Жалпы есепте кері кетіп барамыз

Азия ойындарының он бірінші күні төрт қоланы қанағат тұттық.

30 Тамыз 2018 13:45 Автор: Маруан Түсіп
Жалпы есепте кері кетіп барамыз,  ХVІІІ жазғы Азия ойындары, Елдос Сметов, Отгонцэцэг Галбадрах, бокс,веложарыс

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының он бірінші күні қоржынымызға төрт қола  медаль ғана түсті.

Бүгін татамиге дзюдошылар шыққан. Екі-үш жүлде күткенбіз. «Елдос Сметов 2014 жылғы жетістігін қайталап, жазғы Азиадада тағы да топ жарса» деп үміттендік. Бұл жерде оның Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем (2015 ж.) және Азия чемпионы (2016 ж.) екендігін көлденең тарту, артық та болар.  Өкінішке қарай, 60 келі салмақта ел намысын қорғаған басты үмітіміздің бағы жанбай, ширек финалда сүрінді.

Елдос әуелі Индонезия спортшысын ұтқан. Одан кейін Солтүстік Корея жігітімен кездесті. Белдесу барысында, шешуші сәтте жарақат алып қалып, әрі қарай бар күшін салып, күресе алмады. Сөйтіп үшінші рет ескерту (шидо) алып, қарсыласына жол берді. Әрі сол жарақатының кесірінен үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік беретін «жұбаныш» белдесуіне шықпады. Осы салмақтағы бізге бұйырмаған алтынды өзбек Диорбек Урозбоев олжалады.

Алайда біз де жүлдесіз қалған жоқпыз. 66 келіде бақ сынаған Елдос Жаманқұлов ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бүгін 28-ге толған балуанымыз әуелі Филиппин дзюдошысын жеңді. Одан кейін моңғол спортшысын да жықты. Алайда жартылай финалда жапон жігітіне есе жіберіп алды. Ал 3-орын үшін өткен белдесуде Катар жігітін таза жеңді (иппон).

Әйелдер арасындағы 48 келі салмақта біздің елдің намысын қорғаған Отгонцэцэг Галбадрах та қола жүлдеге ие болды. Ол бірінші белдесуінде Солтүстік Корея қызын ұтқанымен, жартылай финалда жапон аруы Ами Кондодан ұтылып қалды. Үшінші орын үшін өткен белдесуінде Қытай Яо Ксионнан басым түсті.

Велотректен жекелей сындағы 4000 метрлік ілеспе жарыста Артем Захаров үшінші орынға ие болды. Бапкерлерінің айтуынша, алтынға таласатын да мүмкіндігі болған. Алайда сәті түспей, тек қола жүлдені қанағат тұтты. Енді ертең омниум бәйгесінде есесін қайтаруға бекініп отырған көрінеді.

Осыдан бірер минут бұрын жеңіл атлетикадан тағы бір қола жүлде алдық. Әйелдер арасындағы биіктікке секіру сайысында Надежда Дубовицкая 1,84 метрді үшінші мүмкіндігінде еңсеріп, 3-орынға ие болды. Бірінші-екінші орындарды Өзбекстан қыздары Светлана Радзивил мен Надия Дусанова иеленді.

Бүгін жеңіл атлетикадан спорттық жаяу жарыстар өтіп, ерлер арасындағы 20 шақырымдық бәйгеде Георгий Шейко 6-орынға ие болды. Ал әйелдер арасындағы дәл осы қашықтықтағы бәйгеде Диана Айдосова 8-орынға, Айман Ратова 9-орынға орналасты. Әйелдер арасындағы 200 метрлік қашықтықта Ольга Сафронова 5-орынмен шектелді (23.43 секунд).

Әйелдер арасындағы 4х100 метр эстафетасының іріктеу жарыстары өтіп, Қазақстан құрамасы үшінші нәтижемен финалға шықты. Еліміздің намысын Ольга Сафронова, Елена Михина, Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова сынды қыздарымыз қорғады. Уақыттары – 44.40 сек. Финал – ертең.

Артистік жүзу спортынан командалық сында Қазақстан құрамасы 163,0444 ұпаймен жүлделі орынға бір сүйем жетпей, 4-орынды көңілге медеу тұтты. Қола жүлдегер атанған Солтүстік Корея сегіздігі 170,8475 ұпай еншіледі. Қытай қыздары топ жарып, жапон арулары күміс медаль иеленді.

Волейболдан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз ширек финалда Жапония аруларына қайрат көрсете алмады. Есеп – 0:3 (16:25, 18:25, 21:25). Сөйтіп, жартылай финалға шыға алмады. Енді 5-8 орындарды сарапқа салатын төрттікте додаға түседі. Алғашқы қарсыласы – Филиппин қыздары.

Қол добынан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз ХVІІІ жазғы Азия ойындарын 6-орынмен тәмамдады. Бүгін 5-орын үшін өткен матчта Солтүстік Корея қыздарына есе жіберіп алды. Есеп – 30:32.

Палембангада байдарка және каноэда ескек есу спортынан кейбір қашықтықтардағы іріктеу сындары өтті. Осы спорт түрінен бірнеше алтын алуымыз керек. Ертең алты медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгін байдаркашы төрттігіміз (Илья Голендов, Алексей Дергунов, Евгений Алексеев және Сергей Токарницкий) 500 метрлік қашықтықта, ал дуэтіміз (Илья Голендов пен Андрей Ергучев) 1000 метрлік бәйгеде бірінші орынмен финалға шықты.

Бокстан үш боксшымыз жеңіліске ұшарап, қатардан шығып қалды. Бүгін тек Әбілқан Аманқұл ғана жеңіске жетті. Яғни жартылай финалға екі-ақ жігітіміз шықты. Олар – Асланбек Шымбергенов және Әбілхан Аманқұл. Қалған сегізі (бес жігіт, үш қыз) жүлдесіз қайтады.

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Чиавэй Кан (Тайпэй) – 5:0

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Карло Паалам (Филиппин) – 1:4

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Вуттичай Масук (Таиланд) – 1:4

51 келі: Назым Қызайбай – Ютин Лин (Тайпэй) – 1:4

Жартылай финалдық жұптар. 31 тамыз

69 келі: Асланбек Шымбергенов –Зейад Еашаш (Иордания)

75 келі: Әбілхан Аманқұл –Кришан Викас (Үндістан)

Маруан Түсіп