Жалпыұлттық санақта үйдің қабырғасы неден жасалғанын да анықтайды

6660

2019 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыұлттық халық санағы өтіп, оның барысында мемлекет өз азаматтарына біраз қызықты сұрақ қоюды жоспарлауда.

Жалпыұлттық санақта үйдің қабырғасы неден жасалғанын да анықтайды

Бұл жолғы санақтың біраз ерекшелігі болғалы тұр. Біріншіден, науқандық жұмысқа заманауи ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылмақ. Мәселен, ең алдымен, қазақстандықтарға интернет арқылы дербес деректерін өз бетінше ендіру және барлық сұрақтарға жауап беріп, белгі соғу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл шетелге сапарға шығуына байланысты, үйде болмағандықтан санаққа ілікпей қалған азаматтардың санының бұрынғыдай көп болмауына ықпал етуге тиіс екен.

Сонымен бірге, мемлекет санақшылардың дәстүрлі түрде жаппай үйді-үйді аралауынан да бас тартпайтын болды: бұл ақпараттық технологияларға жатсына қарайтын, не ғаламторға кірмейтін адамдар сырт қалмауы үшін жасалуда.

Аралап, сұрау жүргізу, деректерді тіркеу үшін бүкіл өңірлерге арнайы дайындықтан өткен 30 мың маман аттанады. Олардың барлығы бұған дейінгідей бума-бума бланкпен, үлкен портфельмен "қаруланбайды", тек қойындарында жалғыз планшет болады.

Бұл жолы мемлекет тек өз азаматтары туралы ғана емес, сондай-ақ елімізде тұрақты тұрып жатқан, жұмыс жасап, табыс табатын шетелдіктер туралы да бәрін білгісі, неғұрлым көп ақпарат қордалағысы келіп отыр.

Сондықтан алдыңғы 2009 жылғы санақтағыға қарағанда, сауалнама қағаздарында мүлдем жаңа, қосымша сұрақтар пайда болады. Жалпы алғанда, бұл жолы қазақстандықтарға 45 сауалға жауап берулері керек. Олардың нақты әрі түпкілікті тұжырымдамалары алда пысықтала береді. Бірақ шет-жағасы белгілі болуда. Және араларында елең еткізерлері де жетерлік.

Мәселен, "шетелге көшіп кету жоспарыңыз жоқ па?" деген сияқты сұрақтарға қазірден ойлана беруіңізге болады. Бұл көші-қон бойынша келешекке қатысты толық көрініске қол жеткізу, тиісінше, елдің даму стратегияларын түзу үшін керек көрінеді. Бұдан бөлек, адамның бір елді мекенде қанша жыл үздіксіз тұрғаны, қанша рет тұрғылықты жерін өзгерткені, өзге елдерде бір және одан көп жыл тұрған-тұрмағаны туралы деректер де үкіметті қызықтырады. Мұндай мағлұматтар халықаралық және елішілік миграция ағындарын бағалауға жол ашады екен.

Нәзік болмыс иелерінен: "қанша бала тууды ойластырып отырсыз?" деп сұрастыру күтілуде. Бұл 15 жастағы және одан ересек әйелдердің өмір бойы қанша рет перзент сүюді жоспарлайтынын білу, елдегі бала туу мәселелерін өзектілендіру мақсатында қойылмақ. Әртүрлі ұрпақтың, ұлттардың, әлеуметтік топтардың өкілдері болып табылатын, білім және тұрмыс деңгейлері де әртүрлі болып келетін әйелдер бойынша жиналатын бұл ақпарат "тұтастай алғанда Қазақстандағы және өңірлік бөліністегі демографиялық ахуалды модельдеу және болжауға негіз болады".

Ел азаматтарының баспана жағдайын анықтауға құрылған сұрақтар блогында мәселен, азамат тұрып жатқан тұрғын үйдің қашан тұрғызылғаны, тіпті ғимараттың сыртқы қабырғаларының неден жасалғаны туралы да сұрақтар болады деп күтілуде.

"Бірқатар сұрақтар аясы кеңейтілді, оларға қосымшалары қосылды. Бұл көші-қонға қатысты: "Қазақстаннан басқа елге көшіп кетуді жоспарлап отырсыз ба?" деген сауал бар. Сауалдардың бір тобы жұмыспен қамтуға байланысты. Неке жағдайы туралы сұрақтар қосылды: алдыңғы және қазіргі некесі туралы сұралады. Бала тууға, тұңғыш және кенже баланың туған күндері туралы сауалдар кірмек", –деді ҚР ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті басқармасының бас сарапшысы Жанар Ахметова.

Оның айтуынша, күтіліп отырған нәтижелер қатарында "алдағы жалпыхалықтық санақ нәтижесінде демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпараттық кең ауқымын анықтау", "қол жеткізілген деректерді өзге елдердің, бірінші кезекте Еуразиялық одақ бойынша серіктес мемлекеттердің деректерімен салыстыру", "халық туралы статистикалық мәліметтер сапасын жақсарту", "жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды түзу саласындағы саясатты анықтау, экономикалық болжамдау үшін деректерді толықтыру" көзделуде.

Әлгінде айтылғандай, жаңа санақтың ең басты бір ерекшелігі оның электронды форматта ұйымдастырылатыны болмақ. Кеңес кезінде немесе тәуелсіздік алғалы бері өткен екі санақтың біріне қатысқан қазақстандықтар жақсы білетін қағаз түріндегі сұрау қағаздары тарих қойнауына кетті. Оның орнын санақшылар қолындағы планшеттер басады. Статкомитет басшылығының байламынша, бұл ең алдымен, санақ жүргізу процедурасын жеңілдетеді: бұрынғыдай, толтырылып қойылған санақ бланктерінің бумаларын жоғалтып алу, жаңа бланктердің жетпей қалып, үрдістің кідіруі сияқты көріністер болмайды, санақшылар қағаздар мен басқа да кеңсе өнімдері толтырылған сөмкені қаншама шақырым бойы арқалап, тасып жүру ауыртпалығынан құтылады. Оның үстіне жаңа технологиялар келіп түскен ақпаратты өңдеу процесін жеңілдетеді.

Дегенмен, сарапшылар алаңдаушылық та білдіреді. Өйткені барша қазақстандықтардың маңызды, дербес деректері тек цифрлық күйде тіркеледі, қағаз күйдегі баламасы болмайды. Демек, олардың сақталуы, хакерлік шабуылдардан қорғалуы күшті болғаны, ал Статкомитет соған жан-жақты дайын отырғаны абзал. Бұдан бөлек, қылмыстылық, әсіресе, ұрлық белең алып тұрған қазіргі кезде су жаңа нетбуктер мен планшеттер көтерген санақшылардың қарақшылардың нысанасына, тіпті құрбанына айналып кетпеуін қазірден қарастырған жөн.

Қалай болғанда, жаңа технологиялар жаңа жалпыұлттық санаққа өзгеріс әкеліп отыр. Бұл науқанның бірінші кезеңінде қазақстандықтардан өз беттерінше интернет арқылы санақ сайтына кіріп, тіркеуден өту сұралатын болады. Содан кейін арнайы беттегі сауалнаманы толтырып, онда жеке бас деректерін, ұялы телефонының нөмірлерін, электронды поштасының мекенжайын да көрсетуі керек.

Барлық міндетті сұрақтарға жауап берілген соң, респондент анкетаны сақтауы қажет. Осыдан кейін оның ұялы телефонына жалпыұлттық санақтан табысты өткені туралы хабарлама келіп түседі.

Интернет-санақ Статистика комитеті арнайы құрған сайтта 2019 жылғы 1-15 қараша аралығында жүрмек. Одан кейін 15-30 қараша аралығында санақшылар пәтерлерді, үйлерді, жұмыс орындарын аралауды жүзеге асырады деп жоспарлануда. Егер азамат бұдан бұрын сайтта сауалнаманы толтырған болса, қайталай сұрау жүргізілмейді.

Ел үкіметі санақшылар атын жамылып, баспаналарға қылмыскерлер мен алаяқтар еніп кетпеуі үшін науқан алдында кеңауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Бұл ретте отыз мың санақшының әрқайсысына мөрі бар тиісті құжаттар жасалады, адамдар алыстан тануы үшін олардың киім киісі де өзгеше болады. Мәселен, барлығы көк түсті жарқын мойын орауыш-шарф тағып жүреді деп белгіленген.

Еске сала кетсек, 2009 жылғы жалпыұлттық санақ қорытындысында Қазақстан халқының саны 16 миллион 96 мың адамды құрады. Оның алдындағы 1999 жылғы санақтан бері қазақстандықтардың қатары 1 миллион 28 мың адамға көбейген.

Сонымен бірге, биылдан бастап, ел үкіметі Қазақстан тұрғындарының санын электронды түрде әрі онлайн режимде анықтап отыратын "Қазақстан тұрғындары санын есептеуішті" іске қосты. Ол бойынша дәл қазір, 17 тамыз күні елімізде 18 миллион 304 мың 293 адам өмір сүруде. Оның ішінде ерлер саны 8 млн 864 мың 997, ал әйелдер саны 9 млн 439 мың 296.

Қазақ елінде әрбір 76 секундта 1 нәресте тірі туылады. Әрбір 2379 секундта 1 шетелдік адам, яғни иммигрант елге келеді. Әрбір 589 секундта 1 адам басқа елге көшіп кетеді.

Жыл басынан бері 243 420 сәби дүниеге аман-сау келген. 84 123 қазақстандық өмірден өткен. Халық санының жалпы өсімі 146 917 адамды құрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу