Зейнетақы жинағы жеке компаниялардың басқаруына беріледі

7575

Триллиондардың тағдыры тағы да қақпақылға салынғалы тұр.

Зейнетақы жинағы жеке компаниялардың басқаруына беріледі

Биыл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы активтері жеке компаниялардың басқаруына беріледі. Осылайша біз кезінде өзіміз бас тартқан жүйеге қайта ораламыз. Атап көрсетерлігі басқарушы компания отандық немесе шетелдік болуы мүмкін. Бұл БЖЗҚ-ғы салымшылардың жинағы қайтадан бірнеше компанияға бөлінеді деген сөз.

Таяуда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері сыртқы басқаруға 2018 жылдың соңында берілетінін мәлімдеді.

"Аталған мәселені егжей-тегжей пысықтау үшін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына зейнетақы активтерін беру шараларын орындау мерзімі 2018 жылдың соңына белгіленді", – деді премьер-министр.

Ұлттық банк әзірлеген зейнетақы активтерін жеке компаниялардың басқаруына беру туралы ұсыныс 2016-2017 жыл­дар аралығында экономикалық саясат жө­ніндегі кеңесте бірнеше рет талқыланғанын тілге тиек еткен үкімет басшысы қазір қаржылық реттеушінің бастамасын бизнес-қоғамдастық сараптап жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР заңының 35 бабына сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарып отыр. Қаржы реттеушісінің осы құзіретін халық қалаулылары 2013 жылы заңмен бекітіп берген.

Дәл осы тұста бір мәселенің бетін ашып алу керек. Ұлттық банк зейнетақы активтерін өзі билеп, өзі төстемейді. БЖЗҚ-ғы зейнетақы жинақтарының басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныс әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген. Кеңес құрамына Ұлттық банк, есеп комитеті, сенат пен мәжіліс  төрағалары және қаржы-экономикалық блоктың министрлері енген.  

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Ұлттық банктің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Оның құрамына үкіметтің, парламенттің, Ұлттық банктің екі-екі өкілі және БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің жалпы санының 30%-нан саны кем болмайтын тәуелсіз сарапшылар топтасқан.

Зейнетақы активтері сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарына ғана инвестицияланады. Ал олардың тізбесі жыл сайын үкімет қаулысымен бекітіледі. Бұл БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері көпдеңгейлі жүйе арқылы басқарылып отыр деген сөз. Яғни зейнетақы актив­­тері салымшылардың мүддес үшін инвестицияланады. Мұндағы мақсат – ұзақмерзімді болашақта тұрақты инвес­ти­циялық табыс табу.

Үкімет пен Ұлттық банктің ұлттық қор нарығын дамыту жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарында 2013 жылға дейін елімізде жеке зейнетақы қорлары институционалдық инвестор ретінде жұмыс істеп келгені нақтыланған және зейнетақы активтерін біріктіру арқылы мемлекеттік басқарушының басқаруына беру қор нарығының дамуына теріс әсер еткені жазылған.

"Инвестициялық шешімдерді қабылдау процесін монополияландыру бастапқы нарық құрылымының сапалық нашарлауына әкелді және қайталама нарықта операциялар көлемін айтарлықтай қысқартты. Нәтижесінде инвесторлық база азайып, қазақстандық компаниялардың банктік емес қаржыландыруды тартуы қиындады. Қазіргі кезде бағалы қағаздар нарығының дамуы үшін зейнетақы активтерін басқарушылар институтын қалпына келтіруге және бәсекелес нарық жағдайында тиімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған шара қабылдау керек. Сонымен бірге зейнетақы активтері кірістілігінің жоғалуына әкеп соққан зейнетақы қорларын реттеудің кемшіліктерін ескеру қажет. Себебі осы жайт кейіннен жеке зейнетақы қорларының бірігуіне әкеп соққан себептердің бірі болды. Салымшыларға басқарушыны, оның ішінде бірнеше басқарушыны таңдау құқығын беру мәселесі маңызды болып табылады. Реттеу отандық эмитенттердің емес, салымшылардың мүдделерін сақтауға бағытталуға тиіс. Басқарушылар салымшылардың мүдделері үшін іс-қимыл жасау қабілеттілігінде барынша еркін болуға, бірақ сол сияқты салымшылар алдында тиімсіз қызметі үшін фидуциарлық жауапкершілік және заң алдында салымшылардың сенімін теріс пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс", – делінген аталмыш құжатта.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, зейнетақы қорының салымшыларында басқарушы компанияны таңдау құқығы болуы керек.

"1998 жылдан бастап 16 жыл бойы салымшылар өздерінің аударымдарын қандай зейнетақы қорына сеніп тапсыруға болатынын таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі таңда салымшыларда мұндай таңдау жоқ және бұл үлкен кемшілік. 11 зейнетақы қоры жұмыс істеді, жекелеген қорларда инвестициялық портфельдермен белгілі бір проблемалар туындады. Қорлардың инвестициялары ең сенімді активтерге салынбаған жағдай да болды. Соған қарамастан зейнетақы нарығында үлкен бәсекелестік жүрді", – деді бас банкир.

Оның ойынша, зейнетақы қорына 10% мөлшерінде міндетті жарна аударып отырған азаматтарда зейнетақы активтерін инвестициялаумен айналысатын басқарушы компанияны таңдау құқығы болуы тиіс.

"Бұл нарыққа адамдарды ашық жарнамамен бақылаусыз тарта бастайтын қандай да бір компанияларды кіргіземіз дегенді білдірмейді. Мұндай қатысушылардың қызметін реттеу жүйесі қатаң болады. Біз кім көрінгенге зейнетақы активтеріне басқарушы болу құқығын бермейміз. Басқарушы компаниялар өзара үш өлшемшарт бойынша бәсекелес болады: кірістілік деңгейі, қаржы құралдарының сапасы және алынатын комиссия мөлшері", – деп нақтылады Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, активтерді басқаруға үміткер компанияларға меншікті капитал бойынша қатаң талап қойылады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін сенімді басқаруға алатын компаниялардың құнды қағаздарды басқару тәжірибесі 10 жылдан кем болмауы тиіс және олар сенімді ақтамаған жағдайда заң алдында жауап беретіндерін жадыларынан шығармаулары керек.

Үкімет пен Ұлттық банк талапты бекерден бекер қатаңдатып отырған жоқ.  Өйткені бұған дейін жеке зейнетақы қорларында да, БЖЗҚ-да да сорақылықтың талай түрі болған.

Дәл қазір қарапайым халықты қор активін бірнеше компания басқарса оның жұмсалу мәні өзгере ме, өзгермей ме, басқару тізгіні шетелдік компанияға берілген жағдайда қазақстандық салымшылардың мүдесі ескеріле ме, ескерілмей ме деген сұрақ алаңдатып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн теңгені құрап отыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу