Жамбыл облысы күнге қол созды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
11498

ЕҚДБ "Бурное Solar-2" күн электр станциясы құрылысына 44,5 миллион доллар инвестиция құятын болды.

Жамбыл облысы күнге қол созды

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Таза технологиялар қорымен (ТТҚ) бірлесіп Жамбыл облысында қуаты 50 МВт болатын "Бурное Solar-2" күн электр станциясы құрылысын қаржыландырмақшы.  Бұған дейін іске қосылған "Бурное Solar-1" КЭС-тің қуаты 50 МВт-ты құрады. Осылайша, екі станцияны қоса алғандағы қуаттылық 100 МВт-ты құрайтын болады.

ЕҚДБ өкілдерінің айтуынша,  банк  15 жылға дейінгі мерзімге  44,5 миллион долларды құрайтын теңгелей несие ұсынып отыр.

"Мұндай ұзақмерзімдік несие қаржыны теңгемен бүгінгі таңда еліміздегі өзге қаржы көздерінен алу мүмкін емес.  ТТҚ 20 жылға дейін мерзімге 10 миллион долллар несие бермек.  Жоба құнының 80 миллион долларды құрайтын өзге бөлігін КЭС-тің болашақ меншік иелері өздері инвестициялайтын болады", – делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Аталмыш несие жөнінде  келісімге ЕҚДБ-ныың Ресей, Кавказ және Орталық Азияда энергетика және табиғи ресурстар жөніндегі директоры Аида Ситдикова және "Бурное Solar-2" бас директоры Нұрлан Қапенов, жобаны қолдау жөніндегі келісімге еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев және  ЕҚДБ энергетика және табиғи ресурстар жөніндегі басқарушы директоры  Нандита Паршад қолдарын қойды.

"Қазақстанға "Бурное" секілді жобалар аса қажет.  Мұндай жобалар  шалғайда жатқан аудандардың дамуына ықпал етіп, жаңартылатын энергияның табиғи ресурстарына Қазақстанның бай әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.  Бұл жобаға Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі шеңберінде ұйымдастырылған министрлер конференциясында  аталған аймақта таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия туралы аса маңызды пікірсайыстар өтіп жатқан тұста қол қойғанымыз қуанышты. Сәтті жүзеге асқан "Бурное Solar-1" жобасынан кейінгі бұл екінші жоба Қазақстан жаңартылатын энергия саласында жаһандық төңкерістің бір бөлшегіне айналғанын дәлелдейді", – деді Паршад ханым.

"Бурное Solar-2" жобасын осы нысанды  салған инвесторлар, яғни – "Самұрық-Қазына Юнайтед Грин Энерджи Лтд" бірлескен кәсіпорны іске асыратын болады. Аталмыш кәсіпорын Ұлыбританияда тіркелген United Green Energy Limited жеке инвестициялық компаниясы мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-тың бір бөлімшесі "Самұрық-Қазына" компаниясымен бірлесіп құрылған.

Бұған дейін нысанның екінші кезеңдегі құрылысы 2018 жылы аяқталады деп айтылған болатын. "Бурное Solar-1" және "Бурное Solar-2" күн электр станциясы бірігіп Шығыс Еуропадағы және Орталық Азиядағы ірі күн генерациясы нысандарының бірі болды. "Бурное Solar-2" жобасы ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жаңартылатын энергетиканы 200 млн долларға қаржыландыру кешенді бағдарламасы аясында іске асуда. Мұндай нысанның салынуы энергия ресурстарының балансының 70%-ы әлі  көмір болып отырған елдегі жаңартылатын энергетиканы дамытудың қарқын алып келе жатқанының куәсі. 

"Бурное Solar-1" және "Бурное Solar-2" КЭС-тің іске қосылуы көмірсутек қалдықтарын жылына 150 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл 30 МВт қуаты бар жергілікті көмірді пайдаланатын ЖЭС-тің қалдықтар көлеміне тепе-тең. 

Айта кетейік, Орталық Азиядағы 50 МВт қуаты бар ең ірі күн электр станциясы саналатын "Бурное Solar-1" 2015 жылы іске қосылған. КЭС-те 192 мың күн панелі орнатылған. 2016 жылы алынған нақты электр энергия 78,6 млн кВт/сағ болған. "Бурное" КЭС жобасына қатысты жұмыс 2014 жылы Қазақстанда жаңартылатын энегия көздерін пайдалануды қолдау туралы заң қабылданғаннан кейін басталған еді. Станция энергия тапшылығы бар Қазақстанның оңтүстігі Жамбыл облысында Батыс Еуропа- Батыс Қытай автомагистралі бойында орналасқан. 

Еуропалық қайта құру және даму банкі Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі, сондай-ақ Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізінің 35 елінің  жобасын қаржыландыратын халықаралық қаржы ұйымы болып табылады. ЕҚДБ Қазақстанға жалпы көлемі 7,3 млрд еуроның инвестициясын құйған, оның ішіндегі 1,7 млрд еуросы жаңартылатын энергетика мен ресурстар секторына тиесілі. 2016 жылы Қазақстан операциялары көлемі бойынша ЕҚДБ елдері ішінде екінші орынға шықты. Банк инвестициялардың осы қарқынын 2017 жылы да ұстап тұрмақшы.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу