Валюталық дағдарыс қаупі төнген елдер арасында Қазақстан жоқ

6447

Әлемнің жеті мемлекеті валюта бағамы дағдарысы қаупіне душар болды.

Валюталық дағдарыс қаупі төнген елдер арасында Қазақстан жоқ

Валюталық бағам дағдарысы қаупі төніп тұрған жеті дамушы экономика санатына Шри-Ланка, Оңтүстік Африка, Аргентина, Пәкістан, Мысыр, Түркия және Украина кіреді. Бұл туралы жаңа сараптаманы сейсенбі күні Жапонияның Nomura Holdings Inc компаниясы жариялады. Оның мәлімдеуінше, осы жетеудің бесеуі қазірдің өзінде ақша дағдарысына ұшырап отыр немесе Халықаралық валюта қорынан көмек сұрауға мәжбүр.

Дегенмен, өзге сегіз мемлекетке төнген қауіп өте төмен. Ондай елдер тізіміне Бразилия, Болгария, Индонезия, Қазақстан, Перу, Филиппин аралдары, Ресей және Таиланд ілікті. Мұны Nomura-ның басшысы және сарапшы Роберт Субарраман атап өтті.

"Бұл – маңызды нәтиже. Инвесторлар дамушы елдерге төнген қауіптерге мән беріп отырғанда, сол елдердің барлығындағы жағдай бірдей деген ой қалыптаспаған жөн", – дейді сараптама авторлары.

Nomura-ның Damocles индексі 30 дамушы елге алдағы 12 айда төнетін валюта бағамы дағдарысын 0-ден 200-ге дейінгі баллмен өлшейді. Осы жерде 100 баллдан жоғары көрсеткіш сол мемлекеттің алдағы бір жылда ақша дағдарысы алдында осал екенін білдірсе, 150 баллдан жоғарылау – дағдарыстың кез келген уақытта бұрқ ете қалуы мүмкін екенінен ескертеді. Nomura-ның соңғы сараптамасында Қазақстан нөл баллды көрсетті. Демек, біздің елде ақшаның күйреу мүмкіндігі ең төменгі деңгейде.

Бұл баяндама соңғы кездері дамушы нарықтарда валюталық тұрақсыздыққа алаңдаушылық күшейген тұста жарияланып отыр. Айта кетсек, жыл басынан бері Түркия лирасы мен Аргентинаның песосы өз құнының 40 пайызынан айрылды. Үндістанның рупиі рекордтық төмен бағаммен сатылып жатыр. Ал. Индонезияның рупиясына қысым артып келеді.

Damocles индексі
Номура индексінің атауы ежелгі Рим аңызымен байланысты. Ол ертегіде Дамокл деген сарай қызметкері өз орнын корольмен ауыстырады. Бір күні Дамокл өмірінде жемеген тамақты рахаттана асамақ болғанда, төбесінде аттың қылымен ғана асылып тұрған семсерді көріп, көңілі су сепкендей басылады. Өйткені, жоғарыдан төнген қауіп оған алдында тұрған астан рахаттануға мұрсат бермеген.

Nomura сарапшыларының мәлімдеуінше, оның индексі бұрынғы дағдарыстарды 67 пайызға тура болжаған. Солардың қатарында 1997-1998 жылдары Азияны жайлаған қаржы дағдарысы, 1998 жылы  Ресейді дефолтқа ұшыратқан дағдарыс пен бүгінде Аргентина мен Түркия тап болған проблемалар бар. 

Төртінші тоқсан қатал болады
Nomura экономистерінің болжамынша, 2018 жылы әлемнің қаржы нарығы 2007-2007 жылғы дағдарыстан бері алғаш рет "еркін" жағдайдан "қатаң" жағдайға көшеді. Өйткені, соңғы он жылдың көлемінде дамушы елдерге мол капитал салған жүздеген ірі компания сол инвестициясымен дамыған нарықтарға жаппай оралуы ықтимал. Бұдан тек дамушы елдер ғана зардап шеге ме, әлде оның зияны дамыған мемлекеттерге де тие ме? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Ал, Bank of America Merrill Lynch компаниясының баяндамасына қарағанда, егер дамушы елдердегі валюталық дағдарыс әлемге тарайтын болса, одан Еуропа қаржылық бей-берекетсіздікке душар болады. Содан кейін дағдарыс Құрама Штаттардың өзіне де жетуі мүмкін. Өйткені, қазір халықаралық нарықтағы байланыс бұрынғыдан әлдеқайда күшті.

Айта кетсек, 2007-2008 жылдары Америкада ипотекалық дағдарыс белең алып, Lehman Brothers инвестициялық банкі банкроттығын жариялағанда, Нью-Йорк биржасында индекстер жүздеген пунктке төмендеп, триллионнан астам доллар қаржы желге ұшты. Соның салдарынан АҚШ пен өзге елдер арасындағы қаржылық байланыс қиындап, бүкіл әлем экономикалық дағдарысқа ұшырап, мыңдаған компания банкротқа ұшырап, миллиондаған адам жұмыстан айрылғаны белгілі.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу