком" сатып ала бастаған тұста бұған тоспа қойылды: 2017 жылы Доминантты субъектілердің мемлекеттік тізілімі жойылды.

Сондықтан нарықта қордаланған проблемаларды жою мақсатында, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қатысып отырған салада баға белгілеудің еш ашықтығы жоқтығын ескеріп, антимонополиялық агенттік тың бастама көтерді. Омаровтың ведомствосы ұялы байланыс қызметтеріне бағаларды мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынды.

Олардың ұсынуынша, тарифті мемлекеттік реттеу ұялы байланыс нарығы толық монополиясызданғанға дейін жүргізілуге тиіс.

Бұл бастама "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына енгізіледі. Бірақ бұл ұсынысты Үкімет пен Парламент мақұлдауы керек. Ал ол жақта операторлардың қуатты лоббистерінің жоқтығына сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу