banner

Заңдастырдық, не ұттық?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2430

3 жылда 4 трлн 93 млрд теңге заңдастырылды.

Заңдастырдық, не ұттық?

Халықаралық сарапшылардың дерегінше, лас ақша мен заңсыз, тіпті қылмыс жолымен табылған дүние-мүлікті заңды түрде "тазалап" беру үрдісіне жиі жүгінетін мемлекеттер бар.

Әлемде заңдастыру жөнінен АҚШ алдына қара салмайды екен: Американың әртүрлі штаты мұндай шараны өз бетінше бірнеше рет ұйымдастырған, жалпы жиынтығында Атлантиканың арғы жағындағы алпауыт елдің 40 штаты 62 рет заңдастыру шарасын бастан өткерді. Ал Үндістан 5 рет, Португалия – 4 рет, Франция, Австрия және Ирландия – 2 реттен өткізген. Еуропаның бірқатар елі де капиталды "көлеңкеден" шығарудың осы тетігіне жүгініп тұрады.

Ресми мәліметке жүгінсек еліміз осымен үшінші рет "Мүлікті жария ету" науқанын өткізді. Сөйтіп "Мүлікті жария ету" Қазақстан азаматтары үшін де таңсық болудан қалып барады. Яғни ол жарияланса, азаматтар "уралап" атып тұрып, жандәрмен "көлеңкедегісінің" бәрін "күнгейге" шығаруға жүгірмейтін болған. Сондықтан ел басшылығына заңсыз жолмен табыс пен мүлік табатын отандастарымызға ескерту жасауға тура келген.

"Заңдастыру – ұсынылып отырған соңғы мүмкіндік! Одан кейін ешкімге де ешқандай жеңілдік берілмейді. Заңдастыру – жаппай декларация тапсыру алдындағы соңғы кешірім актісі. Бұл акция аяқталған соң, азаматтарымызға тиесілі шетелдегі есепшоттар мен мүліктер жөніндегі барлық ақпарат қайта тексеріледі!", – деп нықтады мемлекет басшысы.

Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сүйенсек, ел тарихындағы тұңғыш жалпыұлттық заңдастыру шарасы 2001 жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында жүргізілген және оның барысында "амнистияға" тек ақша ілікті. Нәтижесінде Қазақстанның 3 мыңдай азаматы осы рақымшылықты пайдаланып, 480 млн доллардан астам қаражатты заңды айналымға қайтарыпты.

2006 жылдың 3 шілдесі мен 2007 жылдың 1 тамызы аралығында өткен екінші жария ету акциясы барысында үкімет ақша сыртында, тарихы бұлыңғыр жылжымайтын мүлікті де, көлікті де заңдастыруды бастады. Мемлекеттік кіріс комитетінің айтуынша, ақшаға шаққанда, сол науқанда шамамен 844,7 млрд теңге немесе 6,8 млрд доллар заңдастырылған! Бұл, біле білсеңіз, Қазақстанның 2006 жылғы жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 8,3%-ы болатын. Оның ішінде ақша 538,4 млрд теңге, жылжымайтын мүліктің жалпы құны 236,2 млрд теңге.

Бір қызығы, Голливуд тілімен айтқанда, "Мүлікті жария ету-2" кассалық жиын жөнінен ең табысты "блокбастерге" айналды. Себебі екінші акцияның бір ерекшелігі – лас қаржысы мен мүлкін заңдастырғысы келетіндерден мемлекет алым жинады. Нәтижесінде бюджетке шамамен 60 млрд теңге немесе тура жарты млрд доллар алым түсті!

Мемлекет басшысының 2014 жылдың сәуіріндегі "ұлттық инвесторлар кеңесінің" отырысында берген тапсырмасына және парламент шұғыл түрде маусым айында қабылдаған "Азаматтарға мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" заңына сәйкес, сол жылдың 1 қыркүйегінде басталған осы үшінші мүлікті жария ету науқанында да әу баста ақшасын заңдастырушылардан 10%-дық алым төлеу талап етілген. Нәтижесінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджетке 3 млрд теңге түсім түскенін қуана мәлімдеген-тін.

Бірақ елдің бұл қуанышы іле-шала су сепкендей басылды. Себебі соңғы деп жарияланған заңдастыру науқанына азаматтардың қатысуы нашар, үрдістің тым сылбыр екендігі анықталды. Сондықтан мүлікке "рақымшылық" заңына түзетулер енгізілді. Оған сәйкес біріншіден, науқанның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Екіншіден, "көлеңкені" қалайтын тұлғалардың қызығушылығын ояту үшін 10%-дық алым алып тасталды. Онымен қоймай, дәл кімнің енгізіп, ілгерілеткен мүддесі екені белгісіз, әйтеуір бұл заңда оның баптарының "кері күші" барлығы бекітілді, яғни үкіметке бұған дейін жиналған 10%-дық алымды да (бюджетке құйылған әлгі 3 млрд теңгені) иелеріне кері қайтаруға тура келді.

"Заңға енгізілген жаңа түзетулердің бірі – заңдастырылған ақшаны банк есепшоттарынан мерзімінен бұрын алып кету кезінде жиналатын 10%-дық алымды жою. Бұл норманың кері күші бар, яғни бұған дейін осы алымды төлегендердің барлығы бұл ақшасын бюджеттен кері ала алады. Республикада тұтастай алғанда, бұл 3,1 млрд теңге", – деп мәлімдеді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2016 жылдың ақпанындағы үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін "ескі" шарттармен 428 млрд теңге заңдастырылған. Ал заң қайта жазылып, ондағы барлық шектеу алып тасталғаннан кейін мүлікті жария ету жаңа қарқын алған. Өйткені заңдастырушыларға тек мемлекетке ешқандай алым төлемегені былай тұрсын, енді "тазаланған" бар қаржысын Қазақстан экономикасына құймай, шетелге алып кетуіне жол ашылды. Бұған дейінгі заңда заңдастырылған капиталды 5 жыл Қазақстанда ұстау талабы болған.

Сонымен сағатпен сырғып, аймен ағып, заңдастыру науқаны да ескі жылы түгесілді. Апта басында үкімет отырысында "Мүлікті жария ету науқанының қорытындысы" жарияланды.

Қаржы министрі тек науқан қорытындысымен шектелмей, одан енді күтілетін тиімділік пен әсер, сондай-ақ "жария ету кезеңінен кейінгі әрекет" тақырыбын да қаузап көрді.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мүлікті жария ету мүмкіндігін 140 мыңнан астам азаматы пайдаланды. Жалпы 5,7 трлн теңгенің активі заңдастырылды (бұл шамамен 16,7 млрд доллар). Оның ішінде ең көп үлеске ақша ие: 4,1 трлн теңге "тазарып" шығыпты. Мұның сыртында жалпы құны 1,6 трлн теңгеге бағаланған мүлік "көлеңкеден" шығарылып, мемлекеттің тіркеуіне алынып отыр. Айтқандай заң бойынша компаниядағы үлес те мүлікке жатады.

Осылайша жылжымайтын мүліктің 151 мыңға жуық нысаны, сондай-ақ заңды тұлғалардағы қатысудың 213 үлесі жария етілді.

Бір ғажабы, "көлеңкедегілердің" біразы науқан жүрген 2 жылдан астам уақыт бойы ойласып-ойласып, ақыры былтырғы жыл аяқталуға таяғанда, кетіп бара жатқан "заңдастыру пойызына" "секіріп мініп" үлгеріпті.

"Біз күткеніміздей, акцияның соңғы айларында қарқынның жоғарылауы және белсенділік байқалды. Активтердің 53%-ы 2016 жылдың 4-тоқсанында жария етілді! Бұл біздің болжамымызды растады. Бұған рәсімді жеңілдеткен және азаматтарға қосымша кепіл ұсынған 2015 жылдың соңындағы заңнамалық түзетулер ықпал етті. Елде заңдастырылған активтер 5 трлн теңгеге, шетелдегі активтер 700 млрд теңгеге жақын, оның 614 млрд теңгесі ақшалай, 70 млрд теңгесі мүліктей жария етілді", – дейді Бақыт Сұлтанов.

"Көлеңкедегі" қаржысы мен мүлкін жария ету жөнінен жалпы көшбасшы Алматы қаласы атанды: оның жалғыз өзінің ғана үлесі 3 трлн 981 млрд теңге. Балиғат жасқа енді ғана толған Астана қаласы одан көп қалып қойды: заңдастырғаны – небары 533 млрд теңге. Үштікті Алматы облысы түйіндеді – оның үлесі 390 млрд теңге болды.

Қаржы министрі мүлікке жарияланған рақымшылықтың кейінгі күтілетін әсеріне тоқталды. Әйтпесе 10%-дық алым жинау алып тасталғанда және заңдастырып алып, ақшаны қайтадан шетелге әкетуіне рұқсат етілгенде, сарапшылардың өздері "сонда бұл науқанның пайдасы не?" деп бастары қатқан.

"Жалпы жария етудің әсерін біз негізінен ұзақ уақыт әлі де көріп отырамыз. Бірақ қазірдің өзінде әсер бағалауын үш аспектіде жүргізе аламыз. Нақтырақ айтқанда, оның бюджетке жалпы ықпалы, экономикалық процестердің жандануына әсері, сондай-ақ қаржы секторының жағдайына оң септігін тигізуі. Жария етілген жылжымайтын мүлік пен қаражат көлемі бюджетке тікелей және жанама әсер етеді", – дейді министр.

Қалайша? Оның түсіндіруінше, біріншіден, жылжымайтын мүліктің жария етілген 151 мың нысанынан 9,5 мың нысаны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Бұл мүлік салығынан мемлекетке түсетін түсімді енді шамамен жылына 800 млн теңге арттырады екен.

Екіншіден, "экономикаға енген қаражат қосымша тұтыну мен инвестициялық сұранысты көбейтіп, елдің ішкі дамуы мен салық түсімін арттырмақ".

"Есептеп қарасақ, заңды айналымдағы 4,1 трлн теңгеден жылына 150 млрд теңгеге дейін салық түседі екен. Жария ету мен негізгі макроэкономикалық көрсеткіш үрдісінің арасында тұрақты байланыс байқалады. Бұл – өндірістің, негізгі капиталдағы инвестицияның, бюджетке түсімнің, бөлшек тауар айналымының, физикалық көлемінің индексі және жалпы iшкi өнiмінің көрсеткіші", – деп сабақтады сөзін қаржы министрі. Рас, мұның бәрі әзірге тек болжам. Сарапшылардың пікірінше, нақтылық бәрібір жоқ.

Бақыт Сұлтановтың өзі "нақты әсерді бағалау үшін мұқият зерттеу қажеттігін" жасырмады: "Онымен біз барлық макростатистика қолға түскеннен кейін айналысамыз. Бірақ осы көрсеткіштер арасындағы байланыс мәлім. Бір сөзбен айтқанда, 5,7 трлн теңгені заңды айналымға тарту сөзсіз негізгі экономикалық индикаторларға қолдау көрсетеді", – дейді ол.

Оның ақпаратына сүйенсек, заңдастырылған 4,1 трлн теңгенің барлығы бірдей әкетілмеген. Оның көп бөлігі депозитке салыныпты.

"1,9 трлн теңге банк шоттарында қалып отыр, бұл – банктерді қаржыландырудың және экономиканы несиелеудің қосымша көзі. Яғни ақша банк арқылы экономиканың әртүрлі секторына бөлінеді. Жария етілген ақшаның 2,2 трлн теңгесін азаматтар банк шоттарынан алып кетті. Олар бұл қаражатын инвестицияға, тұтынуға не жинақтауға жұмсайды деп ойлаймыз", – деп үміт білдірді Бақыт Тұрлыханұлы.

Бір білгеніміз, заңсыз табылған мүлікке рақымшылық біткенімен, қаржы министріне сенсек, олармен жұмыс жалғасады екен. Мұны министр "жария етуден кейінгі кезеңдегі жұмыс" дейді. Және осы тұста министр қаржыгерлердің отыз екі тісінің арасынан біраздан бері сығаламаған терминді ауызға алды.

"Капиталды заңдастыру үрдісін қарқынды дамыту үшін жұмысты дәл осы кезеңде ұйымдастыру қажет деп санаймыз. Болашақта осы заңдастырылған активтер "жастықтың астында" қалмай немесе қайтадан "шұлыққа" тығылмай, экономикаға жұмыс істегені маңызды. Бұл үшін, біріншіден, капиталына рақымшылық жасалған азаматтарға кепілдер заңнамамен қамтамасыз етілген. Енді салық және басқа да мүдделі органдар бұл кепілді нақты сақтауға тиіс. Осы мақсатта түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жария етуші тұлғаның заң қудалануына түспеуін бас прокуратура қадағалайды!", – дейді қаржы министрі.

Екіншіден, оның айтуынша, елбасының өзі ескерту жасағандықтан, шетелдегі юрисдикцияны қоса алғанда, азаматтардың "әлемдік" кірістері мен мүлкіне бақылау одан әрі де жалғасады.

"Біз ол туралы бірнеше рет мәлімдеген болатынбыз және бізде бақылаудың бірқатар механизмі бар. Мәселен бұл үшін ратификацияланған салықтық конвенцияларды қолдану жақсы демеу болады. Биылғы жылдың басынан бастап шетелдегі кез келген мүлікті міндетті түрде декларациялау туралы Салық кодексінің нормалары қолданысқа енді. Сондай-ақ заңнама азаматтарды шетелдік көздерден алынған кірісті Қазақстанда декларациялауға міндеттейді. Мысалы 2015 жылы Қазақстан азаматтары "әлемдік" кірісін – шамамен 700 млн АҚШ долларын декларациялады", – деп елең еткізерлік деректі келтірді Бақыт Сұлтанов.

Үшіншіден, 2015 жылы үкіметтің қаулысымен бекітілген "көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары" аясында пәрменді шаралар қабылданатын көрінеді.

"Жария ету акциясы аяқталды. Барлық кепіл берілді және сақталады. Қазір бизнесті "тазадан" бастау үшін, істі ашық және адал жүргізуге барлық негіз бар. Өткізілген науқанның негізгі мақсаты осында жатыр. Оның әсеріне экономиканың айқын болуын ынталандыру жұмысы ықпал етеді", – дейді министр Бақыт Сұлтанов.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, Қазақстандағы үшінші заңдастыру науқаны аясында еліміздің жалпы ішкі өсімінің 10%-ына жуық қаржысы жария етілген. Ол заңдастыру былтырғы 31 желтоқсанға дейін белгіленгенімен, рәсім бойынша құжаттар тек 23 жетоқсанға дейін қабылданғанын еске салады.

"Мүлікті жария ету жүрген 2014 жылдың 1 қыркүйегі мен 2016 жылдың 23 желтоқсаны аралығында Қазақстан азаматы 4 трлн 93 млрд теңгені қалтарыстан шығарды. Бұдан бөлек қолма-қол ақша енгізу және шетелден аударым арқылы жолдау жолымен 2,9 трлн теңгеден астам ақша жария етілді. Негізі жария етілген барлық ақшаның 90%-ы немесе 3 трлн 681 млрд теңгеге бара-бар қаражат шетел валютасы, басым бөлігі АҚШ доллары", – дейді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысы азаматтардың жария еткен қаражатын кәсіпкерлік қызмет жөніндегі іскерлік айналымға белсенді түрде тартқанын айтты. Бұлай байлам жасауына жария ету үшін ашылған арнайы есеп-шоттардағы қаржының 56%-ының Қазақстандағы басқа банктердегі есепшоттарға аударылуы себеп болыпты. Сондай-ақ ұлттық банктің деректеріне жүгінсек, жария етілген барлық қаражаттың 2 трлн теңгесі қазір отандық банк жүйесінде айналымда жүр.

"Әкімшілік-аумақтық бөліністе ақша және арнайы шоттардың саны жөнінен жария етуге Алматы және Астана қалаларының, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының халқы анағұрлым белсенді қатысты. Олардың бүкіл республикадағы жиынтық үлесі 94,4%", – дейді Данияр Ақышев.

Нақтырақ айтқанда алматылықтар 3 трлн 158 млрд 95 млн 334 мың теңгені, астаналықтар 426 млрд 351 млн теңгені, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 155 млрд 905,8 млн теңгені, ал Қарағанды облысының тұрғындары 123 млрд 765,2 млн теңгені заңдастырыпты. Қалған облыстардың әрқайсының үлесі 40 млрд теңге және одан төмен. Мысалы Алматы облысы тұрғындары небәрі 4,8 млрд, қызылордалықтар – 7,5 млрд, батысқазақстандықтар 8,8 млрд теңгені заңдастырған.

Жария ету науқанына 30 банк және "Қазпошта" қатысты, олар жария етуші субъектілерге арнайы шоттар ашып, ақша қабылдады.

Данияр Ақышев те кезінде заңдастыру шарттарының жеңілдетілгені жақсы болғанын айтады.

"Осы заңдастыру барысында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2015 жылдың 29 қарашасына дейінгі аралықты қамтыған бірінші кезеңнің талаптары тым бюрократтандырылған болды, жария етілетін ақшаны ұзақ мерзімге – бес жыл бойы банкте ұстау талап етілді, салықтық алымдарды төлеу көзделді. Сондықтан мүлікті жария ету Қазақстан азаматтары арасында кең танымал бола алмады. Нәтижесінде бірінші кезеңде небәрі 181 арнайы шот ашылды, оған 84 млрд теңгеге жуық сома енгізілді. Екінші кезең 2015 жылдың 29 қарашасынан бастап, яғни заңнамалық деңгейде ақшаны жария етуге деген тәсілдер түбегейлі қайта қаралып, міндетті рәсімдер айтарлықтай жеңілдетілген соң басталды, бұл халықты осы науқанға белсенді тартуға серпін берді", – дейді ол.

Нәтижесінде, екінші кезеңде шоттар саны 64 есе көбейген және жалпы саны 11 640 шотқа жетті. Ал банк шоттары арқылы жария етілген ақша сомасы бірінші кезеңмен салыстырғанда 4 трлн. теңгеге жуық ұлғайды және 4 трлн 93 млрд. теңгені құрады.

Дегенмен, сарапшылар мүлікті жария ету науқаны Қазақстаннан капиталдың қашуы проблемасын шеше алмайтынын айтады. Қаржыгер Нұрфатима Жандарованың пікірінше, елден қаржы шықпауы үшін жекеменшік құқығы нақты айқындалып, қатаң қорғалуға тиіс. Әйтпесе билігі мен күші барлар табысы шаш-етектен келетін "майшелпек" кәсіпорындарды, нысандарды зорлықпен, әртүрлі айла-амалмен тартып алатын жағдайлар кездеседі. "Жекеменшіктің лайықты қорғалмауы, күш қолдана отырып, мәжбүрлі түрде меншік иесін ауыстыру қаупінің жоғарылығы және институционалды дамудың осал тұстары азаматтар үшін Қазақстанда әл-ауқат пен дәулет жиюдың тәуекелдерін арттыра түседі", – дейді ол.

Отандық белді инвестициялық компанияның сарапшылық департаментінің басшысы Наталья Самойлованың байламынша, мүлікті жария етуді негізінен, бұған дейін байлығын паш еткісі келмеген орта тап өкілдері пайдаланса керек. "Кедейлердің өз ауласында заңсыз тұрғызылған жаман сарайдан басқа заңдастыратын ештеңесі де жоқ. Аса бай тұлғалардың мәселелерін сауатты заңгерлер баяғыда-ақ шешіп берген. Оның үстіне, Ресейдегі олигархтардан айырмашылығы, Қазақстан азаматтары шетелдік мүлкінің санкцияға ілігуінен көп қауіптенбейді", – дейді эксперт.

Ал экономист Мағбат Спанов жауапты тұлғалардың сөзін еске түсіреді: "Көлеңкелі капитал мен мүлікті үшінші рет заңдастыру қарсаңында қаржы министрлігі басшыларының бірі өз сұхбатында Қазақстандағы бұрынғы заңдастыру тәжірибелеріне сүйене отырып, 50 млрд доллардың қаржысы мен мүлкіне қол жетеді деп жоспарланып отырғанын жария еткені бар. Енді осы соманы шынайы қайтарыммен салыстыра аласыз. Біз бір жағынан коррупциямен күресеміз, екінші жағынан ұдайы мүлікті жария ету науқанын өткізіп тұрамыз. Бұлар бірін-бірі жоққа шығаратын элементтер", – дейді ол.

Әйтеуір Қазақстан азаматтарына осынау "сабынды операның" (сериалдың) уәде етілген жалғасын күтуден басқа амал қалмады. Дүние-мүлкіне есеп жоқ, шылқыған байлардың арам жолмен табылған, шетелде жасырылған және жария етілмеген "көлеңкелі" дәулетін бүкіл әлем бойынша аулау бастала ма, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу