Жамбылда 34 жоба жүзеге асса, суармалы алқап 53,9 мың гектарға артады

427

Жамбылда суармалы алқаптың аумағын ұлғайту үшін 34 жоба қарастырылған.

Жамбылда 34 жоба жүзеге асса, суармалы алқап 53,9 мың гектарға артады Фото: canva.com

Бұл жобалар Қордай, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Жуалы аудандарында іске асырылмақ. Жалпы құны 27,164 миллиард теңгені құрайды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға 12 мердігерлік компаниясымен 21 келісім-шарт жасалған. Жобалар іске асса, өңірде суармалы алқаптардың жалпы ауданы 53,9 мың гектарға артады.

Жалпы жоспарланған жұмыстар қалай жүруде? Атқарылған жұмыстың сапасы қандай? Кестеге сай орындалып жатыр ма? Осы сұрақтарды зерделеп көрдік.

"Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегеновтің айтуынша, 34 жоба "Жамбыл облысын суармалы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Ал ол бағдарлама "Еуропа қайта құру және даму банкі" мен Үкіметі арасындағы әріптестікті күшейту туралы келісім аясында қабылданған.

Сондай-ақ суармалы кезеңде су тапшылығы мәселесін болдырмау мақсатында Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінен "Ырғайты", Қалғұты өзенінен "Қалғұты", Байзақ ауданындағы Талас өзенінен "Ақмола" су қоймасын салу жоспарланыпты.

Үш су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді "Қазгидро" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған.

"Ақмола" су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы экологиялық сараптама порталына жүктелді. "Ырғайты" және "Қалғұты" су қоймаларын салу жұмыстары жалғасуды. Кестеген сай қазан айында аяқталуы тиіс", - дейді Ерлан Өтегенов.

Қордай ауданында жұмыс 100 пайыз орындалып, нысандар пайдалануға берілген. Ал Жуалыда дәл қазір жұмыс 90 пайызға орындалғанымен, пайдалануға беру үшін жыл соңын күту керек.

"Жамбыл ауданында жұмыс 75 пайызға орындалды. Байзақта жұмыстың 40 пайызға жуығы ғана бітті. Жыл соңына дейін 45 пайызын аяқтап, вегетациялық кезеңнен кейін қалған 20 пайызын аяқтау жоспарлануда. Меркідегі жоба келер жылға өтпелі", - деп түсіндірді маман.

Қазір өңірде "Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру-2" жобасы аясында ауданы 15,172 мың гектарды құрайтын суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және мелиоративтік жағдайын жақсарту бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр екен.

Мәселен, Шу ауданындағы 5 172 гектар суармалы жерді қалыпқа келтіру үшін "Оңжағалау" магистральдық каналының ирригациялық дренажды жобасы қайта жаңғыртылмақшы.

Сондай-ақ Қордай ауданындағы 5 000 гектарды қайта айналымға қосу үшін "Қордай-Георгиев магистралды каналына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Жамбыл ауданындағы Қапал каналына күні қарап отырған шаруалар 5 000 гектар алқапты игеруі үшін "Қапал" арнасын қалпына келтірген.

"Еуропа қайта құру және даму банкі" жобасына және Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру-2" жобасына енбей қалған су шаруашылығы жүйелері аудандардың коммуналдық меншігіне беріліп, оларды қайта қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылыпты. Қазір бұл іс жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлейтін алғашқы сатысында тұр.

"Филиалға қарасты Меркі ауданындағы жерасты суын тартуға арналған 46 ұңғыма құрылысын "Еламан" ЖШС қолға алды", - дейді Ерлан Өтегенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу