Жаңа салық кодексі көлік иелерін баж салығынан босатты

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
6144

2018 жыл көлік жүргізушілері үшін жағымды жаңалықпен басталды.

Жаңа салық кодексі көлік иелерін баж салығынан босатты

Біріншіден, елімізде көлік құралдарын тіркеудің ережесі өзгерді. Екіншіден, бірқатар айыппұлдардың көлемі азайды. Үшіншіден, темір тұлпарлардың мемлекеттік нөміріне көлік иелерінің атын жазу ұсынылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша: "Мемлекеттік нөмірді қайта алу кезінде баж салығын екінші рет төлемеу үшін, (2018 жылдан бастап жыл сайынғы АЕК көлемінің өсуіне байланысты 6 798 теңге) агенттіктің нұсқауымен салық кодексіне өзгертулермен толықтырулар енгізілді... ".

Нәтижесінде жаңа құжат көлік иелерін артық шығыннан босатты.

Осыған дейін көлік иелері автокөліктерін есептен шығарған кезде қайта тіркелген көлікте бұрынғы мемлекеттік нөмірін қалдыру үшін 2,8 АЕК көлемінде баж салығын қайта төлейтін. Бұл талапты ішкі істер министрлігі мен арнайы ХҚО қатар қоятын.

Агенттіктегілердің айтуынша, бір жылда орташа есеппен 11 мыңға жуық азамат 63 млн теңге мемлекеттік баж салығын төлеп, мемлекеттік нөмірлерін  өздерінде қалдыруға өтінім береді. Биылға дейін автокөлік иелері жоғалған немесе жарамсыз болып қалған мемлекеттік нөмірлерге де мемлекеттік баж салығын төлеуге немесе көлік құралын қайта тіркеуге міндетті болған.

"Мемлекеттік нөмірлердің көшірмесін жасау үшін орташа есеппен жылына 1,9 мың азамат 11 млн теңге қаржы жұмсап жүрді. Жаңа салық кодексі бойынша қосымша шығындарды қысқарту мақсатында бұдан былай автокөлік иелері мемлекеттік нөмірге 6 798 теңгенің орнына 3 399 теңге төлейтін болды", – деп ақпарат таратты мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Өткен жылдың 28 желтоқсанында мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Соған сәйкес жол ережелерінің бұзылуына қатысты 22 түрлі айыппұлдың көлемі азайтылды.

ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Нұрсейіт Әбішев мәлімдегендей, жаңа заң бойынша шекті жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға асырған жүргізуші бұрынғыдай 10 емес, 5 АЕК-пен жазаланатын болды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көлігін қойып кеткен он екі мүшесі сау азаматтар осыған дейінгідей 120 мың емес, 22 мың теңге төлеуге міндеттелді.

"Жол полициясы қызметкерлерінің талабына бағынбай, қасақана қашқан жүргізушілер былтырға дейін 1 жыл көлік құралын басқару құқығынан айырылатын. Жаңа заң жазаның дәл осы түрін 6 айға қысқартты және  жүргізушіні бюджетке 68 мың теңге төлеуге міндеттеді.

Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша, бір жыл темір тұлпарын тізгіндей алмайтын. Жаңа заң жазаны жұмсартып, 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұлға ауыстырды", – деді Нұрсейіт Әбішев.

Оның айтуынша, кодекске сәйкес, жол жүру ережесін бұзған адам өзіне салынған айыппұлды 7 күннің ішінде төлесе, бұрынғыдай 50%-дық жеңілдікке ие болады.

Көлігінің шамын күндіз жақпаған жүргізушілерге ескерту жасалады. Егер ереже бұзу қайталанатын болса, жүргізуші 7 мың теңге айыппұл арқалайды.

Бұл үкімет жол жүру ережесін бұзатын көлік жүргізушілерге жеңілдік жасап отыр, бұдан былай жол жүру ережесін өрескел бұзғандар ғана қатаң жазаланады, ұсақ ереже бұзғандар тәртіпке шақырылады дегенді білдіреді.

Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев ақысын төлеген жүргізушілерге шет мемлекеттердегідей темір тұлпарларының мемлекеттік нөмірінің орнына өздерінің есімін жазу мәселесін көтерді. Бұл бастама елден ерекшеленуді қалайтын жандарды желпіндіріп тастады.

"Бізде де автокөлігінің мемлекеттік нөміріне есімін жазып алғысы келетін байлар бар. Неге қолданысқа осыны енгізбеске? Нөмірдің бағасын бюджетке қомақты қаржы түсетіндей көлемді етіп қояйық. Ертеңгісін атын жазып алып жүретін адам болса, жүре берсін", – деді Омархан Өксікбаев.

Оның сөзінше, мемлекеттік нөмірдің орнына адамның аты мен көліктің қай аймақта тіркелгенін нақтылайтын белгі болса жеткілікті.

Халық қалаулысы машинасына өз есімін жазу артықшылығына ие болғысы келген көлік иесінен 500 мың теңге алынса құба-құп екенін айтты.

"Бұдан қазынаға қосымша табыс түседі", – деп қорытты ойын депутат.

Естеріңізге сала кетейік, үкімет 2015 жылы қымбат нөмірлерді ашық саудалауды заңдастырды. Ал өткен жылы ішкі істер министрлігі халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 15 мың 760 vip-нөмір сатып, қазынаға 5 жарым млрд теңге түсірді. 001, 009 және 777 деген нөмірлер 517 мың теңгеден сатылды. Осы сандардың қасына аты-жөндерінің алғашқы әріптерін орналастыруды сұраған көлік жүргізушілері үкіметке 646 мың теңге төледі. Ал 100, 200, 300 деген нөмірлер 300 мың теңгеден саудаланды.

Біле жүріңіз, 2008 жылы БАӘ-де кәсіпкер 14 млн долларға мемлекеттік нөмір сатып алса, 2014 жылы Ұлыбритания азаматы өзінің есімін білдіретін F1 мемлекеттік нөмірін иемдену үшін 10 млн доллар жұмсаған. Ал 2016 жылы Қырғызстанда 777 ААА деген мемлекеттік нөмір онлайн-аукцион арқылы 25 мың АҚШ долларына сатылған.

Қазақстанда әдемі нөмірлер аукцион арқылы саудаланбайды. Десекте елден ерекшеленгісі келетін жүргізушілердің қалтасы қағылады. Әдемі нөмір мен әдемі сериялық әріпке ие болғысы келген адамдар бюджетке 646 мың теңге төлейді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу