Жалпы есепте тоғызыншы орынға көтерілдік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4055

Тамыздың соңғы күні ХVІІІ жазғы Азия ойындарында төрт жүлде олжалап (бір алтын, үш қола), жалпы есепте ондыққа ендік.

Жалпы есепте тоғызыншы орынға көтерілдік

Самбодан 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бағлан Ибрагим ел қоржынына 12-ші алтынды салды. Ол Моңғолия, Жапония, Тәжікстан самбошыларын жеңіп, финалға шықты да, шешуші белдесуде тағы бір моңғол балуаны Ерденебаатар Шаалуудан айласын асырды.

Дәл осы салмақта белдескен Бейімбет Қанжанов қола жүлдеге ие болды. Ол Тәжікстан және Өзбекстан балуандарын ұтқанымен, жартылай финалда жоғарыда аталған Ерденебаатарға есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде өзбектің тағы бір самбошысы Ислом Ахмеджановты ұтты.

Әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде белдескен Айжан Жылқыбаева да ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Индонезия, Түркіменстан қыздарын ұтқанымен, моңғол аруы Наранцецег Ганбаатарға есе жіберіп алды. Әйтсе де, Ганбаатар финалға шығып, біздің Айжан үшінші орын үшін белдесу құқығына ие болды. Әрі бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, Индонезияның басқа қызын, атап айтқанда, Мария Магдалена Инсені жеңді.

Дзюдодан әйелдер арасындағы ең ауыр салмақта (+78 келіде) бақ сынаған Гүлжан Исанова да Джакарта татамиінен қола медаль еншіледі. Тайпэй қызын ұтқанымен, жапон Акира Сонеге есе жіберіп алды. Алайда соңғы қарсыласы финалға шығып, Гүлжан үшінші орын үшін белдесті. Әрі моңғол аруы Мунхтуйа Баттулганы жеңіп, Азия ойындарында төртінші рет қола жүлдеге қол жеткізді.

Өкінішке қарай, екі дзюдошымыз қола медаль үшін күресіп, бақтары жанбай жеңіліске ұшырады. 90 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ислам Бозбаев тәжік балуанына, ал әйелдер арасындағы 78 келіде бақ сынаған Зарина Райфова Қытай қызына есе жіберіп алды. Екеуі де 5-орынмен шектелді.

Велотректен мэдисон бәйгесінде Қазақ елі жұбы (Сұлтанмұрат Мірәлиев пен Асылхан Тұрар) 13 ұпаймен 4-орынға ие болды. Үшінші орын алған жапон жігіттерінің өздері 28 ұпаймен біршама озып кетті.

Су добынан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы жартылай финалда Қытай ватерполшыларымен кездесіп, аса тартысты ойында 9:8 есебімен жеңіске жетті. Енді Жапония құрамасымен саф алтынды сарапқа салады. Финал – 1 қыркүйек күні.

Регбиден әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы таңертең "В" тобындағы соңғы ойынын өткізіп, Индонезия қыздарын 54:0 есебімен күйрете жеңді. Ал  түстен кейін ширек финалдық матчтар өтті. Мұнда Қазақ елі арулары Сингапур регбишілерін 34:0 есебімен тізе бүктірді. Енді 1 қыркүйекте жартылай финалда Қытай қыздарымен кездеседі.

Баскетболдан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз 5-орын үшін өткен матчта Таиланд қыздарымен кездесіп, 71:64 есебімен жеңіске жетті. Жүлделі орындарды сарапқа салатын төртікке іліге алмағандары өкінішті, әрине...

Волейболдан Қазақстан құрамасының қыздары 5-8 орындарды сарапқа салатын төрттікте Филиппин аруларын 3:2 (25:11, 22:25, 25:15, 19:25, 16:14) есебімен ұтты. Енді 5-орын үшін Вьетнам қыздарымен додаға түседі.

Бокстан екі күрзі жұдырықты қыранымыз да финалға шықты. 69 келі салмақ дәрежесіндегі Асланбек Шымбергенов Иордания үміті Зейад Еашашты 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ал 75 келіде сынға түскен Әбілхан Аманқұлдың қарсыласы Кришан Викас (Үндістан) жарақатына байланысты шаршы алаңға шыққан жоқ. Енді екеуі де өзбек боксшыларымен айқасады.

Финалдық жұптар. 1 қыркүйек

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Бобо Усмон Батуров (Өзбекстан)

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Исраил Мадримов (Өзбекстан)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу