RU KZ
TV
RU KZ
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33 KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Ауа райы:
-1Астана
-2.23Алматы
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38
Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33
KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Қытай әлемді электромобиль дәуіріне бастап барады

Қытай әлемді электромобиль дәуіріне бастап барады

Бейжің жаңа экологиялық ереженің күшімен дүниежүзілік автоконцерндерді «жол картасын» қайта сызуға мәжбүрлей бастады.

Қытай әлемді электромобиль дәуіріне бастап барады,  Қытай, электромобиль, гибридттік көлік

2607 16 Қараша 2018 11:08 Автор: Арыстан Рысбек

Қаңтар айынан бастап  Қытайда жұмыс істеп жатқан  шетелдік Toyota Motor , General Motors және жергілікті BYD,  BAIC Motor тәрізді алып автоконцерндер жаңа энергияға негізделген көлік (гибридтік көліктер мен элекромобильдер ) шығарудың минималдық талаптарына жауап беруге тиіс. Яғни олар жасаған немесе импорттаған машиналардың айтарлықтай бөлігі «жасыл энергиямен» жүруге міндетті. Бұл талап 2019 жылдан кейін қатаңдай түспек.

«Қысым күшейіп келеді. Бұл өзге елдерге де үлгі болуы ғажап емес. Сонымен қатар, бұл - әлем бойынша ойын ережелерін өзгертетін қадам», – дейді Дэвистегі Калифорния энергия және көлік университеті Қытай орталығының директоры Юши Ванг «Блумберг» агенттігіне берген сұхбатында.

Атмосфераға зиянды газ таратудан Қытай қазір планетаның алдында тұрған елдер санатында. Соған қарамастан, бұл мемлекет «электрленген» болашаққа жол бастамақ, дейді бақылаушылар. Сондағы мақсаты – импорттық мұнайға тәуелділікті азайтып, қалаларын тұншықтырған қою түтіннен арылу.  Бұл бастама бір жағынан жергілікті автоконцерндерге көлік жасау сегментінде көбірек тәжірибе жинауға жәрдемдеседі. Трамп әкімшілігі болса, энергияның балама жолдарын пайдаланудан бас тартып, тіпті Париж климаттық келісімінен шығуға ниетті. 

Экологиялық талаптарға жауап беру үшін қытайлық автомашина жасаушылар дамуды және өндірістік іс-әрекеттерді жеделдетеді деген болжам  бар. Ал 2025 жылға дейін Қытай басшылары елде сатылатын жеңіл көліктердің 20 пайызы немесе 7 миллион данасы гибридтік (бензинмен де, электр қуатымен де қозғалатын көлік) немесе батареялы болғанын қалап отыр. 

Бұл талапты қазірдің өзінде ескеріп отырған дүниежүзілік концерндер бар. Солардың бірі - Volkswagen AG. Былтыр ол өзі шығарған көліктердің 40 пайызға жуығын Қытайда сатқан екен. Сонымен қатар Volkswagen алдағы онжылдықта Қытайға гибридтік машиналар   мен электромобильдердің 40-қа жуық моделін енгізуді көздеп отыр.

BMW AG компаниясы да өз көліктерінің көбін осы Қытайға «өткізді». Ол қазір бұнда гибридтік автомобильдің екі түрін жасап жатыр. Сонымен қатар BMW Қытайда 2020 жылдан бастап екі электромобиль үлгісін құрастыруды көздеп отыр.

Американың Ford Motor концерні үшінші тоқсанда Қытайда 378 миллион доллар жоғалтқан. Соған қарамастан ол жергілікті Zotye Automobile кәсіпорнымен бірігіп, 2025 жылы жаңа брэндтік атаумен гибридтік көлік шығармақ.

Toyota, Honda,  Mitsubishi Motors та Гуанчжоу автомобиль тобымен бірлесіп, қытайлық жүргізушілерге электр қуатымен жүретін әрі жол  таңдамайтын электромоблиль сату жоспарын әзірлеп отыр.

Осылайша, төрткүл дүниеге әйгілі автомобиль корпорациялары ауаны ластамайтын модельдерімен Қытай шоурумдарында жарқырап тұрғанымен, олардың көліктерін қарапайым жүргізуші қалар ма екен? Электромоблильдер бензинмен жүретін машиналардан әлдеқайда қымбат. Мысалы, Benben Mini автомобилінің құны - $4,300.  Мемлекеттік субсидиямен  шығарылса да,  электромобильдің бағасы $7,900-ға жақындап отыр.

Зерттеулерге қарағанда, электромобильдер мен гибридтік көліктер шығаруды ынталандыру бағдарламалары бірте-бірте тоқтайды. Ал батареялардың бағасы транспорт құралының түріне, жер шарының қай аймағында сатылғанына байланысты, тек 2024-2028 жылдары ғана жанармай құнымен бәсекеге түсе бастамақ.

Дегенмен Қытай үкіметінде дәстүрлі автомобиль саудасын шектейтін тағы бір тетік бар. Мәселен, Бейжің, Шанхай, Шэньчжэнь тәрізді ірі мегаполистер жаңа нөмір белгілерін аз шығарып, автомобильдер санын азайтып жатыр. Бұл қалаларда автокөлік сатып алу құқығына ие болу да арзан емес. Өйткені мұнда көлемі үлкен және жанармай үнемдемейтін машина нөмірлерінің бағасы 14 мың долларға жуықтап отыр.  Ал электромобиль сатып алушыға сол нөмір тегін беріледі.

BNEF ұйымының есебінше, 2022 жылы Қытайда 2, 5 миллион электромобиль сатылады. Егер жоғарыдағыдай шектеулер өзге қалаларға да енгізілетін болса, экологиялық таза көліктер саудасы өркендеп кетуі мүмкін. 

Бүгінгі таңда Қытайда жасалып жатқан электромобильдер мен гибридтік модельдер тек жергілікті нарықпен шектеліп отыр. Өйткені олар өзге елдерде танымал емес. Сарапшылардың ойынша, егер Қытай мұндай көлік өндірісін әрі қарай дамытып, брендтеу жұмысын күшейтсе, оларды келешекте экспортқа көптеп шығара алады.

Қытай автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа саланы несиелеу-субсидиялау режимін 2021 жылға дейін жалғастырады. Әрі қарай не болары әзірге белгісіз. Бірақ «Блумбергтің» хабарлауынша,  Қытайдың қазіргі әрекеттеріне қарап, ғаламдық автоконцерндер электромобильдер болашағына апаратын «темір тұлпардың» тізгіні  Вашингтондағы емес, Бейжіңдегі саясаткерлердің қолында деген қорытындыға келіп отыр. 

Арыстан Рысбек

Тегтер:

Аbctv.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу:

OK