Жаңа балалар омбудсменінің жұмыс аясы белгілі болды

3215

Қазақстанның балалар омбудсмені институты өз тарихының жаңа бетін ашып отыр.

Жаңа балалар омбудсменінің жұмыс аясы белгілі болды

Елбасының өкімімен Зағипа Бәлиева Қазақстанның "Бала құқықтары жөніндегі уәкіл" қызметінен босатылды.

Әдетте, "басқа қызметіне ауысуына байланысты" деген дәйектеме қоса беріліп жатады. Бірақ Зағипа Бәлиева үшін басқа орынтақ сайлаудың қажеттілігі де жоқ: ол омбудсмен болып жүріп, Мәжіліс депутаты қызметін қоса атқарды және жоғары жалақылы сол қызметін жалғастыра береді.  

Айтқандай, балалар омбудсмені де ақысыз-пұлсыз жұмыс емес. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің желісі бойынша таратылатын миллиондаған теңге гранттар осыған "жұғысты" болып келеді. Мәселен, балаларға қатысты былайғы гранттарды айтпағанның өзінде, "Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің жұмыс жасауына қоғамдық негізде жәрдемдесу... Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін ақпараттық сүйемелдеу. Заңнаманы жетілдіруге ұсыныстар әзірлеу" бағыты бойынша 2018 жылға 17 миллион 139 мың теңге грант бөлінген.

Ал "Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің балалар мекемелеріндегі балалардың құқықтарының сақталуын тұрақты, тәуелсіз тексеруді қамтамасыз етуші мониторингтік топтары қызметін ұйымдастыру. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл есебін әзірлеу... Заңнаманы жетілдіруге ұсыныстар әзірлеу" бағыты бойынша тағы 17 миллион 139 мың теңге грант қарастырылған.

Әрине, балалар омбудсмені ретінде Зағипа Бәлиева ханым біраз іс тындырды. Дегенмен, балаларға қатысты дау-жанжалдар бұл салада қордаланған түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылмағанын көрсетті.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баланың зорлануына қатысты оқиға шешімін таппай, ушыға келе, жоғарыға дейін жетіп, еліміздің Қауіпсіздік кеңесі отырысында қаралған. Бұл туралы биылғы жылдың 1 маусымында өткен "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жария етті.

"Мемлекеттік қызметке лайықты адамдардың келуі және лайықты түрде ілгерілетілуі үшін кез келген субъективизмді жою қажет. Бұдан басқаша болмауға да тиіс. Жария түрде де айта аламын. Кеше Қауіпсіздік кеңесінде де айтқан едім. Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары баланы зорлаған. Соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім кінәліні таба алмады, кінәсін дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде кінәлі жақтың туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстары толған. Барлығы бұл істі жабуға тырысып бақты", – деп кейіді мемлекет басшысы.  

Жергілікті ақпарат құралдары хабарлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында мектептің 1-сынып оқушысын өзінен 7-8 жас үлкен төрт бала бес ай бойы зорлап келген деп айып тағылған болатын. Жәбірленген бала көрген қорлығы туралы туыстарына тек былтыр тамыз айында ашып айта алған. Содан бері жеткіншектің әжесі полицейлерге бірнеше рет арызданғанымен, тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдапты. Осыдан кейін іске қоғам белсенділері араласқан соң ғана іс ілгері жылжыған.

Ал жақында қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері мемлекет басшысының атына хат жолдаған. Хаттың мәтінін әлеуметтік желідегі өз парақшасында Аружан Саин жария етті. Онда белсенділер балалар омбудсмені Зағипа Бәлиеваны қызметінен алып тастауды сұраған. Хатта омбудсменнің оңтүстікқазақстандық баланың "құқығын өрескел бұзғандығы" айтылған. Хатқа қолдарын қойған Анар Рахимбаева, Аружан Саин, көпбалалы әке Мұрат Қабылбаев, Эдуард Ким, Марианна Гурина және басқалар сол кездегі Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің "балалар үйлерінің сақталуын табанды қорғай жүріп, балалардың отбасыда тұру және тәрбиелену құқығын бұзатынын" атап өтеді. 

Үкіметтік емес ұйымдар сонымен бірге балалар омбудсменінің ҮЕҰ-ларды балалар үйлеріне жібермеу керек деген ұсынысына да наразылық танытты.

Қалай болғанда, енді Зағипа Бәлиеваның пікірлері мен ұсыныстары "Бала құқықтары жөніндегі уәкіл" институтына және оның беделіне еш қатысты болмайды.

Мемлекет басшысының 12 маусымдағы өкімімен Сәуле Айтпаева "Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл" қызметіне тағайындалды.

Сәуле Мұханбедианқызына балалар тақырыбы еш таңсық емес. Бас прокуратурада құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы болған кезде де, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының бірінші орынбасары ретінде де отбасы мен балаларды қорғау мәселелерімен шұғылданды. Тіпті әрі бармай-ақ, сенатор ретінде Сәуле Айтпаева жақында, 2018 жылғы 15 ақпанда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауалмен қайырылып, балиғат жасқа толмағандардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді

"Ресми мәліметке жүгінсек, биылғы жылғы бір жарым ай ішінде ғана кәмелетке толмағандарға қарсы 267 қылмыс жасалыпты, оның ішінде 71-і ауыр, ал 21-і аса ауыр. Үш бала өлтірілген, 24 жағдайда олардың денсаулығына ауыр және орташа ауыр зақым келген, он екісі зорланған, жетеуі сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрген, 16 жасқа толмаған 57 баламен жыныстық қатынас жасалған, екеуі проституциямен айналысуға тартылған. Кәмелетке толмағандарға қатысты тонау, қарақшылық жасалады, оларды азаптайды, қауіп-қатермен жалғыз қалдырады, тәрбиелеу бойынша міндеттер орындалмайды. 14 бала өздеріне өздері қол жұмсаған. Жүзден астамы заң бұзған", – деп сенатор Сәуле Айтпаева жалғыз депутаттық сауалда балаларды қорғау саласында қалыптасқан күрделі мәселелердің ауқымын қамтыды және қажетті шараларды межеледі.    

Осылардың жойылуына енді өзі де жауапкершілік арқалайды.

Жаңа омбудсмен болашақ ұрпаққа алаңдайды. Оның мәліметінше, 2015-2017 жылдар аралығында Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге қарсы 8439 қылмыс жасалған. Балалардың қылмыстылығы да артуда.

"Тәрбиелік түзеу мекемелеріндегі тұлғалардың елеулі бөлігі мейірімділік, аяушылық, инабаттылық, пәктік, сыпайылық, адалдық және жауапкершілік сияқты ұғымдардың мәнін түсінбейді. Кәмелетке толмағандардың еш себеп-мотивсіз қылмыс жасау фактілері бар, олар бұған қызық үшін, қылмыс процесінен ләззаттану үшін барады. Бұл олардың рухани құлдырағанын және адамгершілік деградацияға ұшырағанының көрінісі болып табылады. Бұл үлкен алаңдаушылық туғызып, алдын алушы іс-қимылдарға ұмтылдыруға тиіс. 2020-2030 жылдары осы ұрпақ Қазақстанның тізгінін өз қолына алады ғой. Бұл біздің адами капиталымыз! Ендеше олардың қалай өсіп келе жатқанына бей-жай қала алмаймыз", – дейді Сәуле Айтпаева.   

Жаңа балалар омбудсмені 1960 жылы 22 мамырда Торғай облысының Жақсы ауылында дүниеге келген. Ошақ құтын сақтаған әйел, екі баланың анасы. Еңбек жолын 1977 жылы Жақсы аудандық прокуратурасы кеңсесінің меңгерушісі лауазымынан бастаған. Ол прокуратура құрылымдарында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етті. Тек 2017 жылдың 25 қаңтарында Президенттің өкімімен Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы қызметінен босатылып, былтырғы шілдеде Сенат депутаты болып тағайындалды.

Сәуле Айтпаева тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш әйел генерал болып табылады. 2013 жылғы 6 мамырда, "Отан қорғаушылар күні" қарсаңында Ақордада жоғары әскери және арнайы атақтар тапсырған Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихында "генерал" әскери шенін алған алғашқы қазақ қызы пайда болғанын жариялады. Және Сәуле Айтпаеваға әскери ерекшелік белгісін – погонды өз қолымен табыстады.

Ол сондай-ақ ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Ерен еңбегі үшін", "Астанаға 10 жыл" медальдарымен марапатталған.

Сондай-ақ, ақпарат құралдары Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі ретінде оның ою-өрнек секілді құндылықтарымыз патенттелмегендіктен, кім-көрінгеннің қанжығасында кетіп жатқанын мәселе етіп көтергенін жазды.

"Есімі әлемге бейгілі модельер Зайцев дәстүрлі қазақ ұлттық символдарының элементтерін өз киімдерінде кеңінен пайдалануда. Нәтижесінде оюлар Францияның, Америка Құрама Штаттарының және Италияның игілігіне, құндылығына айналуда. Өйткені бұл елдер сән саласының заң шығарушылары болып табылады", – депті Сәуле Айтпаева 2016 жылғы 12 сәуірде өткен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бизнес форумда.

Жаңа омбудсменге халық көп үміт артып отыр. Өйткені бала ата-ананың ғана емес, мемлекеттің "бауыр еті". Ұлттың саулығы да соларға байланысты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу