Венесуэлалық босқындар тасқыны сириялықтардан асып түсуі мүмкін

3596

Қазақстандықтар үшін сабақ: қалауын таппаса, мұнай "қара алтыннан" "қара батпаққа" айналып кетеді.

Венесуэлалық босқындар тасқыны сириялықтардан асып түсуі мүмкін

Мұны Оңтүстік Америкадағы 30 миллиондай халқы бар Венесуэла елінің қазіргі бастан кешіп жатқан жағдайы паш етуде.

Әлемдегі аса ірі мұнай қорын бір өзі басып отырған мұнайлы елдің осы секторы жаһан жұртшылығының көз алдында жайрап бара жатыр.

Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, сонымен бірге, осы сұйық отынға күні қараған елдің экономикасы "терең дағдарыстан" "алапат коллапсқа" көшуде. Екі жылдай бұрын бас бермей кеткен инфляция былтыр жантүршігерлік "гиперинфляция" сипатына ауысқан. Салдарынан, қазір Венесуэладағы осы көрсеткіш 4000%-ды құраған.

Бұл елдегі ахуалдың апатты дәрежеге жеткені сонша, тіпті мұнайшылардың, яғни осы республикаға қаржы мен валютаны әкелуші басты мамандардың өздері, халықаралық агенттіктердің сипаттауынша, "аштықтан әлсіреп, ауыр физикалық жұмысты атқаруға күштері жетпейтініне" шағымданатын көрінеді.  

Гиперинфляция қарапайым халық түгіл, мұнайшылардың да жалақысын лезде "жалмап" қояды. Олар еңбекақысы үшін алатын жергілікті валюта – боливарларға ең негізгі азық-түлік өнімдерін де сатып ала алмайды. Салдарынан, мыңдаған білікті жұмысшы мемлекетке қарасты PDVSA мұнай компаниясындағы жұмыстарын тастап кеткен. Ал қарасы сиреп, азшылықта қалған жұмысшылар мұнай өндірісін арттырмақ тұрмақ, оның қазіргі көлемін де сақтап қалуға қауқарсыз. Бұл сайып келгенде, мұнай секторының қалыпты жұмыс жасай алмауына соқтыруда.

Өткен жылдан бері мұнай өндірісі ай сайын кемуде, төмендеу көрсеткіштері күніне ондаған мың баррельге дейін баруда. Талдаушылар биылғы жылы бұл үрдіс сақталады деп болжайды.  "Ауыр ахуалдың бітетін түрі көрінбейді", – дейді сарапшылар.

PDVSA ұлттық компаниясында ашқұрсақ мұнайшылардың көздері қарауытып, жұмыс орнында талып құлаған деректері тіркеліпті. Ақпарат құралдары олардың кейбірінің жұмыстан кейін тамақ іздеп, қоқыс қопаратынын хабарлайды. 

Ал осыдан он жылдай бұрын PDVSA-да жұмыс жасау кез келген венесуэлалық үшін арман болатын. Өйткені оның әрбір қызметкері тұрақты жалақыға, кепілдендірілген зейнетақыға ие еді, үш реттік тегін тамағы да бар-тын.

Алайда ел үкіметінің жылдар бойы экономиканы сауатсыз басқаруы, 2014 жылы әлемдік базардағы "қара алтын" бағасының үш есеге дерлік құлауы, инвестициялардың салынбауы ақыр соңында мұнай өнеркәсібін және мемлекеттік мұнай компаниясын дәрменсіз халге жеткізді.

Өткен жылдың желтоқсанынан бастап, PDVSA асханалары жұмысшыларды тамақтандыруларын тоқтатты. Нәтижесінде, бұл компанияның көптеген кен орындарында жұмысшылардың жаппай қарсылықтары бұрқ етті. "Біз, мұнай өнеркәсібінің жұмысшылары аштықтан қырылу алдындамыз", – деген PDVSA еңбеккерінің бірінің сөзін таратты Bloomberg.

Бірақ бұл жалғыз мұнайшылар басындағы жағдай емес. Жақында жергілікті үш университет мамандары жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазіргі уақытта он венесуэлалықтың тоғызы күн сайын тоя тамақ жеуге ақшасы жоқ көрінеді. Ал әрбір онның алтауы аштықтан азғаны сонша, бір жыл ішінде орташа есеппен 11 келіге арыған.

Осы орайда сарапшылар босқындардың келесі алапат легін Таяу Шығыстан емес, осы латынамерикалық елден күту қажеттігіне назар аудартады. Себебі, тіпті табыс үшін емес, тамақ үшін ғана жұмыс жасауға дайын венесуэлалықтардың қатары барған сайын артуда. Олардың көбі көрші Бразилияға, Колумбияға және Гайанаға қоныс аударуға ұмтылады. 

"Босқындарға қатысты келесі дағдарысты қанды қасап соғыс емес, бұрын-соңды болмаған зұлмат сипатындағы әлеуметтік-экономикалық апат тудыратын болады", – деп болжайды Brookings Institution сарапшысы Дани Бахар. Оның тұспалдауынша, Венесуэладан ағылатын босқындар тасқыны қантөгісті бастан кешіріп жатқан Сириянікінен асып түсуі ықтимал.

Атап өту керек, Венесуэланың барлық экспортының 96%-ы жалғыз мұнайға тиесілі!

RBC Capital Markets компаниясының жаһандық тауарлық стратегия бөлімінің басшысы Хелима Крофт Венесуэладағы мұнай өндірісі ағымдағы жылы тағы күніне 700-800 мың баррелге дейін құлайтынын болжайды.

"Егер әлемдік нарық Венесуэладан түсетін үлкен мұнай жеткізілімдерін жоғалтса, бұл мұнайдың жаһандық бағаларына ықпал ететін шешуші факторға айналатын болады", – дейді Крофт ханым.

Осының нәтижесінде, "қара алтын" құны жоғарыласа, одан бір жағынан Қазақстан экономикасы ұтады. Себебі, мұнай біздің елдің де әлемдік базарда өткізетін басты тауары саналады.

Қалай болғанда, бұл елдегі мұнай өндірісінің құлдырайтынына сарапшылар сенімді, тек әңгіме оның қаншаға төмендейтінінде болып отыр. Barclays болжамынша, Венесуэладағы мұнай өндірісі 2017 жылғы тәуліктік 2,18 млн баррельден биыл күн сайынғы 1,43 млн баррелге дейін түсуі ықтимал.

Бұл ретте Венесуэла Боливариан республикасының президенті Николас Мадуро бәрін күшпен шешуге құлық танытып, мұнай секторына бақылауды күшейтуге кірісті. Жақында ол PDVSA-ның жаңа басшысы және мұнай министрі ретінде ұлттық гвардияның генерал-майоры Мануэл Кеведоны тағайындады. Ал бұрынғы мұнай министрі Эулохио дель Пино мен мемлекеттік мұнай компаниясының экс-жетекшісі Нельсон Мартинес қамауға алынды.

Әрине, Қазақстанға әртүрлі ақпарат көздерінен еміс-еміс жететін хабарларға қарап, біздің азаматтар Венесуэлада бәрі ғажап деп ой түюі де мүмкін. Айталық, Венесуэла әлемдегі ең әдемі арулардың мекені ме дерсіз: "Әлем аруы" байқауының бүкіл тарихында бұл елдің үріп ауызға салардай 15 бойжеткені "жаһандық сұлулық падишасы" атанды. Бұл жөнінен латынамерикалық осы елдің алдына бір де бір ел шыға алмайды.

Жақында бұл мемлекет өзінің El Petro атты төл криптовалютасының айналымға табысты шыққанын жер-жаһанға жариялады. Ол криптовалюта Венесуэланың мол мұнай қорына иек артатын болады.

Осы тұста нақтылай кетсек, Венесуэланың мұнай қоры 302 миллиард баррелге тең. Салыстыру үшін айталық, ОПЕК-тің өзге мүшелерінің, соның ішінде Сауд Арабиясының барлық барланған "қара алтыны" 266 миллиард баррельді, Ирандікі – 157 миллиард баррельді, Ирактікі – 148 миллиард баррельді, Кувейттікі – 101 миллиард баррельді, ал БАӘ-нікі 97 миллиард баррельді құрайды.

Алайда көптеген сарапшылар криптовалютаға қатысты қадамға күмәндана қарайды және оны АҚШ енгізген қаржылық санкцияларды айналып өтудің "аянышты талабы" ретінде қабылдайды. Өткен жылы Дональд Трамп Венесуэладағы "диктатураға" қатысты қатаң қаржылық санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжат бойынша Венесуэланың мемлекеттік облигацияларының, сондай-ақ PDVSA-ның құнды қағаздарының жаңа шығарылымдарына қатысты операциялар жасауға тыйым салынды. Одан бұрын АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуро мен бірқатар ірі лауазымды шенеуніктерге санкциялар енгізген.

Осы орайда Moody's Investors Service халықаралық агенттігі апта басында, 12 наурыз күні Венесуэланың шетелдік және ұлттық валюталардағы ұзақ мерзімді рейтингтерін ең төменгі деңгейге, "Caa3"-тен "C"-ға дейін құлдыратты. Бұл ретте Moody’s өкілі Джейме Рейш облигацияларды ұстаушылардың үлкен (65%-дан астам) шығын шегуге дайындалғаны жөн екенін ескертті. Өйткені Венесуэланың алдында өзінің сыртқы қарызының негізгі бөлігін өтеу міндеті тұр.

"Елдің сыртқы қаржыландырудағы үлкен тапшылығы және қаржыландыру көздерінің қысқаруы мемлекеттің өз борышы бойынша алдағы төлемдерді де өткізіп жіберетінін білдіреді", – деп пікір білдірді Джейме Рейш.

Венесуэла да, оның мемлекеттік мұнай компаниясы да өздерінің борыштық міндеттемелері бойынша төлемдерін төлеуді ұдайы кешіктіруде. Соның салдарынан бұл елдің сыртқы қарызы қарқынды түрде артып барады.

Халықаралық валюта қоры болса, 2018 жылы инфляция бұл мемлекетте 13000% межесін бағындырады, ал ІЖӨ 15%-ға құлайды деп болжауда. 

Осылайша, Венесуэла экономикалық, саяси және гуманитарлық дағдарыс батпағына бата түсуде. Осы ауанда биылғы сәуір айында осы республикада сайлау өтпек. Бірақ оның адал өтеріне сенімсіздік білдірген көрші Колумбияның өзі президенттік дода нәтижелерін қазірден мойындамайтынын мәлімдеп үлгерді.

Қалай болғанда, қазақстандықтарды бұл алаңдатпаса керек. Біздің назар аударатынымыз сол, "қара алтынның" ең үлкен барланған қорына жылдар бойы масаттанған, мастанған, мақтан тұтқан Венесуэланың ел мен экономиканы дамытудың басқа барлық мүмкіндіктерін жіберіп алғаны болса керек. Ақыр соңында қазір бұл мемлекет өз тіршілігіне қажетті бар затты: дәретхана қағазынан бастап, адамдардың аяқ киімдеріне дейінгі тауарларды шетелден тасиды.

2000 жылдары мұнай бағасы шарықтағанда Венесуэла мұнайлық миллиардтаған табыс тасқыны астында қалды. Дәл көмірсутек құны құлдырар тұста Уго Чавестің орнын басқан Николас Мадуроға енді "тар жол, тайғақ кешуден" өтуге тура келуде. Мамандар оның импорттық тауарлардың қымбаттап кетуінен сескеніп, боливарды еркін айналымға жіберуден тартынғанын атап өтеді. Оның орнына мемлекет шектен тыс жоғары "ресми айырбас бағамын" сақтауға, шетелдік валютаға қатаң үкіметтік бақылау және шектеу енгізуге ұйғарды.

Бірақ нәтиже күткендегіден басқаша болып шықты. Импорттың азаюымен бірге бағалар да жоғары өрлей жөнелген. Үкімет бағаларды жасанды түрде ұстап тұруға тырысты, бұған жауап ретінде дәп бір біздегі кеңес кезіндегідей, Венесуэлада да сөрелерден тауарлар жоғалып кетіп, олар "қара базардан" бір-ақ шықты. Салықтың төмендеуіне орай Венесуэла монета сарайындағы баспа станогын іске қосып, ұлттық валютаны қаптатып шығара берді. Ал содан пайда болған гиперинфляция онсыз да тәлтіректеген экономикаға жойқын соққы жасаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу