Visa&MasterCard: тұрғындар қайсысын жиі таңдайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3401

17,8 млн қазақстандық төлем карталарын пайдаланып жүр.

Visa&MasterCard: тұрғындар қайсысын жиі таңдайды

Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда төлем картасын ұстаушылардың саны көбейіп келеді. Мәселен, 2018 жылдың тамыз айында 17,8 млн адамның төлем картасын пайдаланатыны анықталды. Аталған көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 14,2%-ға жоғары.

Карта ұстаушылардың 99,8%-ы халықаралық жүйедегі төлем карталарын пайдаланғанды құп көреді. Бір жыл ішінде олардың саны 14,5%-ға көбейіп, 17,7 млн адамға жеткен. Ал жергілікті жүйедегі төлем карталарын ұстаушылардың үлесі 46%-ға қысқарып, небары 38,6 мың адамды құраған.

Карта пайдаланатындардың 11,1 миллионы Visa жүйесін таңдаған. Олардың саны MasterCard карталарын ұстаушылардан (5,6 млн адам) екі есе жоғары.

Ranking.kz-тің мәліметінше, осыдан бір жыл бұрын Visa картасын ұстаушылар MasterCard-ты пайдаланатындардан 2,8 есе көп болған. Яғни, былтыр 10,6 млн адам Visa-ны, 3,8 адам MasterCard-ты қолданған.

Бүгінде әлемдік екі алпауыттың арасалмағы қысқарып келеді.

Жалпы Қазақстанда айналымда жүрген халықаралық жүйедегі төлем карталарының үлесі төмендегідей: Visa – 13,3 млн, MasterCard – 10,2 млн.

Халықаралық жүйелердің екеуінде де дебеттік карталардың үлесі көп. Visa жүйесінде 9,5 млн, ал MasterCard-та 6,6 млн дебеттік карта бар. Екі жүйедегі кредиттік карталардың саны бірдей. Әрқайсысында 3,2 млн кредиттік картадан бар. Өзге карталардың саны Visa-да – 640 мыңға, MasterCard-та 376,9 мыңға тең.

Бір қызығы, Visa жүйесін пайдаланатындар көп болғанымен, MasterCard-тың айналымдағы карталар санының жыл сайынғы өсімі әлдеқайда жоғары. Мәселен, MasterCard-тың өсімі 47,3% болса, Visa-ның өсімі небары 15%-ға ғана тең.

Еске сала кетейік, әлемнің 200-ден астам мемлекетінде пайдаланылатын Visa жүйесі арқылы бір жылда жасалатын сауда айналымы 4,8 трлн АҚШ долларына тең. Ал MasterCard-тың таза табысы 1,492 млрд АҚШ долларын құрайды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу