Жаңа қаржы министрі белгілі болды

Мәжіліс еліміздің жаңа бас қаржыгерінің кандидатурасына келісім берді.

18 Қыркүйек 2018 14:45 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Жаңа қаржы министрі белгілі болды, Қаржы министрі, Үкімет , парламент,Әлихан Смайылов

Палатаның қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтіп, онда Қазақстанның қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылған кандидатура қалаулылардың келісімінен өтті. Үкіметтің құрамындағы министрлерді тағайындауға қалаулылардың келісімін алу «Қазақстан Республикасы парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңның 22-1-бабында бекітілген. Бұл кейінгі жүрген конституциялық реформаның нәтижесі.

Комитет отырысында негізгі баяндамашы ретінде премьер-министр кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов сөз сөйледі. Ол мәжіліс депутаттарына қайырылып, Қазақстанның үкімет басшысы қаржы министрі лауазымына тағайындау бойынша кеңес-консультациялар өткізу үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын енгізетінін мәлім етті.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Әлихан Смайыловқа бірқатар сұрақтар қойып, өз талап-тілектерін айтты. Әлихан Асханұлы қаржы министрі ретінде салықтар мен бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға басты назар аударатынын мәлімдеді. Сондай-ақ бюджет қаржыларын шығындауға бақылауды арттыру шараларын қабылдауға, қазіргі кезде бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың ақырғы нәтижелеріне қол жеткізуіне де баса мән бермек. 

Комитет отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан парламенті мәжілісінің қаржы және бюджет комитеті Қазақстан Республикасының премьер-министрі ұсынған Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын қарап, аталған кандидатураны Қазақстанның қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді» деген құптау шешім шығарды.

Осыдан кейін депутаттар кандидатқа қаржы министрі есебіндегі алдағы  жұмысына табыс тіледі.

Бақыт Көмекбайұлы